ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 490 ОҚУШЫ «АЛТЫН БЕЛГІГЕ» ҮМІТКЕР

✅Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде әкімдіктің білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева айтты. Оның мәліметінше, қорытынды аттестаттау 9, 11 сынып оқушылары арасында 27 мамыр – 10 маусым аралығында жүргізіледі. 11 сыныптарда қорытынды аттестаттау 5 пәннен, 9 сыныптарда 4 пәннен болады. Жазбаша және ауызша емтихандарды, сонымен қатар, тесттің жауап парақтарын мектептердегі пән бойынша емтихан комиссиясы дұрыс жауаптар кодтары арқылы тексеріп, бағалайды.
©️©️©️
«Қорытынды аттестаттаудың барлық материалдарын Ұлттық тестілеу орталығы білім басқармаларына жеткізеді. Білім басқармалары, өз кезегінде, құжаттарды мектептерге дейін жеткізуді ұйымдастырады. Барлық емтихандар оқу орнында – мектептерде өтеді. «Алтын белгі» аттестаттарын алуға үміткерлердің жазбаша емтихан жұмыстарын (ана тілі мен математика) облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссия қарайды. Түлектердің мектеп бітіру кештері 17 маусымда өтеді. ҰБТ электронды форматта, компьютерлік тест түрінде «1 тестіленуші – 1 компьютер – 1 камера» қағидаты бойынша өткізіледі», — деп түсіндірді Айдын Орынбекқызы.
Спикердің айтуынша, электрондық форматтағы ҰБТ-ға қатысу үшін онлайн режимде өтініш беру кезінде түсуші тестілеу күнін және уақытын өзі таңдайды. Мамыр-шілде айында өтетін тестілеуге қатысушылар мемлекеттік білім беру грантын алу үшін конкурсқа қатыса алады. Ал өтініштерді қабылдау 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында жүргізілуде.
©️
Өңірлік коммуникациялар қызметі