Түркістандық шахматшы Азия чемпионы атанды

Түркістандық шахматшы Сұлтанхан Нұрислам Орталық Азия чемпионатында блиц шахматынан топ жарып, чемпион атанды. Ал рапидтен күміс жүлдеге ие болды. Дарынды спортшы 7 тур қорытындысы бойынша 6,5 ұпай жинап, 86 қатысушы бақ сынаған халықаралық додада жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бұл Түркістан спорты үшін үлкен жетістік әрі жас спортшыларға үлгі болатын жеңіс. Бірлігі мен тіршілігі жарасқан Түркістан қалалық Балалар және жасөспірімдер спорт клубы осылайша үлкен қуанышқа бөленіп отыр.

Клубтың жас шахматшысы дүбірлі шахмат додасында қос бірдей медальға ие болғаны өзге де қатысушыларға үміт сыйлады. Әрине бұл тек бір спортшының ғана емес, оны тәрбиелеген бапкерлердің, ата-анасының және туған елінің ортақ жеңісі. Сонымен қатар әр жүрісте табандылық танытып, әр партияда қайсарлық көрсеткен Нұрисламның еңбегі бүгін үлкен жеңіспен өрнектелді. Азия төрінде көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатқан жас чемпионға мың алғыс! Бұл жеңіс – Түркістан өңіріндегі шахматтың қарқынды дамуының, жүйелі еңбектің және жас таланттарға көрсетілген қолдаудың айқын көрінісі.