ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРҒА МЫҢ АЛҒЫС
Ұстаз – адам өміріндегі ең маңызды тұлғалардың бірі. Ол тек білім беріп қана қоймай, тәрбие мен бағыт-бағдар береді. Әр адамның жетістігі мен өмірлік жолының бастауында ұстаздың еңбегі жатыр. «Ұстаз – ұлы тұлға» деп бекер айтылмаған. Себебі ол – болашақты қалыптастырушы, шәкірт жүрегіне шырақ жағып, олардың арман — мақсатына жол ашушы жан.
Осы орайда, Ұстаздар күніне орай, аудандық мәдениет үйінде «Ұстазыма алғыс» атты ауқымды мерекелік іс — шара өтті. Келушілер алдымен аудандық мәдениет үйінің алдындағы мектеп оқушыларының дайындаған қолөнер көрмесі мен Жаңатас қалалық өнер мектебінің жас домбырашыларының өнерлерін тамашалады.
Ұстаздарға құрмет көрсетілген шараға қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, оқушыларға білім нәрін себелеген мұғалімдерге қажымас қайрат, зор денсаулық тіледі. Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов пен Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының Сарысу аудандық комитетінің төрайымы Гүлмира Сұлтанбекова да сөз сөйлеп, ұлағатты ұстаздардың қоғамдағы рөлі туралы кеңінен тоқталды.

Ауданымыздың білім саласына қосқан үлесі үшін бірқатар білім саласының қызметкерлері мен ардагерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің «Алғыс хатымен», Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың және аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен, Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының Сарысу аудандық комитетінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар, облыстық мектепке дейінгі білім беру ұйымның үздік педагогі мен аудандық «Үздік педагог-2025» атағын беру конкурсының 1-ші кезеңінде жоғары нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанған ұстаздар және халықаралық байқаулар мен білім беру ұйымдарының арасында өткен фото аймақ көрмесінің жүлдегерлеріне дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Мерекелік шараға арнайы «Шымкент шоу» театры өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Концерттік бағдарламаға ұласқан кеште аудандық мәдениет үйінің әншілері барлық білім иелеріне арнап, әуелете ән шырқады.

