Сауапты амал абыройға жетелейді

Қазіргі таңда қымбатшылықтың әсері қарапайым тұрғындарға оңай болып тұрған жоқ. Азық-түліктің де бағасы қымбат. Киім-кешектің жағдайы өз алдына бір мәселе. Өзге де қажеттіліктер тиісті деңгейде қаражат талап етеді. Алайда, іс қылып, тіршілік жасап, көпшілік Құдай берген ырзық-несібесін тауып жүр…

Десе де, пайданы ғана емес, сауапты да ойлап, жұртшылыққа қайырым жасап, қол ұшын созатын жаны ізгі азаматтар да бар. Солардың бірі – Тараз бенен Қаратау арасына жолаушыларды тегін тасымалдап жүрген Ғабит Арғынбек. Қаратау қаласында тұратын Ғабит тұрақты түрде жолаушы тасумен айналыспайды. «Ақсай» кенішінде диспетчер болып ауысыммен еңбек етеді. Жұмыстан демалатын күндерінде кәсіппен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, өз табысы өзіне жететін жігіт.

Сенбі және жексенбі күндері Қаратау – Тараз, Тараз – Қаратау бағытына жолаушыларды тегін тасымалдап жүр. Бұл дегеніңіз өзге азаматтарға үлгі іс. Бұл бастама қаншама адамға қуаныш сыйлайды десеңізші! Жүз шақырым жерге тегін жетіп қалғанның ризашылығы бір бөлек те, жүрегі мейірімге толы, көңілі қанағатқа толы кісілердің өмірде бар екенін білудің өзі үлкен қуаныш.

Дүниенің түбіне ешкім жетпейді. Кей кезде қайырымдылық жасаудан да адамның алатын ләззаты мол. «Рамазан айы – қайырымдылық айы. Мен ораза емес кезде де осы жұмысымды атқарып жүрмін. Адамдарды тегін тасып, жолаушыларды қуантқан сайын бойымды ризашылық, жақсы сезім билейді. Көпшіліктен алғыс алған қандай жақсы. Өмірде ақшадан да маңызды нәрселер бар», дейді Ғабит Арғынбек.

Бүгінгі таңда Тараз бен Қаратау арасына қатынау үшін такси бағасы 1500 теңге. Ал, алыс ауылдарға әр адамға 2-3 мың теңге жолақысы белгіленген. Бұл баға қалтаға біраз салмақ салады. Ауыл жаққа барған сайын ауылдас такси жүргізушілерге «Сіздер осы көпшіліктің арқасында нәпақа тауып жүрсіздер. Тіпті, айына бір күн болса да адамдарды тегін тасып қойсаңыздар болады.

Ақсақалдар мен көпбалалы аналарға елу пайыз жеңілдік жасауға да болады», деп өтінуші едік. Олар біздің ойымызбен аса келіспейтін. Ал, апта сайын жолаушыларды 100 шақырым қашықтыққа қабақ шытпай тегін жеткізіп жүрген Ғабит Арғынбектің ісі құрметтеуге тұрарлық.

Есет ДОСАЛЫ, aqjolgazet.kz