Түркістандық ұстаздарға құрмет көрсетілді
Киелі Түркістан қаласында Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлт рухының шамы» атты мерекелік шара өтті. Салтанатты жиынға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, зиялы қауым өкілдері мен ардагер ұстаздар, білім саласының қызметкерлері қатысты. Мерекелік кеш мәдениет үйінде ұйымдастырылып, оқушылардың «Ұстазға хат» көрінісі мен өнерпаздардың би және музыкалық композицияларымен басталды. Шара барысында ұстаздарға құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдағы рөлі ерекше аталып өтті.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар білім саласының үздіктеріне Ыбырац Алтынсарин медалін және арнайы алғыс хатын табыстап, ұлағатты ұстаздарға алғысын білдірді. «Ұстаздық – ең ұлағатты кәсіп. Сіздер жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, болашаққа жол ашып, қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Бүгінде Түркістан қаласының білім сапасы облыс көлемінде алдыңғы қатардан түспей келеді. Бұл – Сіздердің еңбектеріңіздің жемісі» деді қала басшысы.
Мерекелік кеште қалалық өнерпаздар мен оқушылардың орындауындағы «Ұстазға тағзым», «Ұстазым» көріністері мен оқушылардың арнаулары ұстаздар қауымына деген ерекше құрметтің көрінісіне айналды.
Бүгінде Түркістан қаласында 88 мектеп жұмыс істеп тұр, оның 50-і – жеке меншік мектептер. Жалпы қала бойынша 56 мыңға жуық оқушы білім алуда. Сондай-ақ, 150 мектепке дейінгі ұйымдарда 17 мың бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұл – білім саласына мемлекетпен қатар, кәсіпкерлердің де ерекше көңіл бөліп отырғанының айғағы. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасалып, жаңа оқу бағдарламалары мен инновациялық әдістемелер енгізілуде. Қала әкімінің айтуынша, алдағы уақытта да Түркістан қаласында білім беру саласы жүйелі түрде дамып, шәкірттердің сапалы білім алуына барлық мүмкіндік жасалмақ.
Түркістан қаласы



