ҒАСЫР ЖАСАҒАН МЕКТЕП талай марғасқаларды тәрбиелеп ұшырған қасиетті ұя

Қай адамға болсын өзінің туған жерінен, өскен елінен қымбат ешнәрсе жоқ. Еліне, жеріне деген сүйіспеншілік ана сүтімен қанға сіңген, өмір бойы өшпейтін, ешқашан да сөнбейтін абзал қасиет десек, осы сүйіспеншілік абзал азамат, ұлағатты ұстаз, парасатты педагог, тәлімді тәрбиеші, халқының қадірлі ұлы Қажыкелді Орынбайұлын өле-өлгенше туған жері — Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданындағы Белтерек ауылына жетеледі. Оның үлкен өмірге жолдамасы Белтеректе бастау алып, асқақ арманы — өзі ашқан тұңғыш мектебі осы Белтерегінде жүзеге асты, қызмет баспалдағымен жоғары өрлеп, үлкен абырой биіктеріне көтерілген кезде де жүрек түкпірінде Белтерегін бір сәт те ұмытқан жоқ. Ол соңғы сәттерін де Белтерегінде өткізіп, туған жердің саф алтындай ауасын соңғы рет құшырлана жұтып көз жұмды.

 

Биыл Семей өңіріндегі оқу-ағарту ісінің бастауында тұрған жаңа үлгідегі сол алғашқы білім ошағы — Қажыкелді атындағы орта мектептің құрылғанына бір ғасыр толып отыр.
Талай белесті артта қалдырған Қажыкелді мектебі орналасқан Қызылмола болысы, қазіргі Белтерек атырабы — ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтар ауылдарымен көршілес қана емес, бұл өткен ғасырда бүкіл Орта жүзге ақыл-парасатымен белгілі болған Жабағы, Сәлменбай, Ханқожа, Жағыпар болыстар, Аякөз дуанына қарадан шығып хан болған аға сұлтан Қалдыбай Қопабайұлы, үш рет Меккеге барған өз заманының білімді, білгір адамы Қазанқап қажы Қынашұлы шыққан қасиетті мекен. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Абайдың талантты шәкірті Иманбазар Қазанқапұлының жүрегін ең алғаш өшпес поэзия отымен тұтатқан да осы құтты Белтерек топырағы.
Белтеректің төл перзенті Қажыкелдінің кіндік кесіп, кірін жуған, мұғалім болып еліме қызмет етсем деген таудай талабын шыңдаған да осы атамекен. Ол туған кезде Қазанқап қажы үшінші рет Меккеге барып, аман-есен келген күн екен. Сол себепті де дүниеге келген жас сәбиге осы киелі кісінің қасиетін беріп, шарапаты тисін деген тілекпен азан шақырып, Қажыкелді деп ат қойыпты. Ауыл ақсақалдарының ақ ниеті бала күнінен білім алуға жатпай-тұрмай талпынған ынталы, зерек жастан мол үміт күттіреді. Оның бұл талабына өз ағасы, Омбының май-сүт шаруашылығы мектебін бітірген зиялы азамат Сүтбай Орынбаевтың әсері де мол болған екен. Ауыл молдасынан хат танығаннан кейін ол осы ағасының көмегімен Семейдегі бастауыш орыс мектебіне қабылданып, 1913 жылы оның 4 класын ойдағыдай бітіріп шығады. Қайткен күнде де мұғалім болып, туған аулына пайдасын тигізуді ойлаған талапты жас Семейдің Алаш аталатын бөлігінде, яғни Алаш қаласында алаш зиялылары ашқан, қазақ мектептеріне мұғалімдер даярлайтын екі жылдық мектепте оқуын жалғастырады. Бұл оқу орнында халқымыздың ұлы перзенттері Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, алаш қайраткерлері Мәннан Тұрғанбаев, Ыдырыс Мұстанбаевтар сабақ беріп, болашақ атақты тілші-ғалым Сәрсен Аманжоловпен, Семейдегі тұңғыш қазақ театрының алғашқы режиссері Ғалиақпар Төребаевпен бірге оқиды. Осы қалада тұратын туысы, белгілі көпес, меценат Ахмади Оңалбаев, Алаш қозғалысына белсене қатысқан ағайыны, Семей облыстық земство депутаты болған ақын Иманбазар Қазанқапұлы ой салған болуы керек, 1918 жылы сол мектепті бітірісімен өзінің туған ауылы – Белтерегіне қайтып оралып, жас кезінен аңсаған арманын нақтылы жүзеге асырады: атақонысы Орынбай қыстағында өз қаржысына мектеп ашады, ауыл балаларының сауатын ашу мақсатында оларды мектепке көптеп тарту үшін алты ай бойы ақысыз еңбек етеді. Бастапқы кезде Қажыкелді мектебінде 1 глобус, 6 парта, 1 тақта болған екен. 1922 жылы Семей өңіріндегі бұл жаңа үлгідегі алғашқы оқу орны 1-ші басқыштағы Қызылмола мектебіне айналып, оқу Қазанқап қажы қыстағында арнайы салынған шағын ғана екі қабатты үйде өткізіледі. Сыртын ақ балшықпен сылағандықтан алыстағы жайлаудан келе жатқанда мектеп жарқырап көрініп тұрады екен. Оны сол себепті жұрттың бәрі «ақ школ» деп атап кетіпті. Осы Қажыкелді мектебінен көптеген елге танымал тұлғалар оқыды.
Бүкіл Жарма ауданы көлемінде Ыбырай Алтынсариннің үлгісімен құрылған бұл алғашқы қазақ мектебінде оқу қазақ, орыс тілдерінде жүргізіліп, маңайдағы ауылдардан, көршілес Абай ауданынан да шәкірттер келіп, білім нәрімен сусындайды. Қажыкелді мектебінің алғашқы мұғалімдері ішінде қазіргі атақты палуан Дәулет Тұрлыхановтың атасы, белгілі қоғам қайраткері Тұрлыхан Хасенов, Максим Конев, Екатерина Фоминых, Белтеректің өз перзенті, зиялы азамат Түсіпжан Қаметов сияқты тамаша педагогтар болды. Көп ұзамай Тұрлыхан Хасенов те Қажыкелді сияқты өз ауылы — Қапанбұлақта мектеп ашты, қазір ол оқу орны осы алаш ардақтысының атында.
Қажыкелді ашқан мектеп сол жылдары-ақ ел қошеметіне бөленді. Жас ұрпақтың сауатын ашып, санасын оятуда Қ.Орынбаевтың өзі көпке үлкен үлгі-өнеге көрсетті, мәңгілік өшпес із қалдырды. Жан-жақты білімі бар, туған халқының бүкіл тарихымен жете таныс Қажыкелді сөйлер сөзге шешен, ақын жанды адам болған деседі жұрт. Ол қазақтың ауыз әдебиетін, Шығыстың ғұлама ойшылдары мен орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларын жақсы білуі себепті өз білгендерін қазақ тілі мен әдебиеті және қоғамтану пәндерін оқытқан кезде де, ауылдастары арасындағы әңгімесінде де ұтымды пайдаланып, жұртты үнемі қызықтырып отырған. Бұл мектепте оқу қазақ және орыс тілдерінде жүргізіліп, оқу-тәрбие ісінде прогресшіл әдістер қолданылды.
Оқу ісінің тамаша ұйымдастырушысы, талантты педагог Қажыкелді шәкірттерінің сапалы білім, саналы тәрбие алуына көп тер төгіп, еңбек етеді. Семей губерниялық халық ағарту бөлімінің мәліметтері бойынша ол басқарған №3 Қызылмола 1-ші басқыш мектебіндегі оқушылар саны 1926 жылы 56 оқушыға, 1930 жылы №27 рет санымен аталған осы мектептегі оқушы саны 106 балаға жетіп, облыстағы үлгі аларлық, мақтан етерлік оқу орнына айналған.
Оның халық ағарту ісіндегі еңбегі зая кеткен жоқ. Жас ұрпақ тәрбиелеудегі зор еңбектері үшін оған 1948 жылы Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген мұғалім атағы беріліп, Ленин орденіне ұсынылады. Бірақ бұл награданы алу оған бұйырмады. Ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін 1948 жылы 11 мамырда туған ауылы Белтеректе көз жұмады.
Қажыкелдінің жолын қуып, оның көптеген шәкірттері ұстаздық жолды қалап алды. Қабылқақ Сүтбаев сол Абай атындағы орта мектептің, одан кейін Жарма санаторийлік типтегі мектеп-интернатының директоры қызметтерін атқарып, жемісті еңбегі үшін Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген мұғалім атағына ие болды. Құсман Сатиев болса, ұстазынан алған біліммен ғана өзінің зеректігінің арқасында Ақбұзау орталау мектебінде бес жыл қатарынан мұғалім, одан кейін 1935-1941 жылдары осы мектептің директоры, Чапаев атындағы орталау мектептің, Георгиевка балалар үйінің, Аякөз ауданындағы Сергиополь орта мектебінің директоры болады.
Ұстаздық тағылым туралы айтқанда Қажыкелдінің өз балаларын да мақтанышпен атап өтуге болады. 1925 жылы 25 қыркүйекте Қажыкелді сияқты ұлтжанды азаматпен танысуға Қызылмола болысына алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев арнайы келгенде өмірге келген тұңғышының есімін атақты ақын құрметіне қойғанда қателеспеген сыңайлы. Ол мұғалімдік мамандыққа өмір бойы адал болды. Ұстаздық жолын әкесі ашқан Белтерек орталау мектебінде бастап, Абай атындағы орта мектепте жалғастырды, Жарма аудандық оқу бөлімін, он жылдан астам уақыт бойы Семей облыстық оқу бөлімін басқарып, он жыл бойы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде зейнетке шықты. Қажыкелдінің үлкен қызы Клара Семейдегі №16 мектептің директоры, ал Жамбылы ұзақ жылдар Суықбұлақ орта мектебінің директоры болды, кенже қызы Долорес әкесі директор болған Абай мектебінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді.
Қажыкелді мектебінің шәкірттері арасында үлкен бір жұлдызды шоғыр бар. 1946 жылы Белтерек орталау мектебін бірінші болып бітірген 16 оқушыны Қажыкелді өзі басқарған Абай атындағы орта мектептің интернатына алдырып, үлкен өнегелі іс бастайды. 1949 жылы осы мектепті ойдағыдай бітірген сол оқушылар түгел дерлік Алматы мен Семейдің жоғары оқу орындарына түсіп, еліне беделді, халқына қадірлі мамандар болып шығады.
Қажыкелді шәкірттерінің бұл шоғырына ерекше тоқталуымыз – осы жұлдызды топ белтеректік басқа оқушылардың Белтерек мектебінің 1946 жылдан бастап 1972 жылы орта мектеп болғанға дейінгі аралықта алғашында 1959 жылға дейін 7 класс, 1972 жылға дейін 8 класс бітіргеннен кейін Георгиевкадағы Абай атындағы орта мектептің интернатына орналасып, оқуларын алаңсыз жалғастыруларына, сөйтіп, көптеген белтеректік түлектердің орта білім алып шығуларына мүмкіндік туғызып, жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түсулеріне жағдай жасады. Абай мектебінде оқуларын жалғастырған жүздеген белтеректіктер Қажыкелді атына дақ түсірмей, «белтеректіктер ұқыпты, сабақты жақсы оқиды» деген атқа ие болды. Бұл да ұлы ұстаз-педагог Қажыкелді Орынбайұлының өз мектебіне, туған ауылы – Белтерегіне жасаған өлшеусіз жақсылығы, негізін салып кеткен дәстүрі еді.
Мектептің шоқтығы бір ғасырлық тағылымды тарихымен ғана емес, елге танымал басқа да көптеген зиялы азаматтарды бергенімен де биік. Оның буын-буын түлектері арасынан шыққан жарқын тұлғалар аз болмаған. Ғалымжан Омаров, Шорман Тиыштыбаев, Жұмағазы Жұмаділов, Орынкеш Мысырова, Күләнда Түсіпжанова, Мүсілімхан Мәкенов, Мұхамедхан Имашев, Төлеуғазы Бүркітов, Төлеген Мырзағалиева және басқалар осы мектепті бітірген тұлғалар.
Қажыкелді мектебінің соңғы отыз жылдағы түлектері ішінен еліне белгілі болып үлгерген шәкірттер де аз емес. Мәселен, Дидар Баймағамбетова, Анар Жайылғанова, Ләзат Оразбекова, Болат Қабыланбеков, Алмас Жайылғановтардың есімдерін бүкіл ел биледі.
Қажыкелді Орынбайұлы да, оның ізін қуған шәкірттер мен ұстаздар да сарқылмас қазына — халықтық педагогикадан нәр алған жаңашыл да батыл адамдар болды. Әрқайсысының өмірі бір-бір тарих дерлік, жоғарыда аттары аталған және аталмай қалған қаншама мектеп түлектерінің қай-қайсысы да алдымен өздерінің ұстаздарына қарыздар екендігін мойындайтыны белгілі. Мектептің 100 жылдық мерейтойы үстінде осы оқу орнында ұзақ жылдар ұстаздық етіп, оқушыларға қажымай-талмай білім берген, Белтерек 8 жылдық мектебін тоғыз жыл басқарған білікті басшы, байыпты педагог Несіпхан Ыдырысов, байырғы мұғалімдер Майра Дүйсенқызы, Рысбек Балтабаев, Майра Имашқызы, Бейсен Тілеубайұлы, Үміт Ордабаева, Оңдасын Біләлов, Нұрпаш Құсманова, Назархан Берікханов, Гүлжан Жанақова және басқа да ұстаздардың өздері тәлім берген шәкірттер арасынан талай-талай елге белгілі тұлғаларды тәрбиелеп шығарған ерен еңбектері қандай құрметке де лайық.
Бір ғасыр бойы жүректерге білім нәрін егуден бір танбаған Қажыкелді мектебінің оқытушылар ұжымы бүгінде сол ұлы ұстаз салған сара жолдан еш таймай, дәстүрге адалдық танытып келеді.

Серікқазы Қорабай,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
профессор