Жамбыл облысының әкімі бірқатар Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерін марапаттады

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты шараға қатысты.

Баласағұн орталық концерт залында өткен жиында алдымен ҚР ҰҚК-нің Төрағасы ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты Ермек Сағымбаевтың құттықтау хаты оқылды. Сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік қомитетінің 30 жылдағы жеткен жетістіктері бейнеленген  фильм көрсетілді.

Өз кезегінде аймақ басшысы өңірдегі сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың жұмысының маңыздылығына тоқталды.

– Сіздер елдегі заң мен құқықтық тәртіптің, ішкі тұрақтылықтың сенімді кепілісіздер. Ел азаматтарының бостандығы мен Конституциялық тұрғыда қорғалуы, қоғамның тұрақтылығы Сіздердің қызметке тікелей байланысты.

Сондықтан да, ұлттық қауіпсіздік қызметі қашанда аса маңызға ие, күрделі сала.

Кез келген ел дамуының, алға қарай өркендеуінің негізгі өзегі – тыныштық, бейбіт тіршілік.

Қауіпсіздігі, ішкі тұрақтылығы берік ел ғана ертеңге нық қадам жасап, болашағын бағдарлап, тұрмысын түзей алады.

Десе де, қазақта «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар.

Әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан теріс құбылыстар халықаралық қауіпсіздіктің бір бөлігі ретінде біздің елімізге де өз әсерін тигізбей қоймайды.

Террористік актілерді және экстремизм ошағының туындауын болдырмауға тек олардың алдын алу бойынша ұдайы жұмыс жүргізу арқылы ғана қол жеткізуге болатынын уақыт көрсетіп отыр.

Осы сәтте, Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың және әріптестеріңіз Мұхтар Халиев пен Сергей Касьяненконың лаңкесті құрықтау кезіндегі өте жауапты сәтте өз міндеттеріне адал болғаны, ерлігі еш ұмытылмақ емес.

Сондай-ақ, «қаңтар оқиғасы» кезінде ұлттық қауіпсіздік саласының қызметкерлері де міндеттерін абыроймен атқарды.

Өкінішке қарай, лаңкестерге қарсы тұрып, антына ақтық демі қалғанша адал болған айбынды Әділбай Дастанның  ерлігі ел есінде мәңгі қалары сөзсіз.

Қазіргі таңда ұлттық қауіпсіздік комитеті заманға сай техникамен жарақталған ірі құрылымға айналды.

Күштік құрылымдардың материалдық-техникалық жабдықталуына біздің тарапымыздан жағдай жасалуда,-дей келе Нұржан Нұржігітов өткен жылы жергілікті бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлініп, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі департаментінің жаңа ғимараты пайдалануға берілгенін атап өтті.

Бұдан соң облыс әкімі бірқатар үздік қызметкерлерді марапаттады. Атап айтсақ, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Нұрлан Кәрібжановқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін табыстаса, подполковник Еділ Аманбеков, майор Ербол Сабденбеков, капитан Бауыржан Бақбергенов, капитан Асан Наурызбаев облыс әкімінің «Құрмет» грамотасына ие болды.

Жиында Өңірлік Үйлестіру кеңесінің төрағасы, Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің бастығы Нұрлан Кәрібжанов та құттықтау сөз сөйледі.

Бірқатар сала ардагерлері мен қызметкерлері «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 30 жыл» мерекелік медалімен, грамоталармен марапатталды. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін иеленіп, Төрағаның бұйрығымен Алғыс жарияланғандар да болды. Сонымен қатар, қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапқан ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің аналарына «Офицердің анасына» төсбелгісі табысталды.

Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Жамбыл облысы әкімдігі