Жамбыл облысының әкімі Жамбыл ауданында жұмыс сапарымен болды

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Жамбыл ауданына жұмыс сапары Қызылқайнар ауылдық округіне қарасты Қызылқайнар елді мекеніне қауіп төндіріп отырған Талас өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарымен танысудан басталды. Өткен жылы аудандық бюджеттен қарастырылған 39 миллион теңгеден астам қаржыға өзен жағалауындағы бөгеттер нығайтылды. Ағымдағы жылы өзеннің оң және сол жақ беттерінің 9353 метр қашықтығына жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлу мәселесі туындап отыр.
Келесі сәтте өңір басшысы «Алтын белгі» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінде болып, 22 шаруа қожалығының басын біріктірген кәсіпорынның тыныс-тіршілігін көзбен көрді. Өткен жылдың наурыз айында құрылған өндірістік бірлестіктің иелігінде 275 бас ірі қара мал бар. Оның 148 басы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы сатып алынған. Құрылғаннан бері кооператив мүшелерімен 100 тонна сүт өндірілді.
А.Мырзахметов Айша бибі ауылындағы «Super Pharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бір реттік қолданылатын медицина бұйымдарын шығаратын зауытының да жұмыс барысымен танысты. Медициналық мекемелерді медициналық халат, бинт, бахил мен бетперде, төсеніш секілді бір реттік қолданылатын бұйымдармен қамтамасыз ететін кәсіпорын 2011 жылдың желтоқсан айында «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы арқылы іске қосылды. 2017 жылы 1 миллиард 200 миллион теңгенің өнімін өндірген серіктестікте 250 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Сондай-ақ, өткен жылы зауыт жанынан жаңа өндірістік нысанның құрылысы басталды. Ағымдағы жылдың қазан айында пайдалануға берілетін зауыттың әзірге Орталық Азия мемлекеттерінде баламасы жоқ. Өңір басшысы нысан жұмысына оң бағасын беріп, аудан әкімі мен салалық басқарма басшыларына өнім өндіру көлемінің артуына байланысты зауыт аумағынан шағын подстанция салу мәселесін реттеуге тапсырма берді.
Келесі сәтте облыс әкімі мемлекеттік «Айша бибі» шипажайында болды. Өткен жылдың қыркүйегінде іске қосылған емдеу-сауықтыру кешені бір мезгілде 120 емделушіге қызмет көрсетеді. Шипажайда тірек-қимыл аппараты және жүйке жүйесі, тері ауруларымен сырқаттандарға сапалы медициналық қызмет көрсетіледі. Өңір басшысы жауапты тұлғалардың назарын шипажайды облыс тұрғындарының денсаулығын нығайтуда оңтайлы пайдалану жайына аударды.
Сонымен қатар, облыс әкімінің ауданға жұмыс сапарында Бектөбе ауылындағы «Оңтүстік Халал тағамдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі жұмыстың барысы да таныстырылды. 2016 жылы «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы арқылы іске қосылған кәсіпорынның өндірістік әлеуеті тәулігіне 40 тонна етті құрауға қауқарлы. Өткен жылдың тамыз айында серіктестік өз өнімдерін Кувейт, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері сынды мемлекеттеріне экспорттау мақсатында келіссөздер жүргізген. Өнімді аталмыш мемлекеттерге шығаруда ондағы санитарлық нормаларға икемделу ұзақ уақытты алған. Соған қарамастан кәсіпорын Иранға өнімді экспорттауды бастады. Нурболат Сатымкул суреті.
Мұнан соң, өңір басшысы аудан орталығындағы Бауыржан Момышұлы орта мектебіне ат басын бұрып, білім беру ошағының бүгінгі жай-күйін көзбен көрді. Қазір мектепте 788 оқушы білім алып жатыр. Оларға білім беру, тәрбиелеу ісіне 72 педагог тартылған. Білім беру ошағының көп уақыттан бері пайдаланылмай тұрған бір корпусы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болса онда бастауыш сыныптарын көшіруге мүмкіндік бар.
Облыс әкімінің Жамбыл ауданына жасаған жұмыс сапарында «Амангелді газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Тараз филиалында да болды. Кәсіпорында 372 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Негізгі шикізат қоры Қызылорда облысындағы «Құмкөл» және «Ақкөл» кен орындарынан жеткізілетін зауытта АИ-80 маркалы бензин, дизель отыны, керосин, мазут және жеңіл дестилятор өңделеді. Дегенмен қазіргі нарықтағы мұнай бағасының құбылмалы болуына байланысты шикізат жеткізушілерімен келісім қысқа мерзімге жасалынған. Соның салдарынан мұнай өңдеу зауыты бүгінде шикізат тапшылығын айқын сезініп отыр. Тағы бір айта кетерлігі зауытта 40 мың тонналық жоғары октандық бензин шығаратын тұрақтандыру блогын және сыйымдылығы 4160 тонна болатын сұйытылған газ сақтау қоймасын салу жобалары іске асырылып жатыр. Нурболат Сатымкул суреті.
А.Мырзахметов өңірге жасаған сапарының қорытындысы бойынша аудан активімен жиын өткізді. Әуелі өңір басшысы қант қызылшасының зауытқа өткеруде туындаған түйткілге қатысты салалық басқарма басшылары мен жауапты тұлғаларды сұрақтың астына алды. Алайда, олардың ешқайсысы аудан бойынша 2000 гектар жерге егілген қант қызылшасының зауытқа небері 37 пайызының өткерілу себебін түсіндіре алмады. Мұнан бөлек, аудандағы денсаулық сақтау саласында да мәселе шаш етектен. Аймақ тұрғындары білікті дәрігерлердің көмегіне зәру. Сонымен бірге, кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласының да жай-күйі сын көтермейді. Себебі, қазіргі таңда аудан бойынша 49 кәсіпкерлік нысан жұмыс істемей тұрған көрінеді. Жалпы, Жамбыл ауданында ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларының мүмкіндігі мол. Тек жергілікті атқарушы билік өз жұмысын тиімді атқара білсе болғаны. Аудан атқамінерлерінің назарын дәл осы жайтқа аударған Асқар Мырзахметов өңір әлеуетін арттыруда экономикаға ден қою қажеттігін тілге тиек етті.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі