«Жадыраған жаз» би кеші өтті

Елорданың Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Жетісу саябағында зейнеткерлерге арналған «Жадыраған жаз» атты жазғы маусымның ашылу кешін өткізді. Іс-шара ардагерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды әлеуметтендіру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Кеш барысында зейнеткерлерге арналған ретро әндер шырқалып, би кеші өтті. Сахнада «Жаңа толқын» би клубы, «Шырқа гитара» клубы және басқа да шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Қатысушылар вальс билеп, флешмобқа қатысып, көтеріңкі көңіл күйде демалды.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай би кештері екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Былтыр жазғы маусымда зейнеткерлер үшін 15 рет дискотека ұйымдастырылған.
« Көркем де сұлу, күн шуағы мен табиғаттың жадыраған көрінісіне толы тамаша жаз мезгілі зейнеткерлер үшін жаңалыққа толы. Зейнеткерлер сауықтыру, шығармашылық, зияткерлікті дамыту мақсатымен жазғы саябақтарға бару үрдіске айналды. Соның ішінде «Жадыраған жаз келді» жазғы маусымдық би кеші орталық қызметалушылары үшін жағымды жаңалық болды. Жыл сайын аптаның әр серсенбісі күні кешкі 17.00-19.00-ге дейінгі уақытта би алаңына барып, көңіл көтереді. Есіл ауданы осындай бастаманы бастады. Биыл екінші жыл 20 мамыр күні жазғы би кештерінің ашылғалы отыр», – деді Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» Есіл ауданы бойынша жаппай жұмыстар ұйымдастырушысы Гульшат Әліқызы.
Бұдан бөлек, жаз маусымының ашылуына байланысты елорданың Жерұйық, Президенттік, Орталық, Ататүрік және Ботаникалық саябақтарында, сондай-ақ Нұржол гүлзарында таңғы сауықтыру жаттығулары басталды. Зейнеткерлер үшін йога, пилатес, скандинавиялық серуен, оңалту гимнастикасы және «Цигун» тыныс алу жаттығулары ұйымдастырылуда. Сауықтыру бағдарламалары қыркүйек айына дейін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы нұсқаушыларының жетекшілігімен тұрақты түрде өткізілмек.

Елқуат Елтөре

Фото: Васили