ЖИ һәм ҚАЗАҚСТАН

 

Үш ғасырға жуық жан берісіп, жан алысқан алапат күрестен кейін азаттығымызды алып, тәуелсіз Қазақстанды жасадық. Алаш арысы Халел Досмұхамедов: «Ұлт мемлекетін жасап, қазақ арасынан әлеуметшілікті туғызамыз деген дәуірде тұрмыз. Әлеуметшіліксіз қазақта ұлт тіршілігі, ұлт мемлекеті болуы мүмкін емес»,-деп жазады.

Ол кез бен бұл кездің айырмасы не? «Қазақтың қажетіне жараймыз» деген тілекті алдыға тартқан топтың, сұрапыл заманның сұмдығын өткеріп, қар кешіп, мұз жастанса да азаттық үшін арда басын бәйгеге тіккен азаматтардың арманы – ұлттық иммунитет қалыптастыру, мықты мемлетті құру еді. Міне, бұл бүгінгі күннің де басты міндеті!

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне көлемді сұхбат беріп, елдің ішкі һәм сыртқы саясатына қатысты маңызды мәселелерге тоқталды. Соның ішінде ЖИ туралы айтқанына тоқталайық:

Президент: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін», — деді.

Жалпы сарапшылар: «2026 жылы әлемдік экономиканың қарқынды өсуіне ЖИ үлкен ықпал ететін болады. Инвестиция да осы саладағы жобаларға көбірек салынады, яғни ЖИ бастамаларға қаржы құю артады», — деп болжайды.

Қазір ЖИ бағытындағы негізші алыптар – АҚШ пен Қытай. Дейтұра, өзгелер де бұл доданың көшіне ілесіп бағуда. Жалпы 2030 жылға қарай ЖИ әлемдік ішкі жалпы өнімнің шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді, ал 2027 жылға қарай жаһандық ЖИ нарығының көлемі 400 миллиард доллардан асады деген болжам бар.

Әлбетте, мұндай процесстен Қазақстан да шет қалмақ емес. Президент 2026 жылды «ЖИ және цифрландыру жылы» деп жарияуы да осы, міне.

Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттыру үшін цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. ІТ-стартаптарды қолдау жылдан-жылға қарқын алуда. 2000 компанияның басын қосқан «Astana Hub» инновациялық кластері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты 1 млрд долларға жуықтаған. Цифрлық активтерге арналған «CryptoCity» пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын «Alatau city» қаласының құрылысы басталды. Былтыр мамыр айында Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастады. Қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды, жаңа заң жақында күшіне енеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды. Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылмақ.

Біз қаласақ та, қаламасақ та жасанды интеллект өміріміздің барлық салаларына тереңдей енетін болады. Бұл ғалам дамуына тән заңдылық. Дегенмен әр ел осы даму үрдісін өзінің ұлттық мүддесіне қарай ыңғайлап жатыр. Өйткені ЖИ деген бір қарағанда жансыз, рухсыз, цифрландырумен ғана байланысты дүние сияқты көрінгенімен оның ұлттың ұлт ретінде дамуына да әсері орасан болғалы тұр.