Жақында қоғамда белгілі тұлға Мұхтар Жәкішевтің қызының шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққаны туралы ақпарат кеңінен тарады.

Мен бұл оқиғаға ұлттық дәстүр мен қоғамдық құндылықтар тұрғысынан қарадым.
Ең алдымен айтарым, бұл мақала ешкімді кемсіту немесе біреудің жеке өміріне араласу үшін жазылып отырған жоқ. Әр адамның өз тағдырын таңдауға құқығы бар. Екі жасқа бақыт тілейміз. Бұл – адамгершілік парыз.
Алайда мәселенің екінші жағы да бар.
Қазақ қоғамында қыз баласы әрдайым ерекше орын алған. «Қыз – жат жұрттық» деген сөздің өзі қыздың мәртебесін төмендету үшін емес, оның барған жерінде бір әулеттің ғана емес, тұтас елдің тәрбиесін көрсететін тұлға екенін білдірген. Сондықтан қазақ халқы ежелден қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қыздың ибасы, тілі, тәрбиесі, салт-дәстүрге құрметі – ұлттың болашағымен тікелей байланысты ұғымдар ретінде қарастырылған.
Соңғы жылдары шетелде білім алған немесе тұрақты тұратын қазақ жастарының ұлттық ортадан біртіндеп алыстап бара жатқанын жиі байқаймыз. Тілден, дәстүрден, тарихи жадтан ажырау қаупі күшейіп келеді.
Мұхтар Жәкішев – Қазақстандағы белгілі тұлғалардың бірі. Оның тағдырына кезінде мыңдаған адам алаңдады. Қолдау көрсетті. Сондықтан мұндай отбасыларға қоғамның қызығушылығы да жоғары болатыны заңды.
Біреудің жеке өмірін талқылаудан бұрын, қоғам ретінде осы мәселелер төңірегінде ойланғанымыз дұрыс. Өйткені ұлттың болашағы тек экономикамен немесе саясатпен өлшенбейді. Ол ең алдымен отбасыдан, тәрбиеден, тілден және ұлттық құндылықтарға деген құрметтен басталады.
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА