Түркістандық әжелер рухани-танымдық саяхатқа шықты

Қасиетті мекендерге зиярат жасау ұлттық құндылықтарға құрметтің белгісіндей. «Қоғамдық келісім» мекемесінің бастамасымен Аналар кеңесінің мүшелері, облыстық кеңес жанындағы Әжелер ансамблінің өкілдері және Сауран аудандық Аналар кеңесінің мүшелері Бәйдібек ауданындағы қасиетті Ақмешіт әулие үңгірі мен Домалақ ана кесенесіне рухани-танымдық зиярат жасады. Тағылымды сапарға Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Майдантал, Бабайқорған, Жүйнек, Шорнақ және Жібек жолы ауылдарынан жиналған 50-ден астам ана қатысты.

Ақмешіт әулие үңгірі – табиғаттың ерекше жаратылысы саналатын, ғасырлар бойы халықтың тағзым етіп келетін киелі орындарының бірі. Биік күмбезді үңгір өзінің қайталанбас табиғи құрылымымен ерекшеленіп, ел арасында рухани тазару мен ізгі тілек тілейтін қасиетті мекен ретінде кеңінен танылған. Ал Домалақ ана кесенесі – қазақ халқының бірлігі мен берекесінің символына айналған, аналық парасат пен даналықтың үлгісі болған Домалақ анаға арналған қасиетті орын. Бұл кесене бүгінде елдің түкпір-түкпірінен келетін зияратшылардың тағзым ететін маңызды рухани орталықтарының бірі саналады.

Танымдық сапар ұлттық құндылықтарды дәріптеу, аналардың рухани бірлігін нығайту, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беруде отбасы институтының маңызын арттыру және қасиетті мекендердің тарихи-рухани мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған. Мұндай тағылымды кездесулер мен рухани сапарлар ұлттық болмысты сақтауға, үлкенге құрмет пен кішіге ізет қағидаларын дәріптеуге, қоғамдағы татулық пен келісім құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.