Ұлт рухының бастауы — Алашта

Мектепте ашылған мұражайдағы Рух сабағы

 

Білім мен ғылым мекені алтын ұя мектепті мейірім мен жылылыққа, қуаныш пен қуатқа толтырып тұратын, әрине ұстаздар екені даусыз. Ал ұстаздардың бойына рух пен жігер, талап пен талғамның қалыптасуына тікелей дем беруші, қолдап, қорғаушы мектеп басшысы, яғни директор. Білім ордасы мектептің бет-бейнесі, бағыт-бағдары да мектеп басшысының ұстанымдары мен білім-білігі, болмысы мен қағидалары негізінде қалыптасатыны белгілі.

 


Бүгінгідей қазақы болмыс пен жаһандық үрдіс тайталасқан шақта, ұлттық ұлылықты өркениет өрнектерімен үндестіре, үйлестіре ұрпақ санасына сіңіре білу кез келген басшының қолынан келе бермейді. Ол үшін биік парасат пен асқан ақыл керек. Алға қойған мақсатқа жетпей қоймайтын жігер мен қайтпас қайсарлық та керек. Ал қазіргі күні айналасына адамгершілік пен іскерлік дәнін сеуіп, XXI ғасыр директоры биігіне көтерілген санаулы қыздарымыздың бірегейі Сафура Сейдуәлиқызы Төлектегі екені мойындалған. Иә, сөзімен емес ісімен замандастарының таңдайын қақтырып, басын идіріп жүрген білікті басшы ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі қарсаңында ұлтымыздың ұлы көсемі, қазақтың жоғын түгендеп, мұңын мұңдаған Әлихан Бөкейханға арнап алғашқы мұражайды ашты.
Астанадағы №76 мектеп-лицейде қазақтың қайраткер ұлы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның өмір жолы, ғұмыр тарихын қамтыған тұңғыш мұражайдың ашылуы Сафура Сейдуәлиқызы Төлектегі сынды ұлтшыл, табанды тұлғаның ғана қолынан келеді. Иә, Сафура қазақтың Ақселеуі – Ақселеу Сейдімбектің қарындасы, асылдың сынығы.
«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Алаш ардақтысының серті таңбаланған жиынға Әлихан Бөкейханның жиеншары, белгілі ғалым, профессор тоқсаннан асқан Ортай Әбдірахманов ақсақал, жазушы, ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы Орталық Кеңесінің хатшысы Берік Дүйсембинов, әлихантанушы, ф.ғ.к. Сұлтан Хан Аққұлы, профессор Амантай Шәріп, саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбай, қоғам қайраткері, медиаменеджер Мәди Манатбек, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, көрнекті алаш суретшісі Алмас Сырғабай, Ержан Еңсебай сынды жас алаштанушылар мен ата-аналар, оқушылар қатысты.


Мектепте Абай, Шәкәрім, Әлихан, Алаш, Мағжан сынды қазақ халқының біртуар азаматтарына арналған кабинеттер жасақталған екен. Салтанатты жиын барысында алаштанушы ғалымдар алдымен оқушыларға арнайы Рух сағатын өткізді.
Мұражай лентасын Ортай Әбдірахманов ақсақал, Тұрсын Жұртбай және Берік Дүйсембинов кесті. Заманауи сән-салтанаты келіскен мұражайда Әлихан Бөкейханның өміржолы, қайраткерлігі мен ағартушылығы кезең-кезеңмен жоғары деңгейде, терең мазмұнда жасақталыпты. Мұражайдан тек Әлихан жайлы мағлұматқа қанып қана қоймай, QR-код арқылы Алаш деп жазылған ұяшықтардан Алаш арыстары туралы мәліметтер алуға мол мүмкіндік қарастырылған.
Мұражайдың ресми ашылуымен құттықтап, сөз алған ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай: «1905 жылы Әлихан қазақтың түпкі астанасы Ақмола өңірі. Мұнда университеттер ашылады. Онда қазақтың зерек қыздары мен ұлдары оқиды, олар француздардың деңгейіне көтеріледі деді. Сол арманы орындалып отыр. Біз кейде алаш айналасындағы тақырыпты зерттегенде түңіліп те кетеміз. Бірақ қай уақытта да сол қиыншылықтан ұлт көсемі ұлт атасы — Әлихан Бөкейхановтың, әкемдей Ахмет Байтұрсыновтың, алғашқы автономия туралы кітапша жазған — Мұхамеджан Тынышбаевтың барлығының рухтары бізді жебейді. Аңсаған күнге жеткізеді. Ақселеудің қарындасы Ақжусан дейміз. Егер күндердің күнінде бір қазақ қалса, егер қазақтың өмір сүру идеясы керек болатын болса, ол Әлихан Бөкейханов идеясы. Сондықтан бұл идея сендердің қандарыңа ыстық қан, ақылды қан, таза қан болып дарысын» деп батасын берді.
Әлихан Бөкейхановтың есімін иемденуді үміт еткен мектепте қазір Әлихан есімді 37 бала бар екен. Солардың ішінен суырылып шығып төменгі сынапта оқитын үшеуі мұражайда өлең оқыды.


Ал ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы құттықтау сөзінде: «Бұл мұражай Астанадағы алаштанушы ғалымдар мен зерттеушілердің, студенттер мен жастардың, оқырмандардың басын қосатын «Алаш алаңы» болуы керек» деп ұсыныс айтса, қалалық «Руханият» орталығының басшысы, алаштанушы Ержан Еңсебай: «Академик Дихан Қамзабекұлының «Алаш алаңы» деп атаған ұсынысы керемет, қос қолдап қолдай отырып, осы мұражайдағы ең алғашқы тарихи жиын дәл осы атаумен бастау алуы керек!» — деп ізгі идеяны жалғастыратынын алға тартты.
Мектеп директоры Сафура Сейдуәлиқызы: «Әлихан Бөкейхан мұражайын ашу мақсатымыз — ұлтымыздың ұлы көсемі, алаш қайраткері жалпы халқымыз үшін біртуар азамат Әлихан Бөкейхан мұрасын халыққа таныту, оқушыларға насихаттау, тек қана Әлихан емес, барлық Алаш қайраткерлерін ұрпаққа, оқушыларға дәріптеу, олардың елі үшін еткен еңбегін ұрпаққа ұқтыру. Мұражайды жасақтау барысында мазмұны жағынан «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы мырза көп қолдау көрсетті. Үш жылдан бері «Ұлылар мекеніне саяхат» деген тарихиэкспедициялық жобамыз бойынша оқушыларымыз Қазақстан аумағында түрлі тарихи орындарда барып жүр. Биыл Қарағандының Ақтоғай ауданындағы Жекежал қыстағында Әлихан туған ауылда, атажұртында, Әлиханның әулетінің қонысында болып келді. Сол аймақтан көп деректер алып келді. Мұражай деректерін әлі де толықтырып, Алаштанудың айналасында жүрген ғалымдарды, жас ізденушілерді жиі жинап тұратын боламыз», — деді.
Мұражай келешекте оқушылар мен ғалымдардың тарихты және тарихи тұлғаларды тану мақсатында бас қосатын тағылымды орталық болатынына сенім мол.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ