Жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба
Президенттік жастар кадр резерві – егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажеттігін 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында атап өткен болатын. Сол кезде Мемлекет басшысы резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтты. Президенттік жастар кадр резерві – егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба.
Мемлекет басшысы дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы идеяны алға тартты. Жобада барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделген. Мәселен, жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралады. Бұл ретте Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт болып табылмайды. Резервте тұрған тұлғалар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады.
Президенттік жастар кадр резерві – жастардың қызметтік өсуіне даңғыл жол ашып отыр. Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу биыл 4-мәрте өткізіледі. Бұл туралы еліміздің Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы департаментінің өкілдері мәлімдеген болатын. Мамандардың сөзінше, үміткерлерге қойылатын талап биыл өзгерісген жоқ. Жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі мен 5 жыл жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді жетік меңгерген ҚР азаматы қатыса алады. Ал 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуге құжаттарды қабылдау 1 маусымда басталып, ай соңына дейін жалғаспақ.
Атап өтейік, бағдарлама аясында 400 жас маман резервке қабылданған. Қазір олардың 80 пайызы мемлекетте қызмет етеді. Ресми деректерге сүйенсек, 2019, 2021 және 2023 жылдары Президенттік жас¬тар кадр резервіне жалпы 60 мыңнан аса азамат қызығушылық танытқан. Іріктеу¬лер қорытындысы бойынша резервке 400 адам қабылданып, бүгінде олардың 318-і жауапты қызметтерге тағайында¬лып¬ты. Резервшілердің 167-і – орталық мемлекеттік органдарда, 37-і – жергілікті атқарушы органдарда, 62-і – ұлттық компанияларда, 52-і өзге ұйымдарда қызмет етіп жатыр. Сондай-ақ 39 резервші – сая¬си, үшеуі «А» корпусының лауазымдарына тағайындалған. Ал екі резервші Мәжіліс депутаты, біреуі мәслихат депутаты болып сайланған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Президенттік жастар кадр резервін жасақтау қажеттігі туралы бастама көтеріп, осы тапсырманы біздің агенттікке жүктеген еді. Содан бері агенттік аталған жобаны табысты жүзеге асырып келеді. Біз бұл бастама аясында жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне белсенді түрде тартуға, олардың мемлекеттік қызметтегі үлесін арттыруға мүмкіндік алып отырмыз. Төртінші іріктеудің ерекшелігі – әрбір бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету масқатында әр кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу, яғни, резервтің сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады. Резервке үздік 50 кандидатты қабылдау үшін ұлттық комиссия отырысының 25 қазанға дейін өткізіп, қазанның соңына шешім шығару жоспарлануда», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті басшысының міндетін атқарушы Мақсат Жаңбыршиев.

