Түркістанның туризмі халықаралық деңгейге көтерілмек

Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесіне ие Түркістан қаласының болашағын халықаралық туризмнің қарыштап дамуымен, облысты өнеркәсібінің қарқын алуымен елестетуге болады. Бұл үшін алғышарттар да жасалып отыр. Дәлел ретінде айтар болсақ, жуырда Түркістан қаласында өткен «Көне Түркістан — жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық жəне туристік форум аясында көптеген маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Тарихи қаланың болашақ тағдырына оң әсер етуі тиіс халықаралық форумға Еуропа елдерінен, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Иран, Малайзия, Пәкістан, Өзбекстан секілді мемлекеттерден бас-аяғы 250-ден астам делегат қатысты. Осының өзі аталған іс-шараның маңыздылығы мен ауқымын айқындап беретіні анық.

Форумда Түркістан облы-сының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің дамуы және инвестициялық тартымдылығы жөнінде баяндама жасап, облыстың мүмкіндігін паш етті. Айталық, шетелдік қонақтардың назарына ұсынылған баяндамада айтылғандай, былтырғы жылы өңірге 482 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш салыстырмалы түрде елімізде үздіктер қатарынан табылған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 129 миллиард теңге тартылып, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,5 есеге ұлғайған. Облыста шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы, аяқ алысы қуантады. Түркістан қаласында құру жоспарланып отырған «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймақ та инвесторлардың назарын өзіне аудара білді. Инвестиция тарту мақсатында құрылғалы отырған аймақта кәсібін дөңгелетемін деген кәсіпкерлерге 25 жылға дейін салық төлеуде жеңілдіктер қарастырылмақ. Бұл бастаманы қызу қолдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда өңірге жасаған жұмыс жоспары барысында аймақты дамыту жөніндегі Жарлыққа қол қойған болатын. Осы секілді нәтижелі көрсеткіштер форумға қатысушы шетелдік қонақтарды, дәлірек айтсақ, инвесторларды қызықтырмай қоймады. Реті келгенде айта кеткен жөн, аталған халықаралық форумға ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев, Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйы-мының бас хатшысы Владимир Пискурев, «RIXOS HOTELS» президенті Фетах Таминджи, Туризмнің Еуразиялық Ассоциациясының президенті Рысты Қарабаева, Golden Camel компаниясының құрылтайшысы Еянг Джи, «DALHolding» компаниясының басшысы Демирджан Косе, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов және өзге де спикерлер белсенді түрде қатысып, Түркістан қаласының туризмін дамытып, облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге байланысты өз ойларын ортаға салды. Сонымен бірге «Туризм индустриясы — Қазақстан экономикасының жаңа драйвері», «Солтүстік-Оңтүстік экономикалық дәлізі» тақырыптарында және агроөнеркәсіп кешенін дамытуда-ғы адам капиталының рөлі жөнінде пікір алмасулар өтті.

Ақылды қалаға айналады

Әрине, қолда бар дүниені ұқсатып, артықшылықтарды пайдаға асыра білу ақыл-ой парасаттылығымен қатар іскерлікті, табандылықты талап етеді. Түркістанда өткен инвестициялық форумда өңірдің инвестициялық және туристік әлеуеті таныстырыла келе алдағы уақытта 4,8 миллиард АҚШ долларын құрайтын 26 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғаны айтылды. Осы және өзге де жаңа мүмкіндіктерді баяндаған облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлы: «Түркістан — талай жылдар бойы қазақ хандығының және түркі әлемінің саяси ордасы, рухани астанасы болған шаһар. Елбасымыз осынау көне қаланы облыс орталығы етіп, оны дамытуға ерекше ықылас танытып отырғаны белгілі. Бүгінде мемлекет тарапынан жалпы құны 2 миллиард АҚШ долларын құрайтын инвестиция құю жоспарланып отыр. Яғни, мұнда әуежай, әкімшілік-іскерлік орталығы және тұрғын үйлер бой көтеріп, Түркістан заманауи үлгідегі технология енгізілген ақылды қалаға айналатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде өңірдің экономикалық даму мүмкіндігіне қаныққан отандық және түрік компаниялары 100 миллион АҚШ долларынан асатын қаржы салып, 5 жұлдызды қонақ үйлер, ойын-сауық сауда орындары мен фитнес орталықтар ашуды көздеп отыр», — деп атап өтті.
Іскерлік қарым-қатынастың арқа-сында бірқатар келісім-шарттардың алғышарттары жасалды. Мәселен, аталған басқосуда Еуразиялық эконо-микалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Пискурев Түркістанның туризм саласындағы мүмкіндігін жоғары бағаласа, «DALHolding» компаниясының басшысы Демирджан Косе Түркістан облысында 200 гектар жылыжай мен цемент зауытын ашуға дайын екенін мәлімдеді. Ал Малайзияның «Nagasteel Equipment Sdn. Bhd.» компаниясының президенті Зайнул Азизан инфрақұрылым және өнеркәсіп салаларына инвестиция құюға әзір екенін айтты. Сондай-ақ «RIXOS HOTELS» қонақ үйлер желісінің президенті Фетах Таминджи, Еуразиялық туризм ассоциациясының президенті Рысты Қарабаева, «Қазақ туризм» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Рашид Күзембаев және өзге де спикерлер баяндама жасап, келешекте Түркістанды туризм көшбасшысына айналдыру бағытындағы ойларын ортаға салды.
Тарихи Түркістанның туризм саласын дамыту, соған сәйкес инвестиция тарту мүмкіндігі мол екені рас. Ресми мәліметтерге сенсек, өткен жылы облысқа 270 мыңнан астам саяхатшы келген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіш-пен салыстырғанда 40 пайызға артық. Жалпы алғанда, облыстың эконо-микалық және инвестициялық әлеуетіне қаныққан шетелдік қонақтар Түркістан өңірінде туризм, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларын дамытуға атсалысуға ниетті екендіктерін білдірді. Сондай-ақ Иран, Малайзия, Қытай елдерінен келген инвесторлар аймақта заманауи үлгідегі әлеуметтік нысандар салып, инрақұрылым мен сандық технологияны дамытуға күш салатынын да атап өтті.

 

19 меморандум, 1,7 миллиард доллар…

Кең ауқымда өткізілген форум нәтижесіз емес, алғашқы жетістіктері де бой көрсетіп қалды. Бұл турасында Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі былай деп хабарлайды: «Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Иранның «Ardabil Petrochemical Co» компаниясымен жалпы құны 205 миллион долларды құрайтын Онкологиялық орталық пен мұнай өңдеу зауытын салу жөнінде меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, қытайлық «Changchun Longyuan Power Equipment Co.LTD» компаниясымен Энергетика-лық құрылғылар мен бұйымдар жасау жөнінде құны 648 миллион АҚШ доллары көлеміндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. Ал Ресейдің «Green Land Alatau» ЖШС-і 180 миллион АҚШ долларына жылыжай кешенінің құрылысын жүргізетін болды.
Форум барысында тү-зілген меморандумға сәйкес, қытайлық «Shanghai Lianfu New Energy Science & Technology Group» компаниясымен 340 миллион АҚШ долларына күн энергиясымен жүретін электроавтобустар шығаратын зауыт құрылысын салу бойынша келісім түзілді. Сондай-ақ Түркиядан келген «Dogus Insaat ve Ticaret A.S.» өндіріс орны жалпы құны 100 миллион АҚШ долларына инфрақұрылым саласындағы жобаларды жүзеге асыруда әріптестік танытса, ирандық «Faradid Meehan» компаниясы 5 миллион АҚШ долларына кірпіш зауытының құрылысын жүргізетін болды.
Бұдан өзге, Түркістанда өткен Халықаралық инвестициялық жəне туристік форум аясында Малайзия елінен келген «Nagasteel Equipment Sdn. Bhd.» компаниясы арасында 100 миллион АҚШ долларына өңірде инфрақұрылымды және өнеркәсіп саласында ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылды. Алқалы жиынға келген түркиялық «Sallyr Bey Group» корпорациясы жалпы құны 15 миллион АҚШ долларына қой шаруашылығын өркендетуге бағытталған ферманың құрылысын жүргізбек.
Түркістан облысына инвестиция тартып, туризм саласын түлетуге бағытталған халықаралық жиында қытайлық «Jiangsu Huale Electric Co., ltd» компаниясы қуаттылығы 50 мВт-тық Күн электр станциясының құрылысына 50 миллион АҚШ долларын бағыттайтын болып келісілді. Ал Чехиядан келген «AGRAS zelatovice a.s.» ұйымы 20 миллион АҚШ долларына ақ жүгеріні қайта өңдейтін зауыт салатын болды. Сондай-ақ Қазақстан және итальяндық «Kazakhstan Project Preparation fund» біріккен кәсіпорны сапалы керамзит өндіретін зауыт құрылысына 17 миллион АҚШ долларын бағыттап отыр. Отандық «VMS» ЖШС-і Түркістан облысында туризм саласында инвестициялық жобалармен әріптестік таныту мақсатында 1,5 миллион АҚШ долларын бағыттамақ.
Форум нәтижесінде Қытай елінен келген «Chery Commercial Vehicle.,LTD» концерні жалпы құны 20 миллион АҚШ доллларына автокөлік шығаратын зауыт құрылысын жүргізсе, қытайлық «Хуавей Технолоджиз Казахстан» компаниясы Түркістанда «Ақылды қала» жобасы бойынша ынтымақтастық танытуда 10 миллион АҚШ доллар көлемінде инвестиция салатын болды. Ал польшалық «FCA» ұйымы 1 миллион АҚШ долларына талшықты-оптикалық сымдар және желілік құрылғылар өндіретін зауыт құрылысын жүргізбек. Сонымен бірге, ресейлік Еуразиялық банк Түркістан облысында инвестициялық жобаларға ынтымақтастық танытатын болса, Біріккен Араб Әмірлігінен келген «Al-Masood» компаниясы өңірде туризм саласын дамытуда әріптестік жасамақ. Аталған инвесторлар алдағы уақытта Түркістан қаласы мен облыс аумағында өз жұмыстарын бастайды. Нәтижесінде аймақта ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, туризм мен жеңіл өнеркәсіп өркендеп, өңірде жаңа өндіріс орындары ашылмақ».

Осылайша өңірдің мүмкіндіктерін жан-жақты баяндау арқылы қонақтардың сенімін оятқан облыс басшылығының іскерлік қарым-қатынас орнатудың арқасында шетелдік инвесторлармен құны 1,7 миллиард АҚШ долларын құрайтын 19 меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, Түркістан облысы әкімдігі мен Иран, Түркия, Чехия, Ресей, БАӘ, Малайзия, Италия, Польша, Қытай мемлекеттерінің инвесторлары арасында келісімдер жасалды. Енді осы келісімдер өміршеңдігін көрсетіп, форумнан бастау алған игі істер облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалын, елдің тұрмыс-тіршілігін көтереді деген сенім бар. Елбасы айтқандай, Түркістан 2-3 жылда-ақ еңсесін көтеріп, барынша өсіп-өркендейтін болады.

Шадияр МОЛДАБЕК