Жамбылда жұмысшылар жалақысы орта есеппен 26 пайызға көтерілген

Пандемияға байланысты өтіп бара жатқан жыл аймақтағы көптеген кәсіпорындар үшін оңайға соқпағаны анық. Дегенмен, мемлекеттік қолдаудың арқасында бизнес еңсесін тіктеп, өз қызметкерлеріне ауырлық салмай жұмысын жалғастырды деуге болады. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың орта және ірі бизнес субъектілерінің басшыларымен кездесуі барысында айтылды,-деп хабарлайды «Elana.kz» сайты.

— Ағымдағы жылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай жоғары. Бұл сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесі. Өз кезегінде мемлекет кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетті. Өйткені, бірінші кезектегі міндет жұмыссыздықтың ұлғаюуына жол бермеу болды. Керісінше, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде бір жыл ішінде жұмыс орындары санының артқаны байқалды. Сіздерді осы бағытта жұмыстарыңызды жалғастыра түсуге шақырамын. Жалақы мен сыйақы уақытылы төленуі тиіс, — деді облыс әкімі кәсіпорын басшыларына.

«ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ Жамбыл филиалының директоры Үмітбек Рысбеков ағымдағы жылдың 11 айында атқарылған жұмыс қорытындылары туралы баяндады. Компания жыл сайын қызметкерлерінің жалақысын көбейтіп отырады десек, пандемияға қарамастан жалақыны өсіру үрдісі биыл да жалғасын тапқан.

 

 

«Рысбаева и К» ЖШС көп жылдан бері өңірдегі табысты кәсіпорындардың бірі болып келеді. Директоры Сәуле Рысбаева атап өткендей, бүгінде компания өз қуаттылығын арттыруда десек, оған кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың жыл сайынғы шараларының арқасында қол жеткізіліп отыр.

— Қазір біздің кәсіпорын кеңейе түсті. Өз мектебіміз және шаруа қожалығымыз бар. Біз босыған дейін мемлекеттік қазынаға 201 миллион теңге салық аударымдарын түсірдік. Оның ішінде, өткен жылы 17 миллион теңге, ал ағымдағы жылы 10 миллион теңге аударып үлгердік. Ең бастысы – бір де бір қызметкердің қысқаруына жол бермедік, — деп атап өтті С.Рысбаева.

Сондай-ақ, басқосуда «Әмір және Д» ЖШС бөлшек дәріханалар желісінің директоры Қарлығаш Қаймолдаева өз кәсіпорнының қызметі туралы қысқаша айтып өтті.

— Біздің қызметтер мен тауарлар сапа стандарттарына сай. Пандемия кезінде біз бүкіл облыс бойынша бөлшек сауда желісі арқылы халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге тырысудамыз,-деді ол.

Ал, еңбек инспекциясының басшысы Қайрат Досаев еңбек заңнамасы талаптарының сақталуы туралы тілге тиек етті.

— Жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы қарым-қатынас ведомствоның үнемі бақылауында. Ағымдағы жылдың басынан бері облыста еңбек жанжалдары орын алған жоқ. Еңбек қатынастары саласындағы жағдай тұрақты. «Ыстық нүкте» картасы әзірленді десек, оған 45 кәсіпорын енгізіліп, бақылауға алынды. Дегенмен, жекелеген кәсіпорындарда 454,9 миллион теңге сомасында жалақы бойынша берешек анықталған болатын. Бүгінгі таңда ол толық өндірілді. Осылайша, 4 мың жұмысшының еңбек құқықтары қорғалды, — деп атап өтті Қ.Досаев.

Оның айтуынша, жұмыс берушілер көбіне еңбек заңнамасының қарапайым талаптарын сақтамайды, ол өз кезегінде қызметкерлердің шағымдарының тууына әкеп соғады. Көбінесе, бұл қызметкерлерді демалыс, мереке және түнгі уақытта жұмысқа тартуға, тиісті өтемақыны төлемеуге қатысты.

Айта кетейік, өңірдегі 70 ірі және орта кәсіпорынның 41-і 19,3 мың жұмысшының жалақысын орта есеппен 26 пайызға көтерген. Қалған кәсіпорындардың басшылары қаржы-экономикалық жағдай тұрақтанса, жалақыны көтеру мәселесін қарастыратындықтарын жеткізді.