Араб ханзадасынан кейін «аты шыққан» Атамқұлов

Шыңжаңдағы «қайталай тәрбиелеу орталықтары» тақырыбына көңіл бөліп отырған күллі дүниенің назары Бейбіт Атамқұловтың Қытайға сапарына ауды. Оған себеп — кейбір шетелдік басылымдардың «Қытай, Қазақстанның Шыңжаңдағы жүргізіп жатқан саясатына «түсіністік» танытқанына рақмет айтады» деген мазмұндағы ақпараты еді. Мұны онан ары індете түскісі келген кейбір басылымдар, Бейбіт Атамқұловтың «Сауд арабиясы ханзадасынан кейінгі Шыңжаңдағы лагерьлерді қолдаған екінші саяси тұлға» екендігін де «ұмыт» қалдырған жоқ. Өз кезегінде бұл сыни пікірлерден қазақстанықтар да шет қалмағандығын айта кеткен жөн.

 

Шыңжаңдағы «қайталай тәрбиелеу орталықтары» тақырыбына көңіл бөліп отырған күллі дүниенің назары Бейбіт Атамқұловтың Қытайға сапарына ауды. Оған себеп — кейбір шетелдік басылымдардың «Қытай, Қазақстанның Шыңжаңдағы жүргізіп жатқан саясатына «түсіністік» танытқанына рақмет айтады» деген мазмұндағы ақпараты еді. Мұны онан ары індете түскісі келген кейбір басылымдар, Бейбіт Атамқұловтың «Сауд арабиясы ханзадасынан кейінгі Шыңжаңдағы лагерьлерді қолдаған екінші саяси тұлға» екендігін де «ұмыт» қалдырған жоқ. Өз кезегінде бұл сыни пікірлерден қазақстанықтар да шет қалмағандығын айта кеткен жөн.
Біз осы мәселе төңірегінде біраз ізденіс жасап көрген едік. 28 наурыз күні ҚХР-дың СІМ ресми сайтында екі бөлек ақпарат жарияланды. Оның екеуі де министр Уаң И мен Қазақстан Республикасының СІМ Бейбіт Атамқұловтың ресми кездесуінен кейінгі мырзаның мәлімдемесі еді. Ішінара мазмұндары ұқсас келетін екі жазбаның ұзын ырғасы былайша өрбиді. Қытай мен Қазақстан дипломатиялық қатынас орнатқан 27 жылдан бергі қол жеткізген табыстарын айрықша бағалаған Уаң И осы реткі кездесуден кейін мынадай бес түйінді жария етіпті.
«Бірінші, қарым-қатынастың жарқын үлгісіне айналған ізгі дәстүрлерден жаңылмай, екі елдің барлық стратегиялық байланысының қалыптасқан бағытын сақтау. Өзара саяси сенімділік пен қолдауды арттыру. Қытай тарапы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сәуірде болатын екінші кезекті «Бір белдеу, бір жол» Халықаралық Форумына шақырады». Бұдан кейінгі екінші және үшінші түйіндерде екі елдің экономикалық байланыстарын дамыту туралы тоқталған министр, төртінші түйін ретінде «Қауіпсіздік жағындағы селбестікті тереңдетіп, «үш түрлі күштерге (терроризм, экстремизм, сепаратизм) соққы беру, есірткімен күрес, шекара аттаған қылмыстық топтарды құрықтау, ғаламтор қауіпсіздігін сақтау, екі елдің қауіпсіздігі мен орнықтылығын сақтау» дегендерді алға тартыпты. Мәлімдеме мәтінінің арасында, «Қытайдың, Шыңжаңдағы радикалдарға қарсы қолданған шаралары табысты болды. Бұл шаралар аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге айтарлықтай септігін тигізді. Әрі халықаралық қауымдастық алдында террористерге соққы беріп, экстремистерді талқандауда тамаша үлгі болды. Қазақстан үкіметінің Қытай позициясын түсініп, қолдағанын бағалаймыз, ешбір сыртқы күштің Қытай мен Қазақстан арасындағы достық пен сенімге селкеу түсіруіне жол бермейміз», — депті. Бұдан ары «Шаңхай ынтымақтастығы» «Азиядағы ықпалдастық пен өзара сенімділік кеңесінің қызметі» туралы қалыптасқан дағдылы сөздермен аяқталған. ҚХР-дың СІМ сайтындағы екінші мәлімдеме де 28 наурыз күні жария болды. Онда Қазақстан мен Қытайдың тату көрші әрі стратегиялық әріптестер екендігін айрықша бағалаған министр, тұңғыш президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығында, Қазақстанның айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенін, қазақ елінің халықаралық қауымдастық алдында Орталық Азия аймағындағы маңызды рөлін тілге алған. «Қытай тарапы Назарбаевтың екі елдің достығы жолындағы үлесін айрықша бағалайды. Жаңа президент Тоқаев мырза да Қытай елінің ескі досы. Президент маңызды міндетке тағайындалғаннан кейін алғаш рет Қытай елшісін қабылдады. Атамқұлов мырза да тұңғыш сапарын Қытайдан бастап отыр, мұның барлығы алдағы уақытта екі елдің достығының бұрынғыдан да бекем болатындығының нышаны. Біз Қазақстанның жарқын болашағы мен екі елдің қарым-қатынасын онан ары тереңдей беретіндігіне сенімдіміз», — деген. Өз кезегінде Атамқұлов Қытай мен Қазақстанның татулығын, стратегиялық әріптестігін жоғары бағалайтындығын айтқан. «Қытаймен байланысты дамыту — Қазақстан дипломатиясының маңызды ұстанымы болмақ. Қазақ елі, тұңғыш президент, Назарбаев пен Си Цзиньпин төрағаның ортақ шешімдеріне табанды болады, жаңа президент Тоқаев та Қытай елін өте жақсы түсінетін адам ретінде қазақ-қытай қатынастарына баса назар аударады. «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы тарихи және халықаралық маңызға ие жоба. Қазақстан бұл тұрғыда Қытайдың ұстанымын қолдайды әрі ілгерлетуге мүдделі. Энергетика, сауда, ауылшаруашылығы, индустрия, мамандар даярлау жақтарындағы ынтымақтастық жалғаса беретін болады. Қазақстан өз кезегінде Қытай елімен қауіпсіздік жақтарында және халықаралық мәселелерде селбестікті дамытуға күш салады. Қазақстан тарапы Қытайдың Шыңжаң аймағындағы «Үш түрлі күштерге» соққы беру, аймақтағы қауіпсіздік мен орнықтылықты қамтамасыз етудегі шараларын қолдайды әрі түсіністік танытады», — деген екен.
Қытайдың СІМ сайтында жарияланған, ресми ақпараттың негізгі мазмұны осындай. Олар Бейбіт Атамқұловтың өзге кездесулері және қол қойылған келісімдер туралы ақпарат бермеген. Осымен қарайлас уақытта еліміздің СІМ сайты да Атамқұловтың Бейжіңге сапары туралы ақпаратты жария етті. Ондағы кейбір мазмұндар қытайлар таратқан ақпаратпен сәйкес келеді. Бір айырмашылығы — «Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қарастырып, трансшекаралық су ресурстарының мәселелері жөнінде пікір алмасты. Келіссөздердің жеке бөлігі ретінде ҚХР аумағында тұратын этникалық қазақтардың жағдайы туралы мәселе болды. Екі елдің СІМ арасындағы жұмыс байланыстары арқылы туындайтын мәселелерді шешуге өзара мүдделілік атап өтіліп, консулдық қызметтердің жұмысын жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді», — делінген.
Осыдан кейінгі жерде біраз ақпарат көздері Қытай СІМ Уаң Идің айтқан «алғысын» ғана талқылап ала жөнелгені жасырын емес. «Қазақ елі Қытайдың Шыңжаңдағы мұсылмандарға және этникалық аз ұлт адамдарына жасап жатқан қатал шараларын қолдады» деген мазмұндағы жазбалар жұртты айран-асыр етті. Қазақ дипломатын қара есекке теріс мінгізген сайттар, «Қазақстан геосаяси және экономикалық жақтан Қытайға мүдделі болғандықтан да Қазақ-Қытай арасындағы «қыл көпірмен» осылай жүрмеске амалы да жоқ. Қытайдың геноцидін ашық сынға алған мұсылман лидеры — жалғыз Режеп Тайып Ердоған ғана болды», — деп салды. Дегенмен ғаламтор кеңістігінде жаппай таралып жатқан бұл теріс пікірлерге қарата «БАҚ-тардағы бұрмалау мен бұрыс интерпретацияларға байланысты СІМ мәлімдемесі» де аяқсыз қалмады. «Франс Пресс агенттігі», «Америка дауысы радиосы» қатарлы ақпарат көздері, Қазақстан СІМ таратқан «анықтамаға» басымдық берген.

Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі «Үш түрлі күштерге соққы беру» науқанының шектен асып кеткендігі туралы 2009 жылы шілдеде Үрімжі қаласындағы этникалық ұйғырлар мен қытайлар арасында болған қақтығыстардан кейін айтыла бастаған еді. Халықаралық қауымдастық алдында, тәуелсіздікті көздейтін ұйғыр қозғалыстарын «Шығыс Түркістан террористері ұйымы» ретінде «мойындатып» алған Қытай елі, «Шыңжаңның қауіпсіздігі мен орнықтылығын сақтау үшін», «лаңкестерді адам қатарына қосу үшін» «қайталай тәрбиелеу орталықтарын» ашып отырғандығын былтыр ғана «мойындады». Бұл саяси науқанның құрығына Шыңжаңдағы этникалық қазақтар 2017 жылдан бастап ілінді. Сонан бері Қазақстан аумағында еріктілерден құралған топтар екіге бөлініп қалған отбасы мүшелерін біріктіру жолында белсене әрекет етіп келеді. Оған ресми орган ретінде Сыртқы істер министрлігі де араласып жатыр.
Бейбіт Атамқұловтың кезектегі Қытай сапары туралы айтылып жатқан «халықаралық өсектерге» де түсіністікпен қараған жөн сияқты. Себебі Қытай елінде баспасөз еркіндігі мәселесі формалды түрде сақталады. Күнделікті өмірде қатаң сүзгіден өткен әрі коммунистік партияның мүддесіне ғана тиімділік әкелетін ақпараттарды ғана айналымға салады. Бұл да әлем назарында…

Сөз соңында, «Англияның мәңгілік достары жоқ, оның тек мәңгілік мүдделері ғана бар» деген Черчилльдің сөзін, атқа мінген ағаларымыз да жақсы түсінеді деп ойлаймыз. Дегенмен, Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, «шетелдерде тұрып жатқан 5 миллионға жуық қазақтың тағдырын басты назарда ұстайтын бағыттан» таймай келе жатқандығын ескерсек, Қытайдағы қандасымыздың да, атажұртына емін-еркін қатынап тұруына жол ашылатын күн де алыс емес деген сенімдеміз.

Ерқазы Сейтқали