Зекет туралы

 

Қоқан хандығы Оңтүстік Қазақстанда билігін жүргізіп тұрған заманда бабам Биболат Сарыбатырұлы пансат дәрежесіне жеткен жан болған екен. Яғни, қазақ жігіттерінен құралған бес жүз әскерді басқаратын адам.

Тегі бар, көзі ашық, көкірегі ояу жанға тәуелсіздік — ұлы бақыт та, тәуелділік — ең ауыр азап дүние ғой.

Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының Созақ бекінісін Қоқанның илеуінен құтқару жорығына аттануына бірден-бір себеп болған осы пансаттардың астыртын жеткізген қаралы хабары болса керек.

Сарыарқадан арып-ашып жеткен Кенесары әскеріне жүз ат пен ішіп-жем, азық жеткізген бабамыз Биболат екен.

Қоқан хандығының сұрқия әрекеттері тарихта қатталып қалған. Сайрам қаласында орналасқан сол хандықтың жәдігөйлері қазақтың өрімдей жас қыздарын салық ретінде меншіктеп, бір сәттік ләззат үшін «қатын етіп» қойнына басқанына тарих куә. Жағдайының жоқтығынан салық төлей алмаған қазақ шаруаларын қадаға отырғызып кеткені де елге аян.

Көнекөз қариялар сол бір аласапыран заман туралы әңгімені былай өрбітеді:
Өсіп тұрған ағаштың жобаға келетін діңгегін кесіп алып, қабығын аршып, басын үшкірлеп, жерге қазып бекітеді. Қада жерге нығыз орналасқан соң, салық төлемеген ер адамды артқы жамбасынан сол қадаға отырғызады.
Артқы жамбасынан кірген қада әлгінің бүкіл ішек-құрлысын бұзып өтіп, өңешін бойлап, тамағына тіреледі екен.
Яғни — азаптап өлтіру салты.

Қарап тұрсаңыз, түркі халықтарына жат дүние.
Парсының қылығы.
Тарихты қанша ақтарсаңыз да, түркі халқының мұншалықты озбырлығы еш жерде көрініс таппайды.

Әлқисса, әңгімеге оралайық.

Биболаттың Кенесары әскеріне жүз ат жеткізгені Қоқан құлағына жетіп, бабамды Сайрамға шақыртады. Ешнәрсе демейді, жақсылап күтіп шығарып салады.
Қарамұрт пен Сайрам арасы алыс емес. Бабам Биболат Қарамұрттағы шаңырағына жете бере аттан омақаса құлайды.

Бекасыл атам Пошатайға айтқан естелігінде:
«Көрші жатқан ағайынға өкпем қара қазандай. Әкемді алдап соғып, мініп келген атының еріне және үзенгісіне у жағып жіберіп, айлалы арам тірлігімен өлтірген», – дегені рас дүние.

Әлгі удың аты «Алмаз» деп аталады екен. Ол у адам бойына асықпай тарайтын көрінеді. Әр адам атқа мінерде бір қолымен үзеңгіні, екінші қолымен ердің басын ұстайтыны белгілі. Соны пайдаланып, ерттелген аттың үзеңгісіне у жағып, Қоқан хандығы Биболат бабадан осылай өш алған екен.

Биболат өлген соң оның ең сенімді серігін де тұз қапшықтарының қоймасына кіргізіп, үстіне қаптарды құлатып өлтіріпті.

Әлқисса…

Биболат өлген соң артында Байшымыр, Бишымыр, Бекасыл атты балалары жетім қалады. Байшымыр мен Бишымыр ересектеу, ал Бекасыл жас — оған қой баққызып қояды екен.

Бір күні Түркістаннан зекет жинауға бірнеше атты кісі келеді. Бекасыл бабам соларға кезігіп қалғанына қуанады. Қой жайып жүрген бала алғаусыз көңілмен:
— Қойлардың ішіндегі мына бір қошқар өте семіз, зекетке осыны алыңыздар, – дейді.

Әлгілер семіз қошқарды елден жинаған зекет малдарына қосып, ойын баласы Бекасылға батасын беріп жолға шығады.

Кеш түседі. Бекасыл қойларды айдап келгенде алдынан күтіп алған екі ағасы қойды түгендей келе, ішінде жүретін түкіті қошқардың жоқ екенін аңғарады.
Сұрақ-жауап басталады. Мәселенің мәнісін білген соң екі ағасы інісі Бекасылды сабап тастайды.

Екі бауырына өкпелеген Бекасыл түнде:
— Қарамұрт, қайдасың… – деп ренжіп, жолға шығады.

Осы сәтті тылсыммен сезіп қойған Ишан оның алдынан жорықшыларын шығарып, Бекасылды жарты жолда күтіп алады.
Жақсылап қонақ қылып, астына ат мінгізіп, қоржынына аттың басындай екі тұз салып тұрып:
— Еліңе бар. Екі ағаңның бір отар қойына «топалаң» атты ауру келді. Қоржыныңдағы тұзды жалаған қой аман қалады, жаламағаны түгел қырылады, – деп шығарып салады.

Бекасыл жетсе, екі ағасының тірнектеп жиған қойлары шетінен қырылып жатыр екен.
Бекасыл қоржындағы тұзды отарға тастайды. Ашыққан қойлар жабыла жалап шығады. Ол тұздың қандай ем болғанын бір Алла біледі.
Соның арқасында екі ағасының қойлары аман қалған екен.

Зекеттің құдіреті деген — осы.

Абдулмахмуд Пошатаев

СЫРЛЫ СОЗАҚ