Ұстаз мәртебесін көтеруге бағытталған серпінді қадам

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауы жетістікке жету жолын табу үшін нендей жұмыстар істелуі қажеттігін айқындау жолындағы маңызды әрі айтулы қадам. Елбасы жариялаған басымдықтар мен міндеттер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және технологиялық тұрғыда жаңғыртудың логикалық жалғасы іспеттес. Еліміз егемендік жылдарында үнемі жаһандық жаңа үрдістерді қолдап келеді. Мақсат – айқын. Халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық әлеуетін арттыру. Биылғы Жолдауды әсіресе, еліміздегі ұстаздар қауымы зор қуанышпен қарсы алды.

Елбасы маңызды құжаттың «Тұрмыс сапасын арттыру» атты екінші басымдығында Елбасы жоғары білім беруге қатысты, педагог мәртебесі жайында бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті. Атап айтқанда, 2019 жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылданады. Бұл – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға зор қадам болмақ.

Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау керек деп есептеймін. Ол заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы керек. Жүктемені қысқартып, қызметтен тыс тексерістерден арылту керек. Тыңдаңыздар, мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле береді. Сайлауды өткізетін – мұғалімдер, үгіт-насихатты жүргізетін – мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса – мұғалімдер… Ол үшін ешкім де оларға ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемеден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеуі керек. Тынымсыз тексерістер де бітпейді. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек», – деді.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті нарықта тек жоғары білім бере алатын жоғары оқу орындары қалу керектігін баса айтты. Расында да білікті, білімді кадрлар даярлауда және технологиялық дамыған елдердегі ғылыми жұмыстар жүйесінде жоғары оқу орындарының үлкен маңызды рөл атқарады. Мұның қабатында оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашуға мән берілуі тиіс. Бұған қоса, ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керектігі тағы бар. Айналып келгенде, бұл қадамдардың барлығы «Рухани жаңғыруға» қызмет ететін болады.

Білім беру саласының қыз­меткері ретінде бізді Жолдауда маман даярлау сапасын арттыра түсуге көңіл бөлінгені да айрықша қанаттандырады. Иә, қазір аз да болса саз маман әзірлейтін кезең келді. Бұл баяғы бір кездердегідей оқу орындарының топырлатып түлек шығаратын үрдісінің күні кетіп бара жатқанын да байқатады. Мұның бәрі жаңаша ойлауға жатады. Ал жаңаша ойлау туралы білімді ұсыну мен өңдеу инновациялық қоғам үшін аса маңызды екені анық. Жолдаудың білімге қатысты құрмет көрсетуді үндейтін тармағынан туған ойлар бізді осындай тұжырымдарға жетелейді. Түптеп келгенде, білім біздің жоғары оқу орындары мен мамандардың бәсекеге қабілеттігін арттырып, олар­дың осы саладағы іс-әрекеттеріне на­ғыз безбен болады.

Бұл тұрғыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ғылым мен білімді өзара үйлестіріп, ғылыми зерттеу жұмыстарын ғылым мен технологияның жаңа нысандарына бағыттап жүргізуді басты мақсат етіп келе жатқанын атап өткім келеді. Білім мен ғылымды дамыту және қыздарға педагогикалық білім беру, белсенді азаматтық ұстанымы бар мамандар даярлау басты миссиясы болып табылатын оқу орнында өткізілетін халықаралық деңгейдегі ғылыми конференциялар, жүзеге асып жатқан түрлі жобалар саладағы мәселелерді шетелдік әріптестермен бірлесе шешіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Бізді Елбасының әдеттегідей жас ұрпаққа білім беруге айрықша көңіл бөлуі ерекше қуантты. Жолдауда бізді білім берудің жаңа сапасына көтеретін жаңғыру­дың негізі ретіндегі адам капиталы болатынын атап көрсетеді.

Мемлекет басшысы ұсынған Жолдау Қазақстан дамуының жаңа бағытын көздейді. Бұл бүгінгідей алмағайып уақытта қоғамның мүддесі мен негізгі мақсатын ескеретін стратегиялық тұрғыдан маңызды құжат. Себебі, Жолдауда көрсетілген басымдықтар ел дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді даму стратегиясына сәйкес келеді. Сонымен қатар, Жолдау Қазақстанның әлемдегі технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістерге бейімделуіне сеп болады.

Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор