Жаңа Конституция жобасындағы тарихи-мәдени мұраны сақтау міндеттері
Жаңа Конституцияда тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау және ұлттық мәдениетті дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары ретінде қарастырылады. Жаңа Преамбулада Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығына мән беріліп, ұлттық мұраны сақтаудың қоғам мен болашақ ұрпақ үшін маңызы айқындалады.
Тарихи мұраны қорғау – өткенді құрметтеу ғана емес, оны келер ұрпаққа жеткізу жолындағы жауапкершілік. Қазақстанның ЮНЕСКО конвенцияларына қатысуы еліміздің тарихи және мәдени нысандарын халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік берді. Алайда мәдени ескерткіштерді әлемдік мұра тізімдеріне енгізу оларды сақтау, қорғау және келешекке жеткізу бойынша нақты міндеттерді де жүктейді.
Осы бағыттағы жұмысты үйлестіру мақсатында 2024 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық комиссиясының мүшелері, ғалымдар, археологтар, этнографтар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Топтың негізгі мақсаты – мәдени мұраны сақтау ісіне қатысатын құрылымдардың өзара іс-қимылын жолға қойып, ортақ міндеттердің орындалуын үйлестіру.
Жұмыс ауқымы тарихи ескерткіштер мен сәулет нысандарын қорғаумен ғана шектелмейді. Ол халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, музыкасын, қолөнерін және құжаттық мұрасын сақтауды да қамтиды. Материалдық емес мәдени мұра халықтың тарихи жадын, рухани құндылықтарын және ұлттық ерекшелігін танытатын маңызды құрамдас бөлік саналады. Сондықтан оны зерттеу, дамыту және кейінгі ұрпаққа жеткізу ерекше мәнге ие.
Аида Балаева мәдени мұраны қорғау жөніндегі жұмысты нәтижелі жүргізу үшін барлық мүдделі тараптардың бірлесіп әрекет етуі қажеттігін атап өткен болатын. Министрдің пікірінше, халықаралық конвенциялар аясында қабылданған міндеттемелерді орындау жүйелі жоспарлауды, ведомствоаралық байланысты және ортақ жауапкершілікті талап етеді.
2024 жылы жұмыс тобының екі отырысы өткізіліп, мәдени мұраны қорғау мен насихаттаудың негізгі бағыттары талқыланды. Ал 30 қарашада Алматы қаласында өткен кездесуде үш кіші топтың жұмыс жоспарлары таныстырылды. Әр топ мәдени мұраның белгілі бір түрін сақтау және оны қоғамға кеңінен таныстыру мәселелеріне назар аударды.
Ұсынылған жоспарларда материалдық және материалдық емес мәдени мұраны қорғау, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясында құжаттық деректерді сақтау бағыттары қамтылды. Бұл бастамалар тарихи құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге, ұлттық мұра туралы мәліметтерді жүйелеуге және оларды көпшілікке қолжетімді етуге бағытталған.
Мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру да негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Атап айтқанда, материалдық емес мәдени мұра нысандарын анықтау, құжаттау және дамыту әдістері бойынша оқыту модульдерін әзірлеу мен тәжірибеге енгізу көзделді. Оқу бағдарламаларының нақты жұмыс барысында қолдануға қолайлы әрі практикалық маңызы болуы қажеттігі де атап өтілді.
Сонымен қатар мәдени мұра нысандарын түгендеу, жинақталған ақпаратты цифрлық форматқа көшіру және оларды жергілікті әрі халықаралық деңгейде таныту тетіктерін жетілдіру жоспарланды. Жаңа тарихи нысандар мен мәдени элементтерді ЮНЕСКО тізімдеріне ұсыну мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстанның мәдени байлығын кеңінен танытып, оның халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді.
ЮНЕСКО қорғауындағы нысандарды тиімді басқару және олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін арнайы тәсілдер әзірлеуге де басымдық берілді. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуын күшейту маңызды. Мәдени мұраны қорғау тек мемлекеттік мекемелердің міндеті емес, оған қоғамның белсенді араласуы да қажет.
Халықтың тарихи және мәдени құндылықтар туралы білімін арттыру мақсатында ақпараттық науқандар, танымдық іс-шаралар және ағартушылық жобалар ұйымдастыру көзделді. Мұндай бастамалар азаматтардың мәдени мұраға деген қызығушылығын арттырып, тарихи ескерткіштер мен ұлттық дәстүрлерді сақтауға деген жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.
Жалпы, жұмыс тобы әзірлеген жоспарлар материалдық, материалдық емес және құжаттық мұраны қорғауды өзара байланыстыра отырып, кешенді шараларды жүзеге асыруды көздейді. Бұл бастамаларды іске асыруда Мәдениет және ақпарат министрлігі мен өзге де мүдделі құрылымдардың үйлесімді жұмысы маңызды рөл атқарады.
Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау – ұлттық бірегейлікті нығайтып, елдің рухани байлығын келер ұрпаққа аман жеткізудің маңызды шарты. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс тарихи құндылықтарды қорғаумен қатар, оларды қоғам өміріне кеңінен енгізуге және халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.

