Үкімет басшысы Олжас Абайұлының тапсырмасымен Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, мегаполистегі көлік-логистикалық, энергетикалық, индустриялық және туристік жобалармен танысып шықтым.

Жалпы Алматының дамуы, қала халқының өмір сапасын жақсарту мәселесі Мемлекет басшысының ерекше назарында. Үкімет энергетикалық нысандардың сенімді әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдаған. Ендігі міндет – басталған жаңғырту жұмыстарын белгіленген кестеден кешіктірмей, дер кезінде аяқтау.
Бірінші нысан – Алматы әуежайы, ондағы инфрақұрылымдық жобалар. Халықаралық әуежайда VIP-перрон, ұшақтарды мұздан тазарту алаңы, жаңа жүк тұрақтары құрылысы жүруде. Нысанды басқаруды қолға алған TAV Havalimanları Holding A.Ş. (TAV Airports Holding) компаниясының алдағы бес жылға арналған бас жоспарында біршама жаңашылдықтар қарастырылған.
Шетелдік және отандық туристер көп келетін әсем қаламызда жолаушыларға қолайлы жағдай жасау өте маңызды. Бірақ туристік маусым басталуына аз қалғанына қарамастан, жұмыс қарқыны өте баяу, сапасы нашар. Жақында нөсер жаңбырдан кейін Алматы әуежайының халықаралық терминалын су басқаны да қоғамның орынды сынына ұшырады. Басқарушы компания басшысына жаңғыртуды осы жылдың 1 шілдесіне дейін аяқтау, тәулік бойы жұмыс режиміне көшу, үлгермеген жағдайда қосалқы мердігерді іске қосу тапсырылды. Ал қала әкімдігі жұмыс сапасы мен барысын күнделікті қадағалауы,әуежайдың көлік инфрақұрылымын қоғамдық көлік желісімен, соның ішінде метроның перспективалық бағытымен интеграциялауы тиіс.
Алып шаһардың аса маңызды нысаны –«Алматы-1» вокзалындағы жаңғырту жұмыстары былтыр наурыз айында басталған. Өздеріңізге белгілі, бүгінде еліміздің әр аймағындағы 121 вокзал жаңғыртылуда.
Жолаушылар ағыны бір сәтке де толастамайтын «Алматы-1» вокзалындағы жұмысты «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясы дұрыс ұйымдастырмаған. Вокзалға жаз мезгілінде тәулігіне 12 мың, ал қыста 7 мыңға жуық жолаушы келіп-кетеді екен. Жаңғырту жұмыстарының созбалаңға салынғаны халыққа қолайсыздық тудыруда. Сондықтан жаңғыртуға қарқын қосу, қажет болған жағдайда күндіз-түні жұмыс істеу керек.
Мердігер компанияға жоба-сметалық құжаттаманы сараптамадан өткізу ісін жеделдету, жабдықтардың дер кезінде жеткізілуін бақылау, жобаны аяқтау жүктелді. Қала әкімдігі жұмыс барысы мен сапасын күнделікті бақылауы тиіс. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен қолға алынған осы маңызды жоба сапалы әрі уақытылы жүзеге асуы керек. Бұл мәселе Үкіметтің қатаң бақылауында.
Үлкен Алматы айналма автожолы құрылысында жер телімдерін сатып алу және босатуға қатысты мәселелер бар. Қала бюджетінен Алматы қаласы мен облысы арасындағы учаскелерде жұмысты бәсеңдетпеу үшін облысқа қарасты аумақта жер телімдерін сатып алу, жолдың жобалау құжаттарын әзірлеу және құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінген. Мегаполистегі жол-көлік жүйесін дамытуға қатысты Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берген болатын. Сондықтан Алматының үлкен айналма күре жолындағы құрылыс жұмыстарын жеделдету керек.
ЖЭО-2 алып шаһарды жылумен қамтамасыз ететін ірі орталық саналады. Мұнда энергетика кешенін табиғи газға көшіру арқылы қаланы жылумен және энергиямен тұрақты қамтамасыз етуді, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайтуды көздейтін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Үш газ турбинасы мен генератор орнатылып, жабдықтардың 99%-ы жеткізілген. Қосалқы инфрақұрылым мен жол құрылысы аяқталды. Қазір бас корпус ғимараты мен су жылыту қазандықтарындағы, су және газ дайындау пункттеріндегі, электр техникалық инфрақұрылым нысандарындағы жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүруде. Жобаны 2026 жылдың соңында аяқтау жоспарланған.
Ал ЖЭО-3 нысанындағы қайта жаңғырту жұмыстары аясында кемінде 450 МВт болатын бу-газ қондырғысы салынады және тозығы жеткен жабдықтар жаңартылады. Мердігері – қазақстандық компаниялар консорциумы. Қайта жаңғыртуды аяқтау 2027 жылға жоспарланған.
Алматы тау кластері Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Шымбұлақ» пен «Oi-Qaragai» курорттарын дамыту, «Көк-Жайлау» аумағын туристік орталыққа айналдыру бағыттарын қамтиды. Жоба аясында аспалы жолдар көбейеді, трассалар ұзарады, курорттардың демалушыларды қабылдау мүмкіндігі артады.
Almaty Superski жобасы бойынша әкімдік инженерлік-коммуникациялық және жол инфрақұрылымын тартуды бастады. Бұл жұмыстар 2027 жылдың қыркүйегіне дейін аяқталады деп күтілуде.
Еліміздің өнеркәсіптік және инвестициялық дамуының негізгі орталықтарының бірі болғандықтан Алматыда заманауи автомобиль кластерін қалыптастыру аса маңызды. Алматының Индустриялық аймағындағы былтыр маусымда іске қосылған «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» компаниясының негізінде құрылған заманауи автомобиль кластерінің индустрияландыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, құзыреттерді арттыру және сабақтас салаларды дамытудағы орны айрықша.
Алматы сияқты алып мегаполистің мәселелері осындай ауқымды жаңғыртулар, ірі жобалар арқылы шешімін табады. Ең маңыздысы – басталған жұмыстардың сапасы мен уақытылы іске қосылуы.