Астанада «Aqtobe Creative Days» креативті жәрмеңкесі басталды
Ақтөбе облысының 100-ге жуық креаторының қатысуымен Астанада «Aqtobe Creative Days» креативті жәрмеңкесі басталды. «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында өңір шеберлері, дизайнерлер, суретшілер мен шығармашылық кәсіпкерлері 22 бағыт бойынша авторлық өнімдері мен жобаларын таныстыруда. Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Qazaq Creative Hub алаңында өтіп жатқан жәрмеңкеге қатысып, ақтөбелік креаторлардың жұмыстарымен танысты.
Көрмеде ұлттық қолөнер бұйымдары, дизайнерлік топтамалар, IT жобалар, әдеби туындылар мен Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған экспозиция ұсынылған. Креативті жәрмеңкенің екінші күнінде қолөнер шеберлік сабақтары, «Жыл мезгілдері» қойылымы, Ақтөбе туралы анимациялық фильм, «Aqtobe Design» сән көрсетілімі, Серік Закарияның шығармашылық кеші мен «Жеребе life» жобасының концерті өтеді.






