Түркістандық қос шахматшы Қытайда өткен Азия чемпионатынан олжалы оралды
Түркістандық қос шахматшы Қытайда өткен Азия чемпионатынан олжалы оралмақ. Олар ел намысын қорғап, көк туымызды биікте желбіретті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту мен жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта елімізде шахмат спорты кеңінен қанат жайып, түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып, дарынды жас шахматшылардың жаңа буыны қалыптасуда.
Көршілес Қытай елінде шахматтан Азия чемпионаты спортсүйер қауымның назарын аударды. 16-24 шілде аралығында өткен ауқымды жарысқа 29 ел мен аумақтан мыңға жуық спортшы қатысты. Бұл сайыс ұлдар мен қыздар үшін алты жас категориясында (U8, U10, U12, U14, U16 және U18) және барлық үш уақыт бақылауында, атап айтқанда классика, рапид және блиц бойынша бөлек өткізілді. 16 жастағы ұлдар арасындағы командада түркістандық Қанжарбай Медет үздік ойын көрсетіп командалық есепте блицтен жүлделі екінші орынға ие болды. Ал 10 жастағы ұлдар командасы классикадан екінші орын, блицтен бірінші орын иеленді. Команда құрамында түркістандық Сұлтанхан Нурислам бар. Алып елде Қазақстан шахматшылары биік белесті бағындырып, еліміздің абыройын асқақтатқаны ерлікпен тең деуге болады. Осылайша Нұрланәлі Сыздықов басқарып отырған Балалар және жасөспірімдер спорт клубының жас шахматшысы Сұлтанхан Нурислам бір алтын, бір күміс медальмен елге оралып жатыр. Қазақстан командасының белді мүшесі Нурислам 10 жастағы 134 шахматшының арасынан жекелей есепте алғашқы ондыққа енді
Зияткер ұлт қалыптастыру – әділ әрі өркениетті қоғам құрудың негізгі тетіктерінің бірі. Түркістан қаласында бұқаралық спортты дамыту, өсіп келе жатқан жас ұрпақты жүйелі түрде дене шынықтыру мен зияткерлік ойындарға баулу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда өңірде 486 мыңнан астам бала түрлі спорт секцияларына қатысса, соның ішінде 24 мыңнан астам оқушы шахмат үйірмелерінде тұрақты түрде өз шеберліктерін шыңдап келеді. Бұл айқын көрсеткіш аймақта ойлау мәдениеті мен интеллектуалдық спортқа деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын дәлелдейді.
Халықаралық шахмат федерациясының бастамасымен 1966 жылдың 20 шілдесінен бері дүниежүзінде Халықаралық шахмат күні аталып өтіледі. Шахмат – жай ғана ойын емес, ол адамның бойында терең талдау жасау, логикалық ойлау, стратегиялық жоспар құру, сабырлылық пен өз бетінше шешім қабылдау сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастырады. Оқушылар арасында бұл ойынды кеңінен дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Ұлттық мектеп лигасы» жарысына 11 мыңнан астам оқушы қатысып, бағын сынады. Мұндай бұқаралық жарыстар жастардың жеке шеберлігін арттырып қана қоймай, бойларында ұйымшылдық, өзара қолдау, достық пен командалық жауапкершілік құндылықтарын ұялатады. Шахмат сияқты парасатты спортты өркендету – білімді, патриот әрі біріккен зияткер ұлтты қалыптастырудың берік негізі болып қала береді. Шахмат – ақыл-ой спорттарының төресі, парасат пен пайымның, сабыр мен стратегиялық ойлаудың мектебі. Сан ғасырлық тарихы бар бұл зияткерлік ойын адамның логикалық ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, төзімділікке, жауапкершілікке және алға ұмтылуға тәрбиелейді. Сондықтан да Халықаралық шахмат күні – ақыл-ой спортының мерекесі ретінде әлемнің көптеген елдерінде кеңінен аталып өтеді. Мұндай мерейлі сәт шахматтың дамуына үлес қосып жүрген жаттықтырушылардың, спортшылардың, ардагерлер мен және барша шахматсүйер қауымның қуанышына айналары анық.

