Жыл басынан бері 700-ге жуық түркістандық тіл курстарын аяқтаған

Түркістанда мемлекеттік тіл қалай насихатталатыны көзі қарақты оқырман қауымға қызықтырақ. Киелі шаһардың бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарын Түркістан қалалық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі атқарып келеді. Аталған мекеме 2011 жылғы 22 тамызда Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл саясатын іске асыру және қазақстандықтардың тілдік әлеуетін арттыру жөніндегі бастамаларды жүзеге асыру мақсатында өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінде орталықтың қызметі нақты айқындалған миссияға, мақсат-міндеттерге және стратегиялық даму жоспарына негізделіп қала тұрғындарының игілігіне қызмет етуде. Негізгі миссиясы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, қазақстандықтардың тілдік құзыреттілігін дамыту және көптілді қоғам қалыптастыруға үлес қосуға бағытталған.

Орталық Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асыру аясында қала тұрғындарына қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқытады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Түркістан қаласының халқы 246 965 адамды құрайды. Оның ішінде 18-63 жас аралығындағы әрбір қала тұрғыны тілдік курстарға қатысып, өз білімін жетілдіруге мүмкіндік алады. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 82,7 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында орталықта түрлі деңгейдегі тіл курстары, тілдік клубтар және танымдық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Орталықтың тілдік курстарына бірқатар мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің қызметкерлері қатысып, тілдік білімдерін жетілдірді. Атап айтқанда, Иззатуллаев атындағы жалпы білім беретін мектептің, «Әлия» бөбекжай-бақшасының, Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Қысқы спорт түрлерінен Түркістан спорт клубының, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің, «Талғат» емханасы ЖШС-нің және басқа да мекемелердің қызметкерлері тілдік курстардан өтті. Жалпы, жыл басынан бері 700-ге жуық тыңдаушы мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдері бойынша оқу курстарын аяқтап, оқу бағдарламасын сәтті меңгергені үшін белгіленген үлгідегі сертификаттарға ие болды. Бұл жұмыстар қала тұрғындарының тілдік сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және көптілділікті дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі болып саналады.