Адам ауруынан пайда тапқан жарнамалар алаяқтар қолымен жасалады

Қазіргі кезде жарнама деген аттап басқан сайын жағамыздан алып, саңырауқұлақтай қаптап кетті. Қала болсын, дала болсын, теледидар, ғаламтор, қалта телефон, смартфон болсын беттерін жарнамалар жаулап алғаны соншалық адамдардың жүйкелерін жұқартуға айналды. Сауда-саттықты қойшы, тауарларын алсаң аларсың алмасаң қоярсың, ал мына басы ауырып, балтыры сыздаған адамдарға қиын болды. Мынаны ішсең құлан таза айығып, мына жақпа майды жақсаң жазылып, аттай шауып кетесің деген аурудың сан түрін көрсетіп жарнамалайтын биологиялық белсенді қоспалар мен дәрі-дәрмектер көздің жауын алады. Ауырған адам қайтсын бір шипа болар ма екен деп далбасалап соларды сатып алып пайдалануға мәжбүр. Айтайық дегеніміз, бұл шөптерден жасалған биологилық қоспалардың, дәрі-дәрмектің бағасы 50-100 мың теңгенің ар жақ бер жағында. Үшеуін алсаң екеуін тегін береміз деп аңқау елге арамза молда болып, қалың халықты алдап ақша тауып жүрген орталықтардан сүрініп жығылатын болдық.
— Ағзаңдағы барлық дертке шипа болады деп теледидардың жүзінен жарнамасы түспей жүрген бір биологиялық белсенді қоспаны үш мәрте алып іштім, одан жазылып кеткенім шамалы болды. Басқа қажетті дәрі-дәрмекті пайдаланбай уақыт өткізіп алдым, — деп ренжиді Дәмелі апа. Бұл қоспалар үшін 200 мыңнан артық қаражатым кетті. Ол үшінде емес осыны ішіп алып, жағдайым жақсарып кетті деп теледидардан өтірікті шындай қылып жарнамалаған ақ жаулықты апалардың ақылына құлақ түргеніме өкінемін. Сөйтсем оларды теледидар, ғаламтор беттерінен сөйлету үшін ақы төлеп отыратынын кеш білдім.
— Адамдардың ауруын пайдаланып, ақша тауып, бизнес жасап жүргендердің қатары көбейіп кетті. Барлық ол дәрі-дәрмектер шет жақтан әкелінеді, тіпті сонау көк мұхиттың ар жағынан лек-легімен келіп жатыр. Содан біздің елдің адамдарының денсаулықтары жақсарып кеткен жоқ. Әйтеуір мал табудың оңай жолы, айла-тәсілдерінің біріне айналды дер едім. Сібірдің де неше түрлі шөптен жасалған қоспаларын алып, жақпа майларын пайдаландым. Ол да арзан емес, 100 мың теңге қаражатым шықты. Ешбір пайдасы болмады. Алғашында өз-өзіңді сендіргендіктен ба бір жеңілдік болғанымен соңынан бос далбаса екеніне көз жеткіздім, — дейді Сақатай апа.
Мұндай фактілер жетерлік. Айтайын дегеніміз, құны бір ірі қара мал тұратын БАД-тарды алып, пайдалану алдында өте сақ болған дұрыс. Хабарласа қалсаң тілінен майы тамған менеджерлері басыңды шыр көбелек айналдырып, тіпті тегін беріп тұрғандай болады. Бір тәулік өтпей жатып, сонау шетелден алынды деген шөптік дәрілерін қолма-қол ақшаңды алып. дедектеп жеткізіп береді. Алайда олардың барлығы Сіздің ағзаңыздың қуатын күшейтіп, тазартып, сауықтырып жіберді ме, жоқ па ол жағы беймәлім. Әйтеуір адамдардың қалтасын қағуға келгенде алдарына жан салмайды. Көбелектей қаптаған жарнамалардың барлығына сеніп сан ұрып қалмаңыз.
— Ғаламтордың да, смартфонның да әлемі «күл-қоқысқа» айналып барады. Аша қалсаң бірінші бетінде ауыз барып айта бермейтін жыныстық қатынасты жақсартады, еркектің күш-қуатын арттырады деген дәрі-дәрмек жарнамалары бадырайып шыға келеді. Шынымды айтсам мектептің оқушыларының барлығы қазір ғаламтор әлемінен ақпарат, мағлұмат іздейді ғой. Сонда осындай әбес жарнамаларды олар да оқиды. Осыған қатты қынжыламын. Бұған шектеу, тосқауыл неге болмайды? Ақша төледі екен деп ұрпағымыздың санасын бала кезінен уландыратын жарнамаларды жариялап бізге не көрінді? «Бояушы бояушы десе сақалын бояпты» дегенде мақал бар. Ғаламтордың пайдасы шаш етектен деп қаншалықты даурықсақта, оны да бір мезгіл тексеріп, тежеу керек шығар. Онсыз да жастарымызды жаман іс-әрекетке, оңай олжа, бас бұзарлыққа, ақша құмарлыққа итермелейтін бейне фильмдер мен ролик көріністер ақпарат әлемінде жетерлік емес пе? — дейді ұзақ жылдар бойы мектепте ұстаздық еткен Қабыкен ағай.
Расында бұл шындық. Өзім де күн сайын ғаламторда жиі отыратын болғандықтан көріп жүрмін. Тіпті бір ақпарат іздесең он жарнама шыға келеді. Одан құтыламын десең тағы да бірнешеуі пайда болады. Қаншалықты қажеті болмаса да оқып үлгересің. Мұндай нәрселерді адамдардың санасына салмақ түсіретін зорлықтың бір түрі дер едім. Жасөспірім балалар күн сайын пайдаланатын ғаламтор мен смартфондарды «сүзіп електен» өткізуге біздің мемлекеттің құзыреті жетеді емес пе? Әсіресе жалаңаш әйелдер мен жыныстық қарым-қатынасты жарнамалайтын жарнамаларға шектеу қоятын уақыт келді ғой.
Ал дәрі-дәрмекті, сан түрлі қоспаларды жарнамалайтын жарнамалар адамдарды жарылқамайтыны белгілі бола бастады. Құны арзан болса бір сәрі, тікелей пайда табуға бел шешіп кіріскен пайдакүнемдердің қармағына түсіп қалмаңыздар. Орыстың «Бір жеріңді емдесе екінші жеріңді жаралайды», — дегенде ащы мақалы бар. Адамның ағзасы өте нәзік, сондықтан ішкен дәрі-дәрмегіңіз, қоспаңыздың барлығы дене мүшеңізге тарайды. Біреуін емдеймін деп екіншісіне зиян тигізіп алмаңыз. Шетелде өтпей қойған соң арзан бағамен алып келген қоспаларын, дәрі-дәрмектерін он есе қылып сатып, қарт адамдардың, зейнеткерлердің, көпбалалы аналардың, ауруға ұшырағандардың қалтасын қағып үйренгендердің дәуірі жүріп тұр. Терлемей пайда табатын алыпсатарлар адамдардың ауруынан да ақша жасауға машықтанып алған. Сондықтан саңырау құлақтай қаптаған жарнамалардың жарылқай бермейтіні қаперіңізде болсын!

Нұрила Бектемірова