Түнгі қалада – тәртіп сақшылары

Оралдық тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру, оларды құқықбұзушылық әрекеттерден қорғау сынды мәселелерді назардан тыс қалдырмайды. Күні кеше басталған «Түнгі қаладағы балалар» атты рейдтік іс-шара – сондай жұмыстардың бір көрінісі.

Ағымдағы жылдың қараша айының 3-8-і күндері аралығында Орал қаласы аумағында кәмелетке толмағандардың тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» атты профилактикалық рейдтік іс-шарасы өткізіледі. Бұл жөнінде Орал қалалық полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналдық полиция бөлімшесі хабарлады.

Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандарға алкогольдiк iшiмдiктердi, темекі өнімдерін сату жағдайларын болдырмау, түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуын анықтау, олардың құқықтық сауаттылығын жоғарылату. Сонымен қатар кәмелетке толмаған жеткіншектерді құқықбұзушылыққа итермелеп, қылмыс жасауға тартатын ересек адамдарды анықтау.

«Аталған мерзім аралығында Орал қалалық полиция басқармасының жеке құрамы жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық деректерінің жолдарын кесу бағытында жұмыстанатын болады» деп хабарлады ювеналдық полиция бөлімшесі.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы