57 жылдық тарихы бар ансамбль
Жуырда Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблінің есептік концертін тамашаладық. «Әнім сенсің, жырым сенсің – туған ел!» деген тақырыпта жазылған концерт сценарииі бізді тәнті етті, шыны керек. Кәдуілгі өтіп жүрген концерттер сияқты емес. Яғни залға жиналған көрерменге концертте орындалған әр ән мен күйлердің авторы және шығу тарихы баяндалып, орындалып отырды.Концерт көрермендерге де ұнағаны анық. Өйткеніәр орындалған шығарманы көрермендердің басым көпшілігі ың-шыңсыз, тебіреніске толы темппен тыңдап отырды. Бізде бармыз оның ішінде. Айтпағымыз, әлеуметтік желідегі «атақты әртістердің» жеке өмірін жазып, оны лездежариялап, бөлісіп, уақыт кетіргенше, осындай есті әндерді орындап, халықтың рухани мәдениетінің дамуына қомақты үлес қосып жүрген өнерпаздарды насихаттап, солар туралы жазылған мақала-эсселерді көпшілік оқыса екен дейміз. Бұл бір ақылгөйсіп, данышпан болайын деген ойдан туындап отырған сөз емес. Бір-бірін аңдып, сөз қуған, өсең-аяңға өрілген дақпырт жаңалықтар адамның ой өрісін ешқашан өсірмеген, өсірмейді да. Сондықтан көпшілік әні мен сөзі эстетикалық тұрғыдан көркем жазылған есті дүниелерге назар аударса екен.
Үлкен кісілер «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблін біледі деген ойдамыз. Ал таңды «телефонмен атырып, кешті батыратын» жастар жағы бұл ансамбльдің тарихын біле бермеуі мүмкін. Сондықтан ансамбльдің тарихын жаза кетсек дейміз. «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблі 1968 жылы құрылған. Алғашында ансамбль құрамында 30 адам өнер көрсеткен. 1972 жылы«Сұлутөр» халықтық ән-би ансамбліне атақты композитор Мэлс Өзбековтің өзі жетекшілік еткен. 1978 жылы ансамбль Монғолия Республикасына өнер сапарымен барып, халықтың алғысына ие болған. 1980 жылы Алматы қаласына арнайы барып, «Алтыбақан» телевизиялық бағдарламасына түскен. Сол таспаланған кадрлар қазір «Алтын қорда» сақтаулы тұр. Ансамбль 1982 жылы халықтық атағына ие болған. Ансамбль халықтық әуенмен біре дүниежүзілік классикалық шығармаларды да орындайды. Қазіргі таңда «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблінің дирижері – ҚР Мәдениет саласының үздігі Дастан Көреген, көркемдік жетекшісі – мәдениет саласының қайраткері, әнші Рысбек Қадырқұлов екенін айта кетейік.
Сөз басында «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблінің есептік концерті өте керемет өткенін атап өттік. Концертте «Әдемі-ау» би тобы қазақ биі «Тұмарды» билесе, «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблі Әбдімомын Желдібаевтің «Ерке сылқым», Бауыржан Ақтайдың «Арнау», Шолпан Қорғанбектің «Қасиетті Тараз», шет ел шырамасы «Дорога на Восток», Жамағат Хафисұлының «Бақтыбайдың әуені», Тоғжан Шахиннің «Балалар мекені Алтай» күйлерін және «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблінің сүйемелдеуімен жанды дауыста әншілер Күлімкөз Пірімқұлова Дүйсенәлі Бықыбаевтың «Жанарда көктем», Нұрлан Әмірбетов Жандарбек Құрамысовтың «Жамбыл ата елі», Айдана Лесқұл халық әні «Ахау керімді», Жансая Сәрсенбаева халық әні «Айқаракөзді»,Дүйсенәлі Бықыбаевтың «Туған жер тал бесігім», Пірімқұловтар отбасылық ансамблі Бәкір Тәжібаевтің «Туған жер», Айшолпан Алиева Садық Керімбаевтің «Жетісу», Кеңес Дүйсекеевтің «Қарағым-ай,» ансамбльдің көркемдік жетекшісі Рысбек Қадырқұлов Шолпан Қорғанбектің «Жамбылдың жері» әндерін орындап, көпшіліктің алғысына кенелді.
Концерт соңында аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, Құлан ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі, зейнеткер Бейсенбай Таңбаев, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдос Базарқұлов және Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің директоры Бердіхан Бабасов сөз сөйлеп, ансамбльдің шығармашылық ұжымына ризашылықтарын жеткізіп, алғыстарын білдірді. «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблінің дирижері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Дастан Көрегенге алғыс хат беріліп, иғына қазақы оюмен әдіптелген шапан жабылса, ансамбльдің көркемдік жетекшісі, мәдениет саласының қайраткері, әнші Рысбек Қадырқұловқа алғыс хатпен қоса бағалы сыйлық табыс етілді. Ауданның Құрметті азаматы Райзо Шәділбеков өнерпаздарға ақа батасын берді. Осылайша 57 жылдық тарихы бар «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблінің есептік концерті жоғары деңгейде өткізілді.
Марат Диханбай,



