Жамбыл облысында шағын кәсіпорындар ашылуда

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген «Халықтың табысын арттыру бағдарламасын» іске асыру аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді.
Жұмыс сапары барысында вице-премьерге «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының жүзеге асу барысы мен нәтижесі туралы баяндадым.
Аталған жоба аясында облыстың 10 ауданындағы 11 пилоттық ауылдық округінің (25 елді мекен) тұрғындары мен жаңадан ашылған 11 ауыл шаруашылығы кооперативі несиелендірілген болатын.
Бес бағыт бойынша жүзеге асқан пилоттық жобаның бірінші кезеңі бойынша жеке кәсіпкерлер саны 2282-ге артып, 589 жаңа жұмыс орындары ашылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1058 отбасыға немесе 65 пайызға кеміді. Бұдан бөлек, қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге, немесе 165 пайызға артты.
Қатысушылар жеке қосалқы шаруашылықтарын дамыта отырып, үй іргесіндегі жерді игеру көрсеткішін 329 гектарға арттырды. Сонымен қатар, жалпы көлемі 2 га құрайтын 14 жылыжай салынды. 11 тұрғын өз кәсібін ашып, жобасын іске қосты. Пилоттық округтердегі мал саны 37 308 басқа (125%) өсті.
Жобаның тиімділігін тілге тиек етіп, ауқымын кеңейте отырып, ары қарай жалғастыру қажеттігін атап өттім.
Ералы Тоғжанов шаруасын шалқытып отырған аулалар мен шағын кәсіпорындарды аралап, жай-күйімен танысты. Жобаның жоғары мультипликативтік тиімділігіне назар аударып, тұрғындардың тұрмысын арттырудағы маңыздылығын айтып, еліміздің басқа облыстарына бұл тәжірибені тарату керектігін жеткізді.

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі