Желбірей бер, Тәуелсіздік байрағы!
Тәуелсіздік-ұлы мұрат, шын ұққанға зор мәртебе. Тәуелсіздік-қан мен терін аямаған қазақтың кешкен азабының өтеуі. Ата-бабамыз аңсап, ерекше ықыласпен күткен еркіндік, бостандық таңы. Иә, қазағым тәуелсіз ел болу үшін қаншама азап пен мазаққа шыдады. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!»деп Абай айтқандай, қайран қаһарман ел, алпауыт халық түрлі сынақты көтере білді.
Тәуелсіздік жолында еш аянбады, өмір ағынындағы түрлі бұралаң-белестер мен қиындықтардан еш сағы сынбады. Қайта, керісінше, қайсар мінезі шыңдала берді. Қаншама өрімдей жасөспірімдер қанаты қайырылса да намысын жерге таптатпай, еңселерін биік ұстады. Бірақ, сырын сыртқа шығармай, шерін тарқата алмай іштен тынды. Неткен қайтпас қайсар, өр рухты биік халық. Таспен атқанды аспен атып, әрбір жамандыққа жақсылықпен жауап қатты. Мұндай ержүрек халықтың тарихымен сусындаған өскелең жас ұрпақ мол үлгі-өнеге алары сөзсіз.
1991 жылы Қазақ елі егемендікке қол жеткізіп, өз алдына тәуелсіз мемлекет атанды. Мұндай қиындықпен келген азаттықты бағалауымыз керек. Иә, тәуелсіз, дербес Қазақстанның ұландары-арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты. Мемлекетіміздің тағдыры мен болашағы енді жастардың қолында. Жастар неғұрлым жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, білімпаз болса-соғұрлым алтын бесік еліміздің көркеюі арта бермек.
2021 жылдың 17 қарашасында ZOOM бағдарламасы арқылы Алматы қаласындағы Халықаралық Білім беру Корпорациясының 1, 2 және 4 курс студенттерінің қатысуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған ««Желбірей бер, Тәуелсіздік байрағы» атты өлеңдер конкурсы өткізілді. Болашақ сәулетшілерге, аудармашыларға, байланысшылар мен инженерлерге тәуелсіздік мерекесінің маңыздылығы айтылды, ел тарихынан сыр шертетін видеолар көрсетілді. Студенттер тәуелсіздікке арналған өлеңдер оқып, 30 жыл ішінде еліміздің жеткен жетістіктерімен бөлісті.
Біздің алдымызда тұрған басты міндет-Тәуелсіз Қазақстанның жастарының жүрегінде Отанына, жеріне, еліне деген ыстық сезім, шынайы сүйіспеншілік ұялату. Сол себепті де, біз адамзаттық көзқарасы қалыптасқан, әлеуметтік белсенділігі жоғары отаншыл ұрпақ тәрбиелеп өсіруге аса көңіл бөлуіміз керек. Қазіргі жағдайда болашақ ұрпағымызды білімді, мәдениетті, саналы етіп тәрбиелеу зор мәнге ие болып отыр
Тәуелсіздік-ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан Тәуелсіздік күні-ең қастерлі күн. Тәуелсіздік-ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы.
Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Елбасының «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастап кешу арқылы қол жеткен өз мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы, бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс»,-деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатыр.
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бері көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Ата-бабаларымыз сан ғасыр армандаған Тәуелсіздіктің 30 жылдығы еліміздегі іргелі істермен айшықталып, сәт сайын жақындап келеді. Осы жылдар ішінде елімізде қыруар істер атқарылды. Атап айтсақ, тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай бекітілді. Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата заңымыз, ұлттық валютамыз. Әлемдік қауымдастық алдында «Қазақстан Республикасы» деген асқақ рухты елдің екенін мойындаттық. Ел экономикасы да жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі белеске көтерілуде. Өзіне тән барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын тәуелсіз мемлекет құрылды.
Бүгінгі Қазақстан-тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. Қазақстан бүгін де әлем мойындаған дамушы мемлекет. Өзіндік территориясы, ата заңы, халқы мен басшысы бар бақытты мемлекет. Қазақпен бірге өзге 130-дан астам ұлт пен ұлысқа пана болған Отан-ана. Жаһандану заманында әлемдегі ең тыныш, бейбіт, қонақжай, тұрақты дамушы мемлекет. Отыз жыл ішінде Қазақ халқының ұлттық санасы жаңғырып, өзін-өзі тану, өзінің бай ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерін құрметтеу, ұлы тұлғаларын бүкіл дүниеге таныту, бай рухани қазынасын әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруалар атқарылды. Ең бастысы, Қазақ халқымен бірге әр түрлі этностардың да отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, әр түрлі ұлттық мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді.
Біз жыл өткен сайын сол бір тарихи таңдаудың сарқылмас құдіретін жан жүрегімізбен түсінеміз. Ол-егемен мемлекетте бейбітшілік пен келісімде, өзара сенімде азат өмір сүру таңдауы. Ол туған жеріміздің қазынасы мен қазба байлығына дербес иелік етіп, барша қоғамның игілігі үшін өз қалауымызбен жұмсау таңдауы. Ол-өз тағдырымызды өзіміз айқындау, болашағымызды өз қолымызбен жасау таңдауы.
Біздің жаңа Қазақстанымыз жарық жұлдыз болып дүниеге келді. Баршамызды Тәуелсіздіктің Ұлы рухы жебейді, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады. Ол алтын күндей жарқырап, алтын қыраны қалықтаған Қазақ Елінің ашық аспаны астында дүниеге келген әрбір сәбидің жүрегіне орнайды. Ол әрбір азаматтың жүрегінде, әр шаңырақтың төрінде, елімізде бой көтерген әрбір үйде, әрбір қала мен ауылда салтанат құрды. Отанымыздың ертеңі-біздің қолымызда. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу біздің басты бағытымыз болуға тиіс.
Дана ИКАПОВА,
педагогика ғылымдарының кандидаты