Железин ауданында балабақша жөндеуден өтті

Биыл Павлодар облысының Железин ауданына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 383 млн. 683 мың теңге көлемінде қаражат бөлініп, төрт нысанға жөндеу жұмысы жүргізілді.

Аталмыш мемлекеттік бағдарламаның шарапатын аудан орталығындағы «Балапан» бөбекжайы да көрді. Мектеп алды білім беру мекемесі 2011 жылы бой көтерген. Қазіргі күні 100-ге жуық бала тәрбиеленеді. Нысанды күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 25 млн. теңге бағытталған. Бұған ғимараттың сыртқы қасбеті жаңартылып, есік-терезелері ауыстырылған. Соның нәтижесінде нысанның ішкі температурасы бұрын 20-21 градус болса, қазір 24-25 градусқа көтерілген. Бөлінген қаражаттан үнемделген 3 млн. теңгеге аулаға ойын алаңы орнатылған.

Биыл Железин ауданы орталығындағы жолдар мәселесі де біржола шешімін тапты. Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында ауыл ішіндегі сапасы сын көтермейтін 15 көшеге асфальт төселді. Железин ауылдық округі əкімінің орынбасары Бекет Байгереевтің сөзінше, жөнделген жолдардың жалпы ұзындығы 11,3 шақырым. Күрделі жөндеуден өткен көшелердің бойына 56 жол белгісі, 20 дренажды құбыр орнатылды. Сонымен қатар, адам көп жүретін әлеуметтік нысандардың тұсына, 20 нүктеге жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Жоба құны 207 миллион теңгені құрады.

Келесі жылы тағы 10 көшеге, яғни 8 шақырым жолды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаты әзірленген. Осы жобаны жүзеге асыру үшін тағы 170 млн. теңге көлемінде қаражат керек болады.

Тілеуберді Сахаба

Суретке түсірген – Серік Қапаров.