«Тышқандар құрылтайы…»

Бір топ тышқан жиналып Құрылтай өткізген ғой баяғыда жертөледе. Алға қойған мақсаттары: «Мысықтан қалай құтылуға болады?» дегенге сайыпты. Небір шешен тышқан сөз жорғаны тайпалтып, мысықтан құтылудың түрлі жолдарын нұсқаған деседі.
Бірақ ешбір идея жиналғандарға ұнамапты. Сөйтіп енді не істейміз? — деп тышқандар тығырыққа тірелгенде бір бала тышқан : «Мен таптым!» деп айқай салыпты. Үміті үзілген тышқандар өлімсірей қарапты әлгіге.
Сонда бала тышқан: «Мысықтың мойнына қоңырау байлау керек. Ол жауыздың қай маңайда келе жатқанын қоңырау дауысынан естіп жасырынып үлгіреміз» депті дауысы жарқын шығып.
Бұған барлық тышқан у-шу болып, бала тышқанды көкке көтеріп мәз болысыпты.
Мұның бәрін үнсіз тыңдап отырған кәрі тышқан: «Сөздеріңе болайын сендердің. Айтыңдаршы қанекей, қоңырауды мысықтың мойнына кім апарып байлайды?»- деп қуаныштарын су сепкендей басқан екен.
Түркістанда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Vi Құрылтайы өткенін естіп бір қуандым, бір қуардым. Қуанғаным: қазақ тілінің жарқын болашағы үшін тағы бір игі іс қолға алынып, Үкіметтің өзі назар аударып, менмін деген игі жақсының бәрі сонда жиналыпты. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев баяндама жасапты. Бұдан былай мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын Мемлекеттік комиссия құрылмақ. Қуанышты жаңылық қой, неге қуанбасқа!
Енді неге қуардым соған тоқталайын. Бірінші намыстан қуардым. Тәуелсіздікке 30 жыл толғалы тұр. 30 жыл. Осы отыз жылда тілге қатысты өткен жиыннан шатастық. Ал бөлінген қаржы шаш етектен. Миллион не тәйірі, миллиардтан асты. Бірақ нәтиже ноль. Сорақысы тәуелсіздікпен түйедей құрдас жастар орысша сөйлесіп, масқарамызды шығарып жүр.
Бұрынғы президент Назарбаев «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлес!» деп бір желпініп алады да, ертесіне «Орысшы сөйлегенге қазақша жауап бергендіі аямаңдар» деп жалт беріп, орыс тілділердің астына қаншама рет жығып берді өз қазағын .
Бүгінгі президент Тоқаев та «Ұстаздан шәкірт озатынын» бірнеше мәрте көрсетіп берді…Біресе мемлекеттік тіл қазақ тілі деп өңмендесе, ертесіне орыс тілі-біріктіруші тіл деп шыға келеді. Әйтеуір біздің президенттерде нақты ұстаным жоқ. Жалтақ. Судағы балықтай жылп-жылп етеді.
Мұның кесірі бірге емес, мыңға тиіп жатыр. Отыз жылдағы ең сорақы дүние Парламент Мәжілісі депутаттарының қазақша ант бере алмай мазақ болғаны. Әлі күнге аралас мектептер қаптап тұр елімізде Ондағы оқушының көбі қаракөздер.
Әлі күнге елімізде ресми тілдің үстемдік құрып тұрғанына дәлел деген жетеді.
Үкіметтің басшы Маминнен бастап, барлық министрлік басшылары «Сақау «.» Сақау» дейтінім, ана тілін білсе де сөйлемейді кейбірі. Бәлкім ұялады, мүмкін намыстанады…
Менің жеке пікірім мынау: қазақтың тілі қайтсе көгереді? Қайтсе қолдау табады? Оған жалғыз-ақ жол бар. Ол Президенттің қолында тұрған билік-шыбыртқысы . Сол билік шыбыртқысын бір рет шарт еткізсе жетіп жатыр. Ол үшін Жоғары лауазымды қызметке қазақ тілін жетік білетін шенеунікті сайласа болғаны.
Сосын кез келген басшы адам қызметке қазақ тілінен емтихан тапсыру арқылы тағайындалса жетеді.
Бұған соншалықты көп ақылдың керегі жоқ. Тек Президентте ұлттық рух, қыжыл мен қайрат, ең бастысы қазақы намыс болса жетіп жатыр.
Президентте ниет болса, жаужүрек бір қазақ-жоғарыдағы (кәрі тышқан секілді) «Күлтөбеніің басында күнде жиын өткізуге құмар қазақтарға: айтып жатқандарың дұрыс! «Қазақ тілінде Президент шетелге шыққанда үнемі сөйлесін дегендеріңе келісемін! Елдегі жиындардың барлығын ана тілінде өткізсін дегендеріңді қолдаймын! Тым құрыса халыққа жолдауында мемлекеттік тілге үстемдік берсін! -дегендерің жақсы бастама!
Енді Осы айтқандарыңды қарсы қарап кім айта алады Президентке!-десе деймін.
Әйтпесе бәрі бекер, текке әуре. Балық басынан шіріп жатқан кезеңде жүз құрылтай өткізсек те, үміті үзілген елдің сенімін қайта жалғау қиын. Нағашыбай Қабылбек