ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛЫП КЕЛЕДІ

 

Қазақстан Республикасының Конституциясында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық»,-деп жазылған. Сондықтанда халықтың денсаулығы жақсы болуы үшін медицина саласы қызметкерлеріне артылар міндетте жоғары.
Ал олардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін аудандағы аурухана, емхана, жергілікті жерлердегі дәрігерлік амбулатория, медициналық, фельдшерлік-акушерлік тіректер ғимараттары, ондағы қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер талапқа сай болуы керектігі айтпаса да түсінікті. Ал тәжірибелі, өз ісіне тиянақты кадр мәселесі өз алдына бөлек әңгіме. Дегенмен аудандағы орталық аурухана ғимаратының ескі, талапқа сай келмеуі, ал емхананың кезінде өз мақсатында соғылмағаны, бүгінгі тарлығы туралы

көптен бері айтылып келеді.
Биылғы жылы аудан орталығынан жаңа емхана салу үшін 4 850 851 000 теңге қаралып, Сарыкемер ауылы мен Қостөбе ауылы аралығындағы тас жолдың бойынан 3 гектар жер бөлінген еді. Ерте көктемде Қуат Баққараев басқаратын «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысшылары жалпы құны 4 430 950 000 теңгелік жертөлесі бар 3 қабатты аусымына 250 адамды қабылдайтын емхана құрылысын бастап кеткен еді. Аталған құрылысқа тапсырыс беруші Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы болғандықтан аталған басқарманың маманы Н. Мұратов пен техникалық қадағалаушы «Мегалиты Алматы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі жұмысты күнделікті қадағалауда. Сондықтанда болса керек бүгінде құрылыс алаңында жұмыс қыза түскен. Дәлірек айтқанда ұзындығы 118,4,  ені 14,4 метр болатын нысанның бірінші қабатының төбесі жабылуда. Сондай-ақ бірінші қабаттағы бөлмелер тиісінше бөлінуде.

 


— Біз жұмысты биылғы жылдың 1 сәуірі күні бастадық. Жұмыс бірқалыпты, кестеге сай жүруде. Жұмысқа барлығы 70 адам тартылған. Олардың барлығы да Байзақ ауданынан болса, оның ішінде 21 адам аудандық Жұмыспен қамту орталығы мекемесі жолдамасымен қабылданды. Аптасына алты күн жұмыс істейтін олардың орташа алғанда айлық жалақысы 100-150 мың теңге аралығында. Жұмыс түрлеріне қарай оданда көп айлық алатындар бар. Жұмысшылар үшін арнайы асхана ұйымдастырылып, осында қонатындарға жатар орын дайындалып қойылған. Біз құрылысты өз мезгілінде аяқтаумен бірге оның сапасына да баса назар аударып отырмыз,-дейді учаске бастығы Исмаил Купяшаров.
— Біздің құрылыс материалдарымыздың 99,9 пайызы қазақстандық. Оның ішінде кірпіш осы ауданның Түймекент ауылынан алынып жатса, құм Жамбыл ауданының Жұма ауылынан тасылуда. Шағал тастарды да осы аудан аумағынан алып жатырмыз. Сол секілді газоблок Алматы, арматуралар Қарағанды қаласынан жеткізілуде. Емханамен қоса 720 шаршы метр жерге жер асты жертөлесімен зертхана да қатар салынуда. Құрылыс толықтай біткеннен кейін 2 756 157 000 теңгеге емхананың құрал-жабдықтары алынатын болады,-деп серіктестік өкілі Бағлан Дәненов сөзге араласты.


Біз құрылыс алаңында болғанымызда 2 үлкен автокран ауыр-ауыр темірлерді жоғары қабатқа көтеріп жатты. Ал құрылысшылар болса сол темірлермен бірінші қабатты жауып жатса, дәнекерлеу жұмыстары да қатар жүруде. Жердегі құрылысшылар болса қажетті арматураларды өлшеп, кесуде. Екі құм тиегіш техникалар арқылы тиелген құм, шағал тастарды 2 автомашина тасып үлгеруде. Басқа да техникалар қарап тұрмай механизаторлар өздеріне тиесілі жұмысты атқарып, ғимараттың мезгілінде сапалы аяқталуына өз үлестерін қосуда. Құрылыс алаңында бос жүрген адам кездеспейді. Құрылыс 1 сәуір күні басталса, оның бітуі 31 желтоқсанда деп белгіленген екен.
Бір сөзбен айтқанда мұнда құрылыс қарқын алған. Ал бұған қарағанда құрылысшылардың аудан халқы көптен күткен астында жертөлесі бар 3 қабатты әсем емхананы зертханасымен қоса өз мезгілінен бұрын пайдалануға беретіндеріне сенуге болады.

Сүндетулла Абылашұлы. Байзақ ауданы