«Z DEBAT» жастардың ынтымақтастығын арттырды

Түркістан қаласында жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту, өз ойын еркін әрі дәлелді жеткізу мәдениетін қалыптастыру және қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында «Z DEBAT» телевизиялық пікірсайыс бағдарламасы өтті. Іс-шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов қатысып, жастарды құттықтап, пікірсайыс мәдениетін дамыту мен белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Бағдарлама барысында қатысушылар мен төрешілер таныстырылып, пікірсайыс тақырыбы жарияланды. Алғашқы кезеңде қатысушылар арасында «Бетпе-бет» форматындағы жеке пікірсайыс ұйымдастырылса, кейін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Рух» командасы мен Түркістан жоғары көпсалалы медицина колледжінің «Номад» тобы арасында топтық пікірсайыс өтті.

Пікірсайыс барысында командалар өз ұстанымдарын таныстырып, негізгі аргументтерін ұсынып, қарсы тараптың дәлелдеріне жауап берді. Қорытынды бөлімде сарапшылар қатысушылардың өнеріне баға беріп, өз пікірлерін білдірді. Іс-шара соңында белсенділік танытқан қатысушылар мен командалар марапатталып, жастар арасында интеллектуалдық ойлау мен шешендік өнерді дамытуға бағытталған бастамалардың маңызы атап өтілді.