Виктория Трегубова: “Барлық адам қазақша сөйлейтін уақытқа да жетеміз”

Қазақстан халқы ассамблеясының белсенді өкілі Виктория Трегубова Ресей БАҚ-тарының “орыс тіліне қысым жасап жатыр” деп шүйлігуіне қатысты өз ойын білдірді. Express Qazaqstan тілшісіне айтқан пікірінде ол еліміздегі барлық азамат қазақша білетін күн алыс емес, тек байыппен қадам жасау керек екеніне тоқталды.

Express Qazaqstan: Ресей БАҚ-тары “орыс тіліне қысым жасап жатыр” деп жиі байбалам салатын болды. Бұл мәселеге көзқарасыңызды білсек. Шынымен де, қысым бар ма?

Виктория Трегубова: Қай мемлекет болса, өз халқын, өз адамдарын жақтайды. Ресей баспасөзі Қазақстанды іштей жақсы білмейді. Не жағдай болып жатқанынан, түрлі этникалық топтар арасындағы қарым-қатынастан хабарсыз. Арандатушылардың сөздеріне мән беріп, дабыл қағып жатыр. Ақпарат жеткіліксіз болғандықтан біржақты қарап отыр.

Мәселен, қазақтар көп тұратын басқа мемлекеттерде “қазақша сөйлетпей жатыр екен” деген ақпарат шықса, бәріміз де дабыл қағамыз. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдары жалған ақпарат екенін біле тұра, өз оқырмандарын көбейту үшін осындай қадамға барады.

 

Express Qazaqstan: Бұл арандатушылық емес пе?

Виктория Трегубова: Тіл мәселесіне қатысты арандатушылар көп болып тұр. Түрлі видео түсіріп, пост жазып жатыр. “Орыстарды қуып жатыр” дегеннің бәрі жалған ақпарат. Қазақстанда ондай жағдай жоқ. Тіл мәселесіне қатысты шу шығарып жүрген адамдардың да үлкен әсері болмайды деп ойлаймын. Орыс тілінің орны конституцияда көрсетілген. Аяқ астынан жоқ болып кете алмайды. Қазақ тілімен қатар жүретін тіл.

Шыны керек, ондай оқиғалардан кейін орыстілді азаматтардың бойында қорқыныш ұялайды. “Бізді қуып жатқаны ма бұл, орыс тіліне тыйым сала ма? Енді не істейміз? Кету керек-ау” — деп үрейленеді. Бірақ сауатты, заңды білетін адам ондайға мән бермейді.

Әрине, қазақ мектептерді, балабақшаларды көбейтейік деген ұсыныс жасалынып жатыр. Бір жағынан ол да дұрыс. Қазақстанда барлық адамдар қазақша сөйлейтін уақытқа да жетеміз. Бірақ асығыстық жасаудың қажеті жоқ. Бәрі жәймен келеді.

Express Qazaqstan: Өзіңіз қазақ мектебін бітірдіңіз. Қазақ тілінің жанашырысыз. Мемлекеттің тілдің жай-күйі туралы не айтар едіңіз?

Виктория Трегубова: Түсінігі бар адам мемлекеттік тілді үйренуге тырысады. Үйреніп те жүр. Өз ана тілін білмейтін адамдарға “санасы білсін” дейміз. Бәрі қазақ тілін білсін, үйренсін десек, мемлекеттік тілдің қажеттілігін арттыру керек. Оны орыс тілін алып тастау арқылы емес, байыпты саясат жасалуы тиіс. Тілді адам бірден үйрене алмайды. Бірте-бірте үйренеді. Біздің еліміздің тіл мәселесіндегі саясаты дұрыс жолда деп ойлаймын.

Қазақ тілін бәрі білуі тиіс. Үлкен кісілерге қиындау болатын шығар. Бірақ жастарды балабақшадан үйрету, қазақ тілін білу керек деген түсінік қалыптастыру қажет. Педагог болмасам да, әдіснамаларды білмесем де, қазақ тілін жақсы сөйлеп, жаза алатын болған соң, адамдар балаларыма үйрет деп сеніп тапсырып жатыр. Балаларым білсін деген орыстілді азаматтар көп. Балаларға мотивация берсе, қазақ тілін үйренуге құлшынысы арта түседі.

Қазақ тілінің үйренуге жастардың құлшынысын арттыратындай амал жасау керек. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру ләзім. Сол кезде “бізге талап қойып жатыр” деген ой болмайды.

Express Qazaqstan: Өзіңізге қысым жасалған кез болды ма?

Виктория Трегубова: Қазақ тілін жақсы білгендіктен шығар, маған ешкім қысым жасамапты. Тіпті, “қазақша біледі-ау” деп ойламаған адамдардан да: “Қазақстанда тұрып жатсың, қазақша сөйле!” — дегенді естіген емеспін.

Қазақ тілін жақсы еркін сөйлейтінімді білгендер сый көрсетіп, құрметтеп жатады. Көмек қолдарын созады. Қазақ халқы өз дінін, тілін, ділін сыйлаған адамға құшағын жайып, ыстық ықылас білдіреді.