ӨМІР-СЫНАҚ, АЛ БІЗ КІМБІЗ…

Мен мүгедек емеспін. Мен милары суалған адамдарға қарағанда көңіл байлығым шексіз. Иә, мен басқалардай ыстық пен суықты қолмен ұстап біле алмаймын, әппақ қардың үсті немесе жаңбырдың астында жалаң аяқ жүгіріп көрмегенмін. Бұл сөздерімді оқыған соң «Сен» мүгедек адам екенсің деп ойлап отырған болсаң, менің сұхбатымды оқымай-ақ қой! (Ник Вуйчич)

Адамдар үш топқа бөлінеді дейді білгіштер. Бірінші топтағылар – азық сияқты, әрдайым қажет болады. Екінші топтағылар – дәрі сияқты, кейді ғана қажет болады. Үшінші топтағылар – ауру сияқты, ешкім оларды қаламайды, бірақ амалсыздан оларға ісі түсіп тұрады деп айтады. Сонымен қатар атақты адамдардың: «Егер ұша алмасаң, онда жүгір. Егер жүгіре алмасаң, онда жүр. Егер жүре алмасаң, онда еңбекте. Бірақ тек алға қарай қозғалудан айныма!» (М.Л.Кинг) деген сөзі де бар.

Өзіңізге кейде не үшін өмір сүріп жүрмін деген сұрақты қоясыз ба? Көбінесе біз ата-анамызға менде анау жоқ, мынау жоқ деп шағым айтамыз. Бет әлпетімізге қарап қасым ұнамайды, тырнағым ұнамайды деп жиі өзімізден мін тауып жатамыз.Бірақ, бір сәт ойланып қарасақ тырнағы түгілі қолы, аяғы жоқ адамдар да бар ғой. Басына бір кішкентай қиындық түссе өмірден түңіліп, адасып жүргендер қаншама? Он екі мүшесі сау бола тұра, не үшін өмір сүріп жүргендерін өздері түсінбей, қаңғыбас болып кеткендер қаншама? Өзінің емес өзгенің өмірін сүруді армандаған Ник тағдырының тауқыметін талай шекті.Тіпті кейде оның өз-өзіне қол жұмсамақшы болғаны кездері де көп. Дегенмен өмірге деген құштарлық пен ата-ананың балаға деген шексіз махаббаты нағыз рухани құндылық емес пе ? Осыны ұққан бала өмірге деген жаңа көзқарас орнатып,ол үшін өн бойындағы кертартпа күшпен күресе білді.

Мүмкін сізде оның есімін естіген шығарсыз? Ник Вуйчич аяқ-қолсыз дүниеге келген жарымжан екендігіне қарамастан өн бойынан өмірге деген құштарлық таба білген адам.  Ни́к (Ни́колас) Вуйчич(ағылш. Nicholas James Vujicic)- кәсіби мотивациялық оратор, сирек кездесетін синдром тетра-амелия деп аталатын ауру түрімен туылған.

Ол 1982 жылы 4 желтоқсанда Австралияның Брисбене қаласында Борис Вуйчич пен Душка Вуйчич отбасында дүниеге келген. Ол екі қолы және екі аяғы жоқ болғанына қарамастан дені сау бала болып өмір есігін ашқан.Сондықтан да ата-анасының талабы бойынша ол мүгедектерге арналған емес, қарапайым мектепте білім алған. 10 жасқа толған кезінде сыныптастары тарапынан көрген қорлыққа шыдамай суға батып өлмек те болыпты. Алайда оны жақындарының қандай азап тартатыны туралы ой тоқтатқан екен. Ол физикалық тұрғыдан кемістіктеріне қарамастан серфингпен айналысуға, скейтборд тебуге құмар болады. Гольф ойнағанды ұнатады. Ол есепші(бухгалтер) және қаржыгер мамандықтары бойынша екі жоғарғы оқу орнын 21 жасында тәмамдаған. 19 жасынан бастап студенттер, баларлар алдында өз өмірі туралы айтып, жастарды өмірді сүюге тәрбиелей бастаған.

Ал 2005 жылы ол «Ең жас автралиялық азамат» атағын иеленді. Бұл Австралияда өте мәртебелі атақ болып саналады. 1999 жылы «Жизнь без конечностей»(ағылш. Life without Limbs) деп аталатын ұйым құрған. «Attitude Is Altitude» деген қоғамдық маңызы бар мәселелерді көтеретін компанияның президенті. Сонымен қатар бүгінгі таңда әлемнің 5 құрлығы мен  70-тен астам  мемлекетін аралап, жарымжан жандар үшін қандай жағдайда да өмір сүру керек екендігі жайында баяндамалар оқыған.

Әлемнің  елдерін аралап мектептер мен университеттерде өнер көрсетіп, көптеген адамдардың жүрегіне үміт отын ұялата білген  Ник Вуйчич  жастардың өмір мәнін түсінулеріне түрткі болған атақты тұлға. Аяқ жағындағы кішкене саусақтары көмегімен компьютерде 1 минутта 43 сөз теру арқылы өзінің өмірі және мүгедек жандардың жағдайы туралы «Жизнь без ограничений» (Life Without Limits: Inspiration for a Ridiculously Good Life) деген сияқты бірнеше кітап жазып шығарған.Сонымен қатар көптеген телешоуларға қатысқан,2009 жылы «Цирк бабочек» («The Butterfly Circus») деген мүгедек жанның тағдыры туралы фильмге де түскен. Қолы жоқ бола тұра 1 сағатта 1749 адамды құшақтап әлемдік рекорд орнатқан болатын.

252e9f

Төменде Ник Вуйчичпен болған бір сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз:

Мен мүгедек емеспін. Мен милары суалған адамдарға қарағанда көңіл байлығым шексіз. Иә, мен басқалардай ыстық пен суықты қолмен ұстап біле алмаймын, әппақ қардың үсті немесе жаңбырдың астында жалаң аяқ жүгіріп көрмегенмін. Бұл сөздерімді оқыған соң «Сен» мүгедек адам екенсің деп ойлап отырған болсаң, менің сұхбатымды оқымай-ақ қой! (Ник Вуйчич)

1982 жылдың 4-желтоқсаны күні туралы айтшы?

-Сіздің айтқан датаңыз менің туған күнім екен. Менің әкемнің аты Адам Вуйчич, ал анамның аты Лиза. 1982 жылдың 4-желтоқсаны олар үшін де мен үшін де қара түнек  түс болған секілді. Дәрігерлер ата-анама: -Нәрестелеріңнің  төрт мүшесі жансыз туылды, егер кесіп тастасақ ол өмір сүреді, ал кезкізбейміз десеңдер ұлдарыңа «Қош!»,- деп айтыңдар депті. Құдай тағала барлық адамзат ішінен неге тек маған ғана осындай тағдыр бұйыртқанын білгім келіп қаншама ойландым. Әкем өте тура адам. Ол ұлының мықты азамат болатынына сенгендіктен тәуекел жасап төрт мүшемді кестіріп тастауға келісім бергендігін бертін келе көзінің жасын көл қылып отырып маған айтып  берген еді.

Әрбір таң  өзіңізге  қиын сезілген жоқ па?

— Мен көзімді ашқан сайын атып тұрып кетуге талпынамын. Әттең, менің ойлағанымдай болмайтыны өкінішті. Бала кезімді төсегімнен тұра алмайтындықтан  әке-шешеме «Сендер неге менің қол-аяғымды жеп қойдыңдар!»,-деп айқайлап, ойбайлап бақырушы едім. Ол екеуі менің тынышталғанымды күтіп сағаттар бойы бөлмемнің есігінің алдында тосып тұратын. Олар да қанша көп жылады десеңші. Мен Австрияның Мелбурн қаласында тұрамын. Бүгінге дейін Мелбурндіктер ата-анама рухани демеу жасайды. Сендер жассыңдар, өмірлерің алда, әлі тағы да балалы боласыңдар т.с.с сөздерді үнемі айтып жатады. Мен не үшін олардың көңілімді аулаған өтірік-шыны аралас мақтау сөздерін тыңдауға тиіспін, менің қателігім бе, әлде ата-анамның  күнәсінен бе? деп  қаншама рет Құдайға жалбарынып, жылап, көп уақыт дұға-тілектер жасадым десеңші…

Кім саған осы өмірдің бақыты мен жігерін сыйлады деп ойлайсың?

-Сіз байқап отырсыз ба? Адамның аяғы болатын жерінде менде қанатқа ұқсас бірдеме бар ғой. Әуелден солай болатын. Мен 12 жасқа толғанымда «қанат» деген нәрсе болатынын білгенмін. Қабырғаға сүйеніп отырған кезімде осы қанат адамның қолындай қозғалып, маған барлығы туралы айтып беретін. Бұл қанатсүрей нәрсе  не үшін менен бөлінбей қалып қалды екен, ол маған не айтпақшы екен деген сияқты көптеген ойлар көңілімді мазалай бергендіктен, өмірімді қайтадан басынан бастадым.

Сіз рәмізсіз (символ). Басқалардың жүрегіне үміт отын жағып, содан бақытыңызды тауып отырсыз?

-Жоқ, мен рәміз емеспін. Рәміз деген нәрсе Американың ақшасында ғана орналасатырылған. Ал мені басқалардың жігерін жанушы, жігерлендіруші деп айтсаңыз болады. Құдай менен маған қажетті нәрселердің барлығын алып тастаса да тек бір нәрсені ғана басқалардан артық бұйыртқан.  Ол нәрсе- менің айтқандарымның барлығын шын жүрегімен қабылдайтын тыңдаушыларым. Әлемнің 70-тен астам елдеріне барып лекция оқыған кездерімде олар мені мазақтауға емес менің сөздерім арқылы жігер алғысы келіп  аудиторияларда тосып отырады. Кіріп келгенімде қол шапалақтап  қарсы алады… Бір ретте  менің суретімді көтеріп ұстаған бір  бойжеткен маған қарап «мен қандай екенмін» деп сұрады. Мен не мағынада сұрағанын түсінбей күлгенімде, «Ник Вуйчич сен менің өмірімнің қуанышы мен бақытысың, егер дүниеде сен жоқ болған болсаң менің туған інім бұл дүниеден қасіретпен жылап өтетін еді» деп інісінің суретін маған көрсеткен кезде мен әлемде жападан жалғыз емес екенімді түсіндім. Ол сурет менікі емес оның інісінің суреті еді. Оның інісі бір жылдың алдында ғана авариядан болып барлық мүшесін кестірген екен. Шынында өте өкінішті. Ол жігіт менің әңгімемді тыңдап, менімен бірге тамақтанғысы келді. Біз әлемдегі барлық нәрселер туралы әңгімелестік. Кешкі астан кейін ол маған: «Бүгінгі менің күлкі мен қуанышым не екенін түсінесің бе. Сенің жалғыз ауыз сөзің  мені өмір сүруге жігерлендірді. «Ешқашан тізе бүкпе!» деген сөзің бүгінгі күнімнің бар болуына және болашақтан үміт етуіме көмектесті »,-деп шын жүректен рахметін айтты.

Махаббат туралы сөйлесейікші. Жұбайың туралы айтшы, қалай таныстың?

-Менің әйелімнің аты Ган Лули. Қанында АҚШ-тықтар мен Қытай ұлтының қоспасы бар. 2009 жылы Қытайдың Ұлттық Университетінде кездесуге қатысып, лекция оқу үшін сахнаға өрмелеп бара жаттым. Арнайы сахнаға шыққан соң адамдарды үнсіз бір минуттай бақылайтын дағдым бар еді. Жиналған адамдардың дәл орта шенінен от шашқан ыстық  жанардың қадалуы еріксіз менің назарымды аударды. Мыңдаған көздердің арасынан оның жанары мені арбап алған еді. Сол кезде мен қара терге түсіп, ұялып, екі бетім алмадай қызарған секілді болды. Оным  сан мыңдаған адамдардан емес, қазіргі жұбайымнан ұялғандықтан солай болған еді. Лекция табысты аяқталған соң Лули  мені бірге тамақтануға шақырды. Сол күннен бастап мен оныкы, ол менікі болды. Анда –санда мен одан не үшін мені сүйіп, тіптен менің баламды тапқанын сұрағанымды оның «ештеме де айтпайтыны» да таңқаларлық.

Қазір ата-анаңа ренжімейтін шығарсың?

-Баяғыда-ақ бәрін ұмытқанмын. Олардың орнында  мен болсамда балама жарық күн мен әлемді көрсету үшін осындай жолды таңдаған болар едім.

Басқаларға ең көп айтқың келетін тәлімді сөзіңді айтшы?

-Ешқашан тізе бүкпе. Барлық сөздер ішінде ең ақиқат сөз осы. Мен өз өмірімнен түйген кейбір ұстанымдарымды сіздермен бөлісейін. Қандай қиыншылық болса да сабырлы болыңдар. Қазірде мен жұбайымның қолынан ұстап көрмесем де уақыты келгенде оның алақанынан аялап қысатыныма сенемін. Бірақ олай істеу үшін қайткенде қолың бар болуы шарт емес деп ойлаймын.

Өміріңде естіген ең жаман сөзің?

-Мүгедек. Шынында мен қанша мүгедек болсам да өмір сүру құқым бар емес пе.

Соңғы сұрақ, не үшін «милары суалған адамдар» деген сөзді айтуға әуес болдыңыз?

-Барлық дүниені Құдай тағала өлшеусіз беріп қойып тұрғанда, ешбір әрекетсіз, арман-мақсатсыз үйлерінде тығылып жататын адамдарды мен осы топқа жатқызамын. Менің өзім мына түріммен армандап, алға ұмтылып жатқанымда ол неліктен немқұрайлы, бір орнынан қозғалмай тұра береді мен мен таңқаламын.

Иә, Ник Вуйчичтің болмысына қарап отырып тебіренбеу мүмкін емес. Менің бұл жазбаны жариялаудағы мақсатым қандай қиындық болсада ешқашан мойымай, өмірді сүйіңіздер дегім келеді.Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Өмірді мәнді де, сәнді өткізу әркімнің өз қолында! Адам баласын бақытты ету үшін аспандағы айды ерттеп мініп, жұлдыздарды жетектеп келу шарт емес. Нысап пен нәпсі бар. Нысап-тойым, нәпсі-тойымсыз. Азап, ауыртпалық, ауру-сырқау, қиыншылықтың барлығы  жаңарғысы, жаңартқысы, өзгергісі, өрлегісі келетін жандарға түседі. Бірақ оларға біз ешқашанда берілмеуіміз керек. Яғни, өзімізге және өз күшімізге деген сенімді бір мезетке де жоғалтпау керекпіз.

Қандай да бір сынақ Алла тарапынан келеді. Оны адам баласы ысырып немесе кейінге қалдырып қоя алмайды. Сондықтан, Жалғыз Жаратушыға ғибадатты шын ықыласпен, өзіндік қалаумен жасағанымыз абзал. Ол үшін Раббымыз өз пендесін жақсылықпен де, жамандықпен де сынай алады деген сенімді санамыз бен жүрегімізден бір сәтке де шығармауымыз қажет. Сонда ғана иманымыз бекіп, құлшылығымыздың мәні артпақ. Егер осы өмірде тартқан азабыңызға сабыр қылып, Аллаға ризашылық танытсаңыз, ақыретте үлкен олжаға кенелеріңіз сөзсіз. Керісінше жағдайда, қайғы-қасіретке тап болып, мәңгі азап шегеріңіз және хақ.

Иә, бұл өмір біздерге сынақ өмірі, мәңгі ақірет өмірінің азығын осы азғана сынақ өмірінде жинайық. Алла Тағала барша иманды пенделеріне сабырлық пен шүкірлік нәсіп еткей!

Дайындаған: «ЕлАна»