ЖОҒАРҒЫ БИЛІК – ЖҰРТ ЖАҒЫНДА

Көпшіліктің көңілінен шыққан аталмыш референдумды жұрт жақтады, халық қолдады. Десек те, одан күтілетін нәтиже һәм басқа да өзекке теппес өзгерістер көп ұзамай, өз жемісін беріп, шындық пен әділдікті аңсаған халық оның бал шырынын барынша жұтуы заңдылық емес пе!?


Міне, осы орайда, сәрсенбінің сәтті күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті және Меркі ауданы әкімдігінің мемлекеттік қызмет саласы бірлесіп, ауқымды іс-шаралар тізбегін өткізді.


Алдымен, жоғарыда аталған департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Гүлназ Смағұлова аудан әкімі аппараты персоналды басқару қызметі бөлімшесінің басшысы Нұргелді Сұраншиев пен ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринат Жантаевпен бірлесіп, аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында ауданымыздағы этномәдени орталықтардың жетекшілерімен кездесу өткізіп, ашық сұхбат құрды. Онда, әсіресе, жастардың, оның ішінде, елімізді мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің Жаңа Қазақстанға лайық келетін патриоттық сезімдерін барынша оятып, олардың арасындағы белсенді топ мүшелерін мемлекеттік қызметке тарту мәселелері талқыланып, көпшілік өздерін мазалаған ойларымен бөлісті.
Осы тақырыпты қамтыған кеңейтілген жиын Сарымолдаев ауылдық округінде орналасқан №9 мектептің акт залында да болып өтті. Алдын ала халыққа хабарланып, жұрт құлағдар болған жайт – «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында, аудан әкімдігі жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен, 8-маусым күні сағат 11:00-де аудандық Мәдениет үйі алдында өтетін, 100-ден аса түрлі жұмысқа тұрғындарды орналастыруды мақсат еткен «Бос жұмыс орындары туралы жәрмеңке» екенін білгенбіз. Міне, ауданымызға жасаған арнайы іс-сапары осы аталған жәрмеңке жұмысына дөп келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Зарина Уразбекова аталған жәрмеңкеге қатысып, өзінің саласы бойынша қабылдаулар өткізді. З.Уразбекова мен Г.Смағұлова күннің екінші жартысында аудан әкімі аппаратының, аудан әкімдігі бөлімдері мен ауылдық округтер әкімі аппараттарының мемлекеттік қызметшілерімен де кездесу өткізіп, түйіткілді мәселелер, оның ішінде, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі мен мәртебесі туралы келелі сөз өрбітіп, бірқатар сұрақ-сауалдарға жауап берісті.
Аталған департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Саят Төлепбергенов, алдымен, №44 ЖОББ мектебі оқушыларымен ашық форматта сұхбат құрса, одан кейін №9 Меркі колледжі мен А.Асқаров атындағы  экономика және құрылыс колледжінің білімгерлерімен кездесіп, жастар арасындағы түйіткілді мәселелерді бірлесе ортаға салып, болашақта мемлекеттік қызметке орналасудың мән-жайын түсіндірді.

Әлихан  Нұралиев,
«Меркі  тынысы».