Шенділер ЕАЭО-да ел мүддесін қорғай алмай жүр

  Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин: «Еуразиялық экономика одағының комиссиясына Қазақситан атынан барған шенеуніктер отандық өндірушілердің мүддесін қорғай алмай жүр. Олардың Ресей енгізіп жатқан жаңа ережелерге дер кезінде жауап беріп, әрекет ете алмауының салдарынан отандық кәсіпкерлердің мүддесі мен заңды құқықтары ескерусіз қалып отыр»,— деп салды.

Десе де, базбір сарапшылар: «Бәлкім, мәселе Қазақстан мүддесін қорғай алмай отырған шенеуніктерде емес, тұтастай елдің мүддесін елемей отырған Еуразия экономика одағының өзінде шығар?!»— деген уәжді алға тартады. Мәселен, тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов: «Мәжіліс спикерінің ЕЭК-тағы Қазақчстан өкілдеріне қарата айтқан сыны негізді, бірақ, қазақстандық кәсіпкерлер бұл мәселені Кедендік және басқа одақтарға кірмей тұрыпақ көтерген. ЕАЭО комиссиясы ең алдымен Ресей экономикасы мен ресейлік кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын шешімдепр қабылдайды.

Өйткені, ЕАЭО комиссиясындағылар біздің елдің өкілдерінің уәжін құлақтарына ілмейді. Осылайша, олар: «ЕАЭО-ға кірген елдердің барлығының құқықтары бірдей     болады»,— деп берілген уәдені  жоққа шығарып отыр.Ол заңды да. себебі, біздің нарық бар болғаны 18 миллион халықты құраса, Ресейдікі 150 миллионнан асып жығылады. Әр мемлекет өз саясатын жүргізетін нарықтық экономика заманында ол нарыққа бізді кім енгізсін?

Ресейдің тұтынушылар одағының қазақстандық тауарларды түрлі сылтаулармен өз территориясына өткізбей тастайтындығы да сондықтан. Осылайша, одақ құрылғалы бері көтерілген мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді. Өйткені, ЕАЭО-ның экономикалықтан гөгі саяси одақ екені әу бастан-ақ белгілі болатын.

Дегенмен, спикер сынының бір ұшы Үкіметке де тисе керек. Себебі, билік әлгі ЕАЭО комиссиясына кімдерді жіберіп отырғанын бақылауында ұстауы қажет. Екіншіден, оған кәсіпкерлер тарапына да қоғамдық бақылау болғаны жөн. Өйткені, ЕАЭО жүйесі кәсіби деңгейі жоғары адамдарды емес, өзіне адал адамдарды жинайды»,— дейді. Ендеше, білікті маманның тайға таңба басқандай етіп айытп берген шындығына не алып, қосарсың?

Ермек Сахариев