Валентина Матвиенко Қазақстандағы орыс азаматтарын қазақша үйренуге шақырды

Қазақстанда іс-сапармен жүрген Ресей Федерациясы федералды Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко елімізде тұрып жатқан орыс азаматтарына қазақ тілінде сөйлеуі керек екенін жеткізді, деп хабарлайды BNews.kz.

«Әрбiр халық, ұлт, этнос, әрине, өз тамырын сақтап, өзiнiң отанымен байланысын үзбеуi керек. Бiрақ, басқа елде, қазiргi жағдайда Қазақстанда өмiр сүрсек, бiрiншiден, елдiң заңдарын бiлiп, құрметтеуiмiз қажет. Бұдан бөлек, әлбетте, қазақ тiлiн оқуымыз керек. Халықаралық қатынас тiлі саналатын орыс тiлiнiң болғаны жақсы. Дегенмен, Қазақстанда тұрып жатқандықтан, қазақ тiлiн бiлiп, қазақ тiлiнде сөйлеген жөн», — дейді Матвиенко.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев елімізге сапарлай келген РФ өкілі Валентина Матвиенконы қабылдаған болатын. Кездесу барысында екі елдің өзара ықпалдастығы, соның ішінде парламентаралық саладағы іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, кездесуден кейін мемлекет басшысы Валентина Матвиенкоға Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.

Дереккөз: BNews.