Украина таңдауын жасады, ол — Зеленский!

Украинадағы президент сайлауы да өз мәресіне жетті. Орыс тілін түсінетін әлемге «Слуга народа» киносымен танылған актер, шоумен Владимир Зеленский сайлаушылардың 73 пайыз дауысын еншілеп, Президент тағына қонжиды. Осылайша, «өнер аспанында қалықтап жүрген» сықақшы жігіт, бағы жанып саясат сахнасының айдынына «құлаш ұрды». Күллі дүниенің Украинаға деген таңданысы әлі басылмай тұр. Жұрттың сүйінгені — сайлаудың әділ де демократия талаптарына сай өткендігі болса керек. Бұл сайлау өз кезегінде, тәуелсіздіктерін алғалы бері, тақтан тапжылмай келе жатқан санаулы ғана басшыларға әбден «еті үйренген» ТМД елдеріне «ой салғанымен» құнды. Дегенмен қазірге дейін Кравчук, Кучма, Ющенко, Янукович, Порошенко секілді президенттерді алмастырып үлгерген украиндар үшін қалыптасқан үрдіске айналғаны білінді. Порошенко жеңілісін мойындап, жаңа президентке «құтты болсын» айтуды да ұмытқан жоқ. Бұл да біле білгенге ерлік! Экономикалық және саяси дағдарыстарға малтығып отырса да, бұл украиналықтардың қол жеткізген табысы деуге тұрарлық — жеңіс!

Мұндай әділ сайлауды, дебатты Сәбет одағының «шекпенінен шыққан» елдер осы жолы Киевтен көрді. Әйтседе жұрттың барлығы бұл жолы салмағы бар саясаткерді күткені шындық еді. Талғамға талас жоқ десек те, ешқандай саяси тәжірибесі жоқ өнер адамы елін қай бағытқа жетелейді деген наркүмән әркімнің жүрегінде жатқан сияқты. Президенттікке үміткерлер арасында қара үзіп шыққан екі кандидаттың ортасында өткен жарыссөз де көптің көңілін аударды. Олардың ана тілдерінде дебатқа шыққаны да бізге «батылдық» болып сезілгендей еді…
Дебат тартысты болды. Олардың шынайы болмыстарына тәнті болған қазақтар, тіпті, сонау бір жылдары өз елдерінде де, президенттік сайлау кезінде дебат болып, «стақан сынғандығын» естеріне де алған жоқ…
Порошенко қызметте болған кезінде не бітіргендігін де ұмыт қалдырмады. «2014 жылы Украина президенттігіне сайланған кезде, елде алтын қоры тап-тақыр таза еді, мемлекет қазынасында ақша да, әскер де жоқ болатын», — деді. Алайда Петр Порошенко ел билеген 5 жылда қазынаға қанша қаражат жиналғаны белгісіз, әлдебір сарапшылар «2019 жылғы елдің ЖІӨ (GDP) 2014 жылғы көрсеткіштің жартысына әзер жетіп тұр» дегенді айтады. Яғни, тұралаған экономика оңалған жоқ деген сөз.
Осыдан бес жыл бұрын Украин халқы Петр Порошенконы сайлаған кезінде, бизнесте табысқа жеткен азамат, елдің жағдайын оңалтуға әрекет жасайды деп те күткен шығар. Алайда Порошенко Ресеймен мәмілеге келе алмады. Қырым мәселесі сол күйі шешілмеген түйін болып қала берді. Донбасты да тыныштандыра алған жоқ. Оны қойғанда, Украина православтары Ресейдегі біртұтас діни орталықтан бөлініп, өз алдарына «шаңырақ» көтерді. Яғни, олар ендігі жерде орыстармен «дін қарындас» бола алмайтындығын көрсетті. Еуроодақ елдеріне визасыз режимге қол қойылғанымен Украина Еуроодақтың құрамына қосылуға әлі де ұзақ уақыт керек сияқты. Тұтас елді жайлаған бюрократия мен жемқорлықты ауыздықтауға да Порошенконың арпалысқа толы 5 жылы аздық етті ме, осы жолы тағы да бағын сынады. Алайда халықтың таңдауы басқаша болып шықты. Мүмкін, дағдарыс пен саяси тұрақсыздықтан көз ашпаған Украина халқы уәдені үйіп-төге беретін саясаткерлерден де, бизнесмендерден де шаршаған шығар…

 


«Слуга народа» киносында қарапайым мұғалімнен мемлекеттің басшысына айналған Зеленскиий, енді шынайы өмірде де Украина президентіне айналды. Өнер адамдарының үлкен саясатқа
араласуы әлемдік тәжірибеде бар десек те, Зеленскийдің жеңісін кездейсоқтық немесе «сыртқы күштердің демеуінен болды»  деп кесім жасауға әлі ерте.


Дебат кезінде, Порошенко тілге тиек еткен Игорь Коломойский мен Украин БАҚ-тарында талқыға түскен Зеленскийдің «достығы» шын болса, алдағы уақытта әлдебір олигархтардың айы оңынан тууы да ғажап емес.
Ал біраз жылдан бері АҚШ пен Украина арасының жақындауы да жұрттың көз алдында өтіп жатыр. Алайда сол «жақындық» украиндарға не бергендігін де, беретінін де ешкім кесіп айта алмайды. «АҚШ мамандары Украин қарулы күштеріне көмектесетін болды. Олар бұрынғы Сәбеттік үлгідегі қарулардан бас тартып, әскерлерін де АҚШ үлгісімен дайындағалы жатыр» деп жазған сарапшылар «Керч оқиғасына» келгенде тілдерін тістеп қалды.
Украинаның батысқа беттеген қадамы өз кезегінде Қытай еліне ғана тиімді болмақ. Украинадан қымбатқа сатып алып, неше жыл «сандалып» жүріп еліне апарып алған авияматкасы қазіргі таңда «балалай» бастады. Бұған қоса Чиңдау қаласында құрылып жатқан Қытай-Украина бірлескен әскери өнеркәсіп базасына Украинадан ғалымдар мен инженерлер, техниктар мен жұмысшысы аралас 10 мың адамның жұмысқа баратындығы туралы Қытай БАҚ-тары екі жылдың алдында ғана жазған еді. Осы ынтымақтастыққа сенгендікі де шығар Бейжіңнің баспасөзі «жаңа президент Қытаймен қатынасты онан ары жандандырады» деп сеніммен жазып жатыр.
Киевтегі сайлауға баға берген адамдардың көбі «қатып қалған жүйенің де жұлыны үзілетін күн туарына» көздерін жеткізгені анық. «Сайлау әділ өтті» дегенмен де, «сайқымазақтардың» да жолы болатындығына таңданған адамдардың қатары қалың болып тұр. Бұдан ары «Зеленскийдің тегі яһуди еді», «Зеленский гей екен» деген сияқты алыпқашты сөздер украиндарды тағы да алаңға шығара алмайтын секілді. Ендігі мәселе, басы піспеген саясаткердің айналасына іскер команда жасақтала қоя ма екен деген күдіктің төңірегінде өрбіп жатыр. Өйткені, халықтың көңілін көтеруді білетін актер, өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы саласында мықты негізі бар Украинаны алға қарай сүйрете алады дегенге сену қиын. Бірақ таңдауды украиндардың өздері жасады. Біздің көңілдегі бір сұрақ — Еуропа құрлығында Ресейден кейінгі екінші көлемді территорияны иеленіп жатқан, өнеркәсіп пен ғылымда мықты негізі қаланған мемлекеттегі 40 миллионнан астам халықтың арасынан кино актерымен иық теңестіре алатын, «қара басы ханға тең» бір ұлдың шықпағаны ғана… Украина таңдауын жасады. Не бақ, не дақ!
Сөз соңында айтарымыз, екі айдың көлемінде біздің елде де Президент сайлауы өтеді. Оның тап Украинадағыдай өту-өтпеуі халықтың саяси сауаттылығымен өлшенеді. Қазақтың «Халық қаласа хан тағынан түседі» деген мәтелін бұл жолы украиналықтар атадан қалған өсиеттей орындады. Біз қайтер екенбіз?…

Ерқазы Сейтқали