Зашағандықтардың қуанышы еселенуде

 

Орал қаласының іргесіндегі Зашаған кентінде әлеуметтік нысандар көбеюде. Тұрғындардың игілігіне қызмет ететін нысандар қатары «Қала күні» мерекесі аясында тағы да толықты.

Осындай нысандардың бірі – заманауи үлгіде жасақталған «Ерке» балалар сауықтыру кешені. Бассейн, емдік дене шынықтыру және массаж, логопедиялық кабинеттер мен хореография және гимнастикаға арналған арнайы залдардан тұратын орталықтың директоры, жеке кәсіпкер Ерлан Дүйсекенов мұндай кешенге сұраныс жоғары екенін жеткізді. Себебі, кент аумағында жыл сайын халық саны артуда. Сол себепті кәсіпкер жеткіншектерге арналған осындай пайдалы орталық ашуды ойға алған.

Зашағандықтардың қуанышын еселеген тағы бір жаңалық – кентте екі бірдей спорт нысанының халық игілігіне берілуі. Бірі – облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебі болса, екіншісі – спорт алаңы.

 

 

Жалпы аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын спорт мектебін «АОЗТ КПО б.в» компаниясының тапсырысымен «KazConstructionGroup» ЖШС салған. Спорт мектебінде болейбол, баскетбол, гандболға арналған ойын залы, боксшыларға арналған қос ринг бар. Ғимараттың барлық залдарында заманауи жабдықтар орнатылған. Ал жаңа футбол алаңы кенттегі спорт сүйер жастардың бос уақытын тиімді өткізер орынға айналары сөзсіз.

 

 

Орал қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биыл облыс орталығында заманауи үлгідегі жиырма спорттық және ойын алаңын салу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 14-і пайдалануға берілсе, қалған алаңдардың құрылысын да жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.