ТҮРКІСТАН: МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДА ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН 218 ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Жыл басынан бері Түркістан облысының жастарына 182 мыңнан аса медициналық қызмет көрсетіліп, оған 431 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Ал, қазіргі таңда еліміз бойынша қалалық, аудандық емхана мен жекеменшік клиникаларда барлығы 218 денсаулық орталығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жұмыс істейді. Бұл жөнінде «Әлеуметтік сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев хабарлады.

«Орталықта негізінен 12–17 жас аралығындағы жасөсіпірімдерге және 18–29 жастағы жастарға кешенді медициналық-әлеуметтік және психологиялық көмек беріледі. Басты мақсат – жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, репродуктивті денсаулықты қорғау, оның ішінде ерте жыныстық белсенділік пен ерте жүктіліктің алдын алу, контрацептивтерді қолдану, отбасын жоспарлау және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы ақпараттандыру» – дейді Асхат Асанұлы.

Жастар денсаулық орталығы — пациенттердің медициналық көрсеткіштеріне қарай, кешенді диагностикалық, емдеу, кеңес, профилактикалық, медициналық, әлеуметтік, зертханалық зерттеулер және оңалту шараларына жолдама береді. Акушер-гинеколог, психолог, уролог-андролог, психотерапевт, психиатр, дерматовенеролог, әлеуметтік қызметкер және фельдшер мамандар қабылдау жүргізеді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі