Трамп отырған бұтағын өзі кессе, қайда құлайды?

Осыдан біраз уақыт бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның әкімшілігін Калифорния, Нью-Йорк, Колорадо, Коннектикут, Делавэр, Гавайя, т.б. осы сынды 16 оппозициялық штатының өкілдері сотқа беріп, оларды қызметтік лауазымдарын шектен тыс артық пайдаланып, елде төтенше жағдай жариялады деп айыптап отырған көрінеді. Трамп пен конгресс арасындағы текетірес президенттің Мексикамен арада темір қамал орнатуға 5,7 миллиард доллар қаражат сұрауынан басталған болатын. Мұндай мол қаражатты бөлуге тек демократтар ғана емес, Трампты қолдайтын республикандықтар да келісім бермеген. Осылайша қаражатты конгрессті айналып өтіп алуға ниет білдірген Трамптың миграциялық саясаты сенаттағы демократтар мен республикандықтарды атыстырып-шабыстырып қойды.

 

Калифорнияның бас прокуроры Хавьер Бесерраның аппараты берген деректерге қарағанда, ұжымдық арыз-шағым тек Д.Трампты ғана емес, Пентагонның басшысын да, елдің қаржы және ішкі қауіпсіздік министрліктерін де жауапкершілікке тартып отырса керек. Ұжымдық арыз-шағым авторлары елде төтенше жағдай жариялауға объективті қажеттілік жоқ, өйткені, заңсыз миграция деңгейі онсыз да төмендеді, есесіне, басқа маңызды бағыттағы жұмыстар, атап айтқанда, есірткі тасымалына қарсы күрес зардап шегеді деп есептейді. Бірақ, мұқыр сиыр секілді, айтқанынан қайтуды өзіне ар санайтын Д.Трамп әкімшілігі өздерінің әрекеті дұрыс деуден танар емес. Содан да болар, Д.Трамптың миграциялық саясаты сенаттағы демократтар мен республикандықтар арасындағы ең ауыр мәселе болып табылады. Конгресс келісім бермегендіктен, өткен жылдың желтоқсан айының 22-сінен бастап мемлекеттік мекемелер жартылай қаржыландырудан қағылған-ды.
Елде шатдаун басталып, ол ұзақтығы жағынан осыған дейінгі барлық рекордтарды жеңген-ді, үкіметтің жұмысы тура 35 күнге сілтідей тұнып тоқтап қалған. Ақыры десмократтар мен республикандықтар өзара келісімге келіп, бюджеттік шығынға Трамп сұраған 5,7 емес, 1,37 миллард долларды енгізуді мақұл көрген. Конгрессмендер келісімге келген бюджет жобасына қол қойғанмен, Трамп шекарада ауқымды құрылыс салу ниетінен қайтпай, қосымша шара ретінде елге Төтенше жағдай тәртібін енгізуге барған. Халықаралық институт сарапшылары: «Штаттардың арыз-шағымы бойынша қаралатын сот шешімі қалай шығатынына қарамастан, Трамптың жеңілгені анық: конгресстің жоғары палатасында өзін қолдайтын республикандықтардың көпшілік екендігіне қарамастан, ол конгресстің шешіміне ықпал ете алмайды. Сондай-ақ, соттың шешімі қазіргі қалыптасқан жағдайға да пәлендей әсер ете алмайды, өйткені, сот президенттің ниетін өзгерте алмайды, өйткені, мемлекет басшысының өз заңгерлік штабы бар, заңдық алаңда жатқан мәселелердің шешімімен солар айналысады. Дегенмен, арызданушылар президентті жеңіп, қабырға орнатылмай қалса да, аталған пункт Трамптың алдағы сайлауалды уәдесіне кіргізілері кәміл. Сол себепті, АҚШ пен Мексика мемлекеттері арасында салынуы көзделеген оңтүстік қабырға тақырыбы Трамп үшін де, оның қарсыластары үшін де аса маңызды электоральдық мәнге ие болады»,— деген пікірге ден қойған.
Д.Трампқа қарсы ұжымдық арыз бұған дейін де берілген. Мәселен, өткен жылдың маусым айында АҚШ-тың 17 штатының бас прокурорлары арыз-шағым дайындап, президентті заңсыз мигранттарды балаларынан «қатыгездікпен және заңсыз түрде айырды» деп айыптаған болатын. Американдық құқық қорғаушылар заңсыз шекара асқан босқындардың отбастарын бір-бірінен ажыратуды Ақ үй заңсыз босқындарға қатысты «нольдік төзімділік» саясатын жариялағаннан кейін қолға алған болатын. Аталған заң аясында заңдылықты бұзған ересек мигранттар елдеріне қайтарылып, балалар арнайы орталықта қалдырылатын. Соның нәтижесінде екі мыңнан астам бала ата-аналарынан ажырап қалған-ды. Трампқа қарсы тағы бір арыз-шағымды жас балаларынан ажырап қалған әйелдер атынан Американдық азаматтық еркіндікті қорғау одағы түсірген-тін. Қоғамдық ұйымның талаптарын маусым айында Сан-Диего қаласында орналасқан американдық Калифорния штатының Оңтүстік федеральды соты қанағаттандырған болатын. Сот миграциялық қызмет қызметкерлері балаларды заңсыз шекара асқан ата-аналарынан ажырату тәжірибесіне нүкте қоюы керек деген қаулы шығарған. Американдық сарапшылар болса: «Трамптан күшті қарымта шаралар күтуге болады, бірақ, бұл бағытта емес. Ол, мысалы, қарсы арыз-шағым түсіру үшін өзіне оң көзбен қарайтын штаттарды маңына топтастырумен айналыспайды, бірақ, міндетті түрде өз қарсыластарының әрекетіне тойтарыс беретін айла-тәсілдерді қолданары анық. Бұл текетіресте Трамп жеңіп шығуы тиіс, өйткені, қабырғаға ақтысты оқиғаның кез келген қорытындысы оған плюс болып табылады: ол қабырғаны орнатады, болмаса қарсыластарын АҚШ-тың ұлттық мүддесін қорғауға мүмкіндік бермеді деп қарсыластарын айыптайды. Десе де, елде төтенше жағдай тәртібін жариялауы арқылы Трамп өзіне көп жау тауып алды. Өйткені, ел азаматтарының көпшілігі президенттің елде төтенше жағдай тәртібін жариялауы шектен шыққандық деп есептейді. Дональдтің қолданған варианты шекара мәселесін оң шешуге қатысты шектен мүлдем асып кеткендік болып табылады. Сол себепті, Трамп нақты бір шеңбер ішінде диалог жүргізіп, сол бойынша шешім қабылдаудың белгілі бір шегінен асып кеткендіктен, өзіне де, жақтастарына да жағымсыз саяси жағдай қалыптастырады. Нәтижесінде, оның имиджіне нұқсан келіп, оның рейтингі күн өткен сайын төмендей береді»,— деген тұжырым жасады. Кімнің дұрыс, кімнің бұрыс айтқанын алдағы уақыт көрсетеді. Асықпасақ, оған да куәгер боларымыз анық

 

Ермек Сахариев