Жамбылдағы форум ұлттық мәселені тереңнен қаузады   

«Күш — бірлікте» дейді дана қазақ. «Саусақ бірікпей, ине де ілікпейтіні» де  ақиқат. Ал қазақ халқы қай дәуірде де өзінің біртұтастығы мен бірлігін танытқан ел. Сондықтан да ұлтымыздың ұйысқан тірлігі талайға үлгі.

     Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Елдік елге байланысты» атты  қоғамдық форумның да негізгі мақсаты осыған ұйысты. Форумда бүгінгі жаһандық дәуірдегі жаңа технология, бірлік пен ынтымақтың бағасы, той-томалақтарда ысырапшылдыққа жол бермеу және өскелең ұрпақтың санасына сіңірер тәрбиенің құндылығы төңірегінде  ой қозғалып, ұлттық мәселелер тереңнен қаузалды.    

Қазақтың арғы-бергі тарихы мен бүгінгі бет-бейнесі, жаңа ғасыр бедеріндегі ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің, өмір сүру дағдысының бағыт-бағдары төңірегінде пайымды пікірлер айтылған форумды облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік ашып, жүргізіп отырды.

Форумда алғаш болып сөз алған облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепбергеннің сана мен мәдениет, ұлт бірлігі, даңғазалық жайындағы орамды ойлары көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты.

– Қоғам да, адамдар да өзгерді. Сана мен мәдениетке байланысты мәселе көбейді. Сондықтан бүгінгі қоғамдық форум форматындағы басқосу қажет дүние. Келешек қоғам мен ұрпақ үшін ұялмайтын сөз айтуға тырысайық!

Қазақ халқы бар ғұмырында ынтымақ пен бірлікке ынтызар болып, жалауын төмендетпеген  халық.

         Біздің мұхиттың шар айнасындай өмірімізге, күнделікті тірлігімізде, оның ішінде сан белесті бағдары бар болашағымызға – ынтымақсыз, бірліксіз, өзара татулықсыз бара алмайтынымыз ақиқат.

         Халқымыздың басынан өткен небір алапат шайқастар, таржол тайғақ кешулерде – осы ынтымақ пен бірліктің серік болғаны белгілі.

         Өйткені осы асыл дүниелер – кешегі ұлы бабалардан қалған бағасы жоқ теңдессіз аманаттар.

         Ал еліміз Тәуелсіздігін алған шақта бірлік пен ынтымақ ұлттық иделогиямыздың тірегіне айналып, мызғымас құндылық биігіне көтерілгені айқын. Бүгінде «бірліктің жалауын көтеріп, шын жанашыры» болып кейбір егде кісілермен қатар естияр азаматтар кездескен шақта «руың қайсы, ат мінген атаң кім, жерің қайда?» деген сұрақтардың астына алары заманның дертіне айналып бара жатқан қынжылтады, –деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.

Дедек Төлен