Жастар орталығы өскелең ұрпаққа құндылықтарды насихаттап жүр

Түркістан жастары отбасы құндылығын насихаттап келеді. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін арттыруға үлес қосып жүргені жасырын емес. Киелі шаһарда Түркістан қаласы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Менің идеалды отбасым» тақырыбында балалар арасында эссе байқауы өткізілді. «Балауса» жазғы сауықтыру лагерінде өткен байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасылық зорлық-зомбылықтың, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, сондай-ақ балалардың қауіпсіз ортадағы өмір сүру мәдениетін қалыптастыру.

Байқау барысында қатысушылар өздерінің идеалды отбасы туралы көзқарастарын шығармашылық тұрғыда баяндап, отбасы мүшелері арасындағы сыйластық, қамқорлық, мейірім мен өзара түсіністіктің маңыздылығын жан-жақты сипаттады. Сонымен қатар, балалар зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы өз ойларын білдіріп, достық пен татулықтың қоғамдағы орнына ерекше тоқталды. Іс-шара соңында белсенді қатысушылар марапатталып, ұйымдастырушылар балаларға ізгі тілектерін білдірді.

Бұдан бөлек аталған ұжым қызметркелері Түркістан қаласындағы Тұңғыш Президент саябағында жастар мен балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында еркін тақырыпта сурет салу іс-шарасы ұйымдастырылды. Шара барысында қатысушылар өз қиялдары мен шығармашылық ойларын қағаз бетіне түсіріп, түрлі тақырыптағы ерекше туындыларын ұсынды. Еркін форматта өткен сурет салу сағаты қатысушылардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық әлеуетін шыңдауға мүмкіндік берді.