Жедел жеткізу және цифрлық жаңғыру

Дүниежүзілік пошта күніне орай Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қазпошта» өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Жиында пошта қызметінің жаңашылдығы, EMS жедел жеткізу мүмкіндіктері, алаяқтықтан сақтану жолдары және цифрлық қызметтерді дамыту мәселелері талқыланды.

«Қазпошта» өкілдерінің айтуынша, алаяқтардан сақтану үшін белгісіз адамдарға SMS-кодтарды бермеу және күмәнді сілтемелерге өтпеу қажет. Компания клиенттерден осындай жолмен құпия кодтарды сұрамайтынын ескертті.

Сәлемдеме жоғалған жағдайда клиент өтініш беріп, тексеру жүргізілуін талап ете алады. Егер жоғалу компанияның кінәсінен болғаны анықталса, өтемақы жөнелтілімнің бағаланғанына байланысты төленеді.

Брифингте EMS жедел жеткізу қызметінің артықшылықтары да айтылды. Бұл қызмет арқылы құжаттар мен сәлемдемелерді Қазақстан ішінде және шетелге жедел жөнелтуге болады. Мәселен, Алматы мен Астана арасында жөнелтілім бір тәулік ішінде жеткізіледі. Қызмет «есіктен есікке дейін» қағидаты бойынша жұмыс істейді.

Сонымен қатар Алматыда пошта жөнелтілімдерін тасымалдау жүйесі жаңғыртылып жатыр. «Түнгі маршрут» жобасы көліктердің күндізгі кептеліске түсуін азайтып, бөлімшелер арасындағы тасымалдау уақытын екі-үш есеге қысқартуға мүмкіндік берген. Ал 2027 жылы пошта-логистикалық тасымалға арналған шамамен 70 электромобиль сатып алу жоспарланып отыр.

Цифрлық қызметтерді дамыту да басты назарда. Қазіргі уақытта «Қазпоштаның» мобильді қосымшасын пайдаланушылар саны 899 мыңға жеткен. Компания колл-орталыққа жасанды интеллект енгізіп, сәлемдемелерді қадағалау жүйесін жетілдіру бағытында жұмыс жүргізуде.

Осылайша, пошта саласы дәстүрлі қызметтерді сақтай отырып, жедел жеткізу, цифрлық технологиялар мен экологиялық тасымал бағытында жаңарып келеді.