Түркістандық ұстаздар елордада білімін шыңдады

Еліміздің болашағы білімді әрі сау ұрпақтың қолында. Сондықтан да олардың жастайынан тәрбиелеу маңызды дейді мамандар. Иә, ол үшін отбасынан бөлек мектептің алар орны ерекше. Осы бір жауапкершілікті сезінген ұстаздар қауымы өздері де әркез білімін шыңдап отыратыны анық. Астана қаласындағы «Spektrum» халықаралық мектебінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы (ALTYNSARIN AKADEMIASY) және Орта білім беру комитетінің ұйымдастыруымен «Негізгі және жалпы орта білім: өзгерістер, басымдықтар және даму бағыттары» тақырыбындағы республикалық Жазғы сессия жоғары деңгейде өтті. Сессияға Түркістан өңірінен 15 педагог қатысты.

Екі күнге созылған тағылымды алаңда еліміздің жетекші сарапшылары мен тәжірибелі педагогтері баяндама жасап, шеберлік сабақтары мен тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастырды. Қатысушылар білім берудегі заманауи үрдістерді талқылап, оқыту мен тәрбиенің жаңа тәсілдерін меңгеріп, тиімді педагогикалық тәжірибелермен бөлісті.Жазғы сессияның қорытындысында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Кездесуде педагогтер жаңа оқу жылына дайындық, білім мазмұнын жаңарту, мұғалімдерді әдістемелік қолдау, жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде қолдану және өзге де өзекті мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Іс-шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, республикалық деңгейдегі кәсіби тәжірибе алмасу алаңы өз жұмысын табысты қорытындылады.

Түркістандық бастауыш мектеп мұғалімдері де жақында елордадағы республикалық сессияда тәжірибе алмасқан болатын. Еліміздің бас қаласы – Астанада өткен «Бастауыш мектеп: сапалы өзгерістер мен кәсіби даму» тақырыбындағы республикалық жазғы сессияға Түркістан облысынан 10 педагог қатысып, бастауыш білім беруді жетілдірудің өзекті бағыттарын талқылады. Екі күндік семинарда білім сапасын арттыру, «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы, «Заң мен Тәртіп» қағидаты және жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу мәселелері кеңінен қарастырылды. Педагогтер жаңа оқу жылына дайындық аясында заманауи оқыту тәсілдері бойынша тәжірибе бөлісті. Сессияның қорытынды күнінде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен ашық диалог ұйымдастырылып, мұғалімдер бастауыш білім мазмұнын жетілдіру, әдістемелік қолдау және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Республикалық жазғы сессия педагогтердің кәсіби біліктілігін арттырып, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтқан маңызды алаңға айналды. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Жазғы сессияның басты мақсаты Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы, «Заң мен Тәртіп» қағидаты және жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу аясында 2026-2027 оқу жылының басым бағыттарын тиімді жүзеге асыру бойынша педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру болып саналады.