Жаңа Конституция – әділетті қоғам мен берекелі болашақтың негізі

Түркістан қаласында «Жаңа Конституция – ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің кепілі» тақырыбында түсіндіру кездесуі өтті. Ақсақалдар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен жиынның басты мақсаты Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының негізгі қағидаттарын халыққа кеңінен түсіндіруге, оның елдің құқықтық дамуы мен қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызын насихаттауға бағытталған.

Жиын барысында Конституцияның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөлі, заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау бағытындағы басымдықтар кеңінен талқыланды. Кездесуді Түркістан облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов ашып, Жаңа Конституцияның елдің тұрақты дамуына, заң үстемдігін орнықтыруға және қоғамдағы татулық пен өзара сенімді нығайтуға негіз болатын тарихи құжат екенін атап өтті. Сондай-ақ жастардың бойында отансүйгіштік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыруда ақсақалдардың өнегесі мен қоғамдық институттардың бірлескен жұмысы маңызды екенін жеткізді. Өз кезегінде «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Эльмира Жанғазиева Конституцияда көрініс тапқан негізгі өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, жаңа құқықтық кеңістікте әрбір азаматтың жауапкершілігі арта түсетінін айтты. Ол қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау – барша қазақстандыққа ортақ міндет екенін атап өтіп, түсіндіру жұмыстарының жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

Қатысушылар Конституцияның ел дамуының берік іргетасы екенін атап өтіп, құқықтық сауаттылықты арттыру мен жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Кездесу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, қойылған сұрақтарға жауап берілді. Сондай-ақ қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған жұмыстарды бірлесе жалғастыру жөнінде ұсыныстар айтылды.