Той мәдениетін заман ағымына қарай бейімдеу  

Жамбылдағы «Елдік елге байланысты» атты форум барысында ұлттық құндылықтар, той мәдениетін заман ағымына қарай бейімдеу, әлеуметтік желіні кәдеге жаратудың әдебінен аттамау секілді мәселелер де қаузалды.  Бұл орайда «Асыл арман» ұлттық дәстүр  мен өнерді қолдау» қоғамдық  бірлестегінің төрағасы Ринат Нұрақбаевтың ұсыныстары қызу қолдауға ие болды.

–Бізде аса көңіл бөлуді талап етіп отырған мәселе ұлттық құндылықтар, соның ішінде, дәстүрлеріміз бен ұлттық санаға деген жанашырлықты күшейту болып отыр. Олай дейтінім, қазіргі өркениеттік ағынмен араласып, ұлттық тынысты тарылтатын ақпараттық толқындар, діндегі бұрмалаушылық, тіл мен ділге деген жауапкершіліктің әлсіздігі  тағысы тағы айтарлықтай кемшіліктер бар. Бұл кемшіліктерге тойтарыс беретін төте жол  –ұлттық тәрбиені күшейту деп білемін!

«Той мәдениеті – ұлт мәдениеті». Бұл орайда жүйелі жұмысты қолға алған Меркі ауданын мысал еткім келеді. Өткен жылдың қазан айынан бастап Меркі ауданы әкімдігі той мәселелерін дұрыс жолға қойды. Қазір Меркіде той 19:00-00:00 аралығында ғана болып жатыр. Осы арқылы ең бірінші халықтың қазынасы саналған той берекесін кетірмеу, уақытты тиімді пайдалану, құқық бұзушылықты болдырмау, той қызметкерлерінің еңбегін жүйелеуге қол жеткізілді. Бұл бастаманы баршаға ортақ ету керек. 

Баршаға мәлім XXI ғасыр әлеуметтік желінің ақырған бурадай әбден күшіне мінген кезеңіне айналып тұр.  Осындай өлара кезеңде ұлт болып сақталып қала аламыз ба, жоқ болып жер бетіне тараламыз ба деген сауал, кез келген саналы ұлттың басты проблемасына айналып үлгерді. Ұлттық идеологиясы мықты мемлекеттер етек-жеңін жинақтап, алдын-артын сараптап, сананы жаулаған сиқыршы – күштің алдында қасқайып тұруға әрекет жасауда. Бұл бейберекетсіздікті заңмен тұсауға – демократия деген жалған ұран тосқауыл. Соның салдарынан әлеуметтік желі – үлкен күшке иелік етуде. Сол себептен де әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат тарататындарға, ар-намысқа тиетіндерге, билікке тіл безейтіндерге қарсы бұлтартпас бір заң керек сияқты, –деді Ринат Нұрақбаев.

Ал дәрігер Сағындық Ордабеков ХХІ ғасырдағы әлемге күллі қазақты танытудың тетігі ұлттық құндылық екендігін алға тартады.

— Ұлттық құндылық – ұлттың тірегі! Өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы мәңгі болмақ. Бүгінгі жаһандану дәуірінде кез-келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер — сол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық.

Ұлттың құндылығының ең маңыздысы, ең қазынасы – тіліміз деп айтсам артық айтпаған болар едім. Тілі жоқ халық, тілін құрметтемеген, білмеген халық – өлі халық. Бұл менің тіл турасындағы өте ащы ұстанымым, –деді С.Ордабеков

Форум спикерлерінің ізін ала сөз тізгіндеген Тараз қалалық мәслихатының хатшысы  Батырбек Құлекеев те той мәдениеті мәселесіне айрықша тоқталып, ондағы даңғазалық пен бос мақтангершіліктің  дәурені өткенін жеткізіп, заман ағымымен мұнда да әлемдік тәжірибенің озық үлгісін қолдануды ұсынды.

Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов  қорытындылап, форумға қатысушылар  мен  облыс жұртшылығына Үндеуін жариялады.

Дедек Төлен