ЖАҢАТАСТА ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА КӨПҚАБАТТЫ ЖАҢА ҮЙ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ

Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласы жыл сайын жаңарып келеді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары «қаңырып бос қалып», кейін арнайы құрылған комиссияның жарамды деп танылған моноқала үйлері қайта қалпына келтіріліп, ел игіліне берілуде.

Бүгін, 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында 1-шағын аудан, № 41 үйдің кілті пәтер иелеріне табысталды. Жиынға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев қатысып, жаңа үй иелерін құтты қоныстарымен құттықтады.

 

 

–Бүгін мерейлі мереке қарсаңында үлкен қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Жалпы, осы жылы Жаңатас қаласында көпқабатты 3 үйге қайта жаңғырту жұмыстары іске асырылып, 316 пәтердің кілті табысталмақ. Бұл пәтерлер негізінен, әлеуметтік жағынан аз қорғалған және жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған отбасылар игілігіне беріледі.Бүгінгі таңда, тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде 1 775 азамат тізімде тұр.Жылдан-жылға қала тұрғындарының саны көбейіп келеді. Осыған сәйкес, тұрғын үй кезегіндегі тұрғандар саны да арта түсуде. Сондықтан тұрғын үй мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осы мақсатта, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жыл сайын қаламызда көпқабатты тұрғын үйлер қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілуде. Міне, соның бір дәлелі ретінде кезекте тұрған 135 азамат бүгін жаңа қонысқа ие болып отыр, – деді аудан әкімі тұрғындарды құттықтау сөзінде.

 

 

Сондай-ақ, аудан әкімі аталған тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын сапалы атқарып, ел игілігіне ұсынып отырған «AKM Group» жауапкершілік шектеулі серіктестігіне және жалпы ат салысқан барша азаматтарға өз алғысын білдірді.

Ал, салтанатты шарада барша қала тұрғындары атынан сөз алған еңбек ардагері, Сарысу ауданының билер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов игіліктің басынан табылған аудан әкімдігіне және құрылыс жүргізген мердігер мамандарға ақ батасын берді.

Сонымен қатар, аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы жаңа пәтерлердің ішін аралап, инфраструктурасымен танысты. Баспаналы болу бақыты бұйырған азаматтардың бірі – Жанар Пардакулова. Ол өз кезегін 9 жыл үміт үзбей тосқандығын айтады. Әкім 4 балалы жалғызбасты ананның үйіне кіріп, ақ дастарқаннан дәм ауыз тиіп, ыстық ықыласын білдірді.

 

Сарысу ауданы әкімдігінің Баспасөз қызметі