«Жерлестеріме жеңіс сыйлау үшін барымды саламын»

Жуырда жерлесіміз, белгілі былғары қолғап шебері Фируза Шарипованың абсолютті әлем чемпионы Рут Чисейлге қарсы реваншқа мүмкіндік алғаны белгілі болды. Қос бұрымдының арасындағы айтулы жекпе-жек 20 мамыр күні Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өтпек.

Бұл күні WBC Silver атағы сарапқа салынатын болады. Жамбылдық спортшы кәсіби мансабындағы кезекті кездесуіне орай шаһарымыздағы «MART» сауда ойын-сауық орталығының фойесінде баспасөз мәслихатын өткізді.

Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиынға боксшының менеджері Сергей Завилейский мен аталған басқарманың басшысы Арман Ташметов қатысты.

Басқосу барысында алғаш болып сөз алған Арман Бақытжанұлы әуелі өңір спортшыларының ел абыройын көтеру жолында жеткен жетістіктері мен мол табыстарына қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, жергілікті билік әуесқой спортшылармен қатар, кәсіби боксшыларға да мүмкіндігінше қолдау көрсетіп келеді.

Бұдан кейін сөз алған Сергей Константинович Тараз төрінде мұндай жарыстың өтуі көңілде мақтаныш сезімін ұялатқанымен, шәкіртіне артылған міндет жүгі ауыр екенін жеткізді. Ол өз сөзінде біздің боксшы бұл жекпе-жекке тыңғылықты дайындалғанын әрі жеңіске жету жолында барын салатынына сенім білдірді. Ал, Фируза Фахритдинқызы бұл кездесудің Жамбыл боксы тарихындағы маңызды оқиға екенін атап өтті.

Сондай-ақ, ол көңіл-күйінің жақсы екенін, сәтін салса жерлестерін қуантатынын айтып, медиа жиынға қатысқан жанкүйерлеріне алғысын жеткізді. Айта кетейік, бұл күні баспасөз конференциясына арнайы келген тараздықтар боксшыдан қолтаңба алу, естелікке суретке түсу және жақынырақ сөйлесу мүмкіндігіне ие болды.

Еске салсақ, Фируза Шарипова өткен жылдың желтоқсан айында төрешілердің шешімімен ирландиялық Кэти Тейлорден жеңіліс тапқан еді. Англияның Ливерпуль қаласында өткен кездесуде жеңіл салмақтағы абсолютті әлем чемпион атағы бәске тігілді.

Жалпы, 2016 жылдан бері кәсіпқой бокста өнер көрсететін жамбылдық спортшы өз мансабында 17 рет кездесу өткізген. Оның 15-інде жеңіс тұғырына көтерілсе, 2 рет қарсыластарына жол берді. Ал, Малави чемпионы Рут Чисейлдің қоржынында 12 жеңіс бар. Ол кәсіпқой рингке 14 рет көтеріліп, бүгінде әлем бойынша әйелдер боксында көш бастап тұр. Оның соңғы жекпе-жегі былтыр желтоқсан айында өтіп, онда Рут қарсыласын нокаутқа түсірген еді.

Есен ӨТЕУЛІ, aqjolgazet.kz